Қан майданның қаһармандары

0 0

Бабалар кетіп, балалар келетін өмір заңдылығымен біздің бейбіт таңымыз үшін бораған оқтың астында мұз жастанып, қан кешкен қаһармандардың қатары да күн санап сиреп барады. Мәселен Т.Рысқұлов ауданында қазіргі таңда көзі тірі үш-ақ ардагер бар. Олар қасіретті де сұрапыл жылдардың тірі куәгерлері. Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай жеңісті жақындатқан жампоздарға жеке тоқталуды жөн көрдік.

Құлан ауылында тұратын Жақан Мырзахметұлы небары 18 жасында, яғни 1942 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына алыныпты. Ол Саратов облысының Энгельс қаласының маңында Переюжное селосында 227-полк, 3-ротада генерал Чуртковтың әскерінің құрамында қатардағы жауынгер ретінде екі ай әскери дайындықтан өтеді. Әскери өмірдің шапшаң қимыл, батыл әрекетіне дайындалған полкты 4 кемеге бөліп, Волга өзені арқылы Украинаның Николаевка қаласына алып барады. Қарт майдангердің жасы 100-ге жуықтаса да ол күндер жадынан өшпепті.
– Қазір қарасам 18 жас дегенің әлі аузынан ана сүті кетпеген баланың жасы екен ғой. Бірақ бізді сол бір сындарлы сәттер тез есейткен шығар, бәлкім. 1942 жылы 12 қарашада жауынгерлерді Сталинградқа алып барды. Сол жерден өзімізге қорғаныс жасадық. 19 қарашада шабуыл басталды. Содан 1943 жылдың 26 ақпанына дейін сонда болдық. Кескілескен шайқастың нәтижесінде мұндағы майданымыз біздің жеңіспен аяқталды. Содан соң бізді Котельников қаласы бағытына жібереді. Сол сапарда Украинаның бірнеше қалаларын азат еттік. Молдова, Румыния, Венгрияны жаудан тазарттық, – деп қарт майдангер қасіретті күндерді тебірене еске алды.
Соғыс шебінде 51-дивизияда пулеметші болып, асқан ерлік көрсеткен Жақан атай 1949 жылы елге оралыпты. Тағдыр жазып Күлшаш есімді арумен шаңырақ көтеріп, 6 ұлдың әкесі атанды. Соғыстан аман қайтып, елге келгеннен соң ұжымшарда әр түрлі жұмыстар атқарды. «Восток» ұжымшарында бір жылға жуық есепші, одан әрі 1952 жылға дейін ауылдық кеңесте хатшы қызметін атқарыпты. Шымкент қаласында агроном мамандығы бойынша білім алып, 1956 жылы «Абай», кейін «Восток» ұжымшарында агроном, бригадир болып, зейнетке шыққан. Майдандағы ерлігі үшін «Маршал Жуков», ал елдегі еңбегі үшін «Тың және тыңайған жерді игеру» және Жеңістің бірнеше мерейтойлық медальдарымен марапатталған Жақан атай алдағы 26 мамырда 96 жасқа толады.
Дәл сондай 18 жасар бозбала шағында қанды соғыстың қыр-сырын үйреніп, аяусыз шайқасқа кірген майдангер Игенбек Құрбанов бүгінде Көгершін ауылында тұрады. Сұм соғыстың ауыр естеліктерін қарт майдангер былайша еске түсірді:
– Өрімдей жас кезімізде майдан шебіне Шымкент қаласынан 36 жігіт аттандық. Екі ай Алматы қаласында әскери өмірге дайындалдық. Содан Қазан қаласына жіберді. 27 күн бойы мергендікті оқыдым. 1942 жылдың қараша айында Волга өзені арқылы Саратовқа өттік. Жолымыз 6 күнге созылды. Сол жерде далада, қамыстың ішінде су жерді жастандық. Бірқатар жолдастарымыз жолда зорығып қайтыс болды. Мойнымызға дейін жететін суды кешіп, одан да асып өттік. Бірден шайқасқа кірдік. Өлген адамдар жатқан окопта бой тасалап, атысқа кірістік. Ротада жаяу әскер қатарындамын. Командирдің бұйрығымен штабқа келе жатқан кезекті бір сәтімде бомбаның астында қалдық. Қаншама арпалыста әйтеуір бір амалын тауып аман қалып жүріп, бұл жолы жараландым. Медициналық пунктке жеткізгенімен ауыр жағдайда әкелініп жатқандардың көптігінен 1 тәулік бойы қараусыз жаттым, жарам да таңылмады. Содан 2 тәуліктен соң параход келіп, бізді алып кетпек болды. Есімнен танып қалыппын, су да ұрттамағанмын. Өлгендерді тасып жатқанда мен де солардың қатарында кете жаздадым. Әлдебір «жив» деген сөзді құлағым шалып, ес жидым. Параходпен 8 тәулік жүріп Уляновскіге келіппіз. Сол жерде жараланған қолымды көрген емдеушілер кесетіндерін айтқанда, қатты қиналдым. Әйтеуір сәтін салып, қайдан келгені белгісіз бір қазақ командир кіріп келді. Менің жаныма жақындап келіп, басымнан сипап, «Қазақсың ба?» дегенде әзер шыдап отырған жаным шырқырап, еріксіз жылап жібердім. Сол кісі араша түсті. Новосібірге жіберіліп, ол жақта 4-5 ай жаттым. Бетім бері қараған соң, елге қайтарды. Әке-шеше, туыстарымның ортасына келіп, ес жиып, айықтым. Ата-анама келін түсіріп, отауымды құрдым. Шымкенттен 1948 жылы Луговойға қоныс аудардық, – деп қарт майдангер жас үйірілген жанарларын жасырып, сөзінің соңын ақ батасымен аяқтады.
Еліміздің тыныштығын, амандығын күндіз-түні Тәңірден тілеп жүрген қазыналы қарияның бірі Асаубай Сүлейменов – 99 жастағы қарт майдангер. Бал балалықпен қош айтысып, жастықтың жалына енді жармасқан шағында ауылына «соғыс басталды» деген суық хабар жетеді. Ел ішіндегі қару ұстауға жарамды азаматтар атқа қонғанда бозбала Асаубай да солармен бірге әскерге алынады. 362-атқыштар полкінде бір ай дайындықтан өтіп, 201-атқыштар полкінің құрамында Оңтүстік Дон майданына аттанады. Сол жерде ауыр жараланып әскери госпитальға түседі.
– Үш ай емделіп, жарақатым жазылып, күш жиған соң Сталинград шайқасына қатыстым. Сол шайқаста тағы да ауыр жараланып, госпитальге түстім. Ем-дом алып, айыққан соң, жеңілдетілген 114-теміржол әскери батальонына жіберді. Соғыстың аяғына дейін сонда болдым. Жеңісті Германияда қарсы алдым. Сол сәттегі қуанышты тілмен жеткізу мүмкін емес. Жеңіске жеткеннен кейін де біз үш жыл әскер қатарында қызмет еттік. Содан соң тамыз айында елге оралдым. Зейнетке шыққанша шаруашылықта қой, сиыр бағып, трактор жүргіздім. Шүкір, еңбегіміз ескерусіз қалған жоқ. «Ерім» деген елімнің құрметін көрдім. Қазір де елімнің көрсетіп жатқан құрметі аз емес. Бәрі үшін Тәңірге сансыз тәубе! Жаратқан Ием елімізді бейбітшіліктің бақытынан, Тәуелсіздіктің тағынан айырмағай! – деп ғасыр жасаған ата ақ тілегін ақтарды. Көкірегі шежірелі, өмірі өнегелі, көргені көп ардагердің ақ батасы қабыл болсын!

Қамар Қарасаева,

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.