Жастар.kz

«Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі»

Жастармен жүйелі жұмыс нәтижеге жеткізеді

«Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасында жастар игілігін қамтитын бірнеше міндеттерді іске асыру көзделген. Солардың қатарында жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға айрықша басымдық берілгендігі белгілі. Осы орайда, басқарма тарапынан мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар өткізу жолға қойылған. Ағымдағы жылы басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өмірлік қиын жағдайдағы жастарды әлеуметтендіру, ортаға бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбы аясында тиісті жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Тапсырыс шеңберінде барлық аудандар мен Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарын қамти отырып, жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу профилактикасы бойынша ұсынымдар дайындалмақ. Сондай-ақ, 14 пен 29 жас аралығындағы қылмыстық жауапкершілікке тартылған, түзету мектептерінде білім алушы, арнайы емдеу мекемелерінен шыққан және жазасын өтеп, босатылған жастармен тығыз байланыс орнату және оларға құқықтық, психологиялық кеңес беру, өмірге бейімделуге көмектесу басты назарда.

Сонымен қатар, «Волонтерлер мектебінің жұмысын үйлестіру, жүргізу және олардың әлеуетін кеңінен пайдалану бағытындағы шараларды үйлестіру» тақырыбы аясында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру, із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу процесіне волонтерлерді тарту көзделген. Бұдан бөлек, басқарма мен мүдделі мекемелердің, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған бірлескен жұмыстарының 2018-2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленді. Аталмыш Тұжырымдама аясында әлеуметтік осал топтағы 1 500 жаспен құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Тағы сол сияқты, мекеме Жамбыл облысының «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығымен бірлесіп, өзара ынтымақтастық бойынша меморандум әзірледі. Әріптестік аясында биылғы сәуір айында Тараз қаласындағы «Premier Казахстан» кинотеатрында өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық мәдени мұраны насихаттау мақсатында Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына орайластырылып түсірілген отандық «Әміре» фильмін тамашалау ұйымдастырылды. Аталған фильмді тамашалауға Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының 500-ге жуық студенттері мен осал топтағы жастары қамтылды.

Бұдан бөлек, облыс орталығында орналасқан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында семинарлар мен акциялар, есепте тұрған, тәрбиесі қиын жастармен кездесулер, түрлі әлеуметтік, құқықтық және психологиялық мәселелер бойынша арнайы мамандардың қатысуымен қоғамдық қабылдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Айталық, Тараз қаласында орналасқан арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша «Жастар арасында қылмыстың алдын алу жолдары» және «Кәмелетке толмаған жастардың қылмыстық жауапкершілігі» тақырыбымен кездесулер өтті. Шараға қалалық 1, 2, 3-пробация бөлімінің қызметкерлері, қалалық ішкі істер басқармасы ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы мен облыстық «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының мамандары қатысып, студент жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Тараз қаласы мен аудандарда жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған жастарды қоғамға бейімдеп, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кәсіпкерлік дағдыларын үйрету мақсатында кездесулер өткізілді. Аталған шараларға аудандық пробация қызметі, «Жұмыспен қамту орталығы», жергілікті полиция қызметі, өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы, аудандық прокуратура және жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысып, түрлі бағыттағы кеңестер берді. Жалпы, кездесулерге 323 адам қатысса, оның ішінде 232-сі пробация қызметінің есебінде тұрған жастар. Сонымен қатар, жоғары және орта кәсіби оқу орындарында жергілікті полиция қызметінің мамандарымен бірлесе отырып «Қылмыс — қоғам дерті», «Жастар құқығы», «Кәмелетке толмаған жастардың қылмыстық жауапкершілігі», «Жастар арасында қылмыстың алдын-алу жолдары» тақырыптарында семинарлар және «дөңгелек үстел» отырыстарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейді дана қазақ. Дәл осы даналықтың өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты айтылғандығын аңғару қиын емес. Ендеше, егемен еліміздің ертеңі саналатын жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған шаралардың көп күттірмей өз нәтижесін беретіндігіне нық сенімдіміз.

Мәди МӘТЕН,
облыс әкімдігі жастар саясаты
мәселелері басқармасының басшысы

ПІКІР