Диагноз

Қан плазмасы вирус жұқтырғандарға қаншалықты көмектеседі?

Written by Aray2005

Бүгінде әлем елдері коронавируспен күресте түрлі амалдар жасап жатыр. Ел медицинасы да індетті ауыздықтауда аянып қалып жатқан жоқ. Алайда кеселдің «кісендеуге» көнбей жатқаны шындық. Сол себепті Жамбыл медицинасы коронавируспен ауырып, жазылып шыққан науқастардың қанын емдік мақсатта қолдану бағытындағы жұмыстарды қолға алды. Алайда қан ауыстыру аурудан айықтыра ала ма?

Облыстық қан орталығының директоры Гулам Омаровтың айтуынша, коронавирустан жазылып шыққан адамдардың қанында індетке қарсы тұратын антиденелер қалыптасады екен.
– Ауырып жазылған адамдардан алынған плазманы құю кез келген жұқпалы ауруларды емдеудің тиімді әдістерінің бірі болып табылады. Бұл әдіс жаңалық емес. Дәрігерлер бүкіл әлемде жұқпалы аурулардың әртүрлі өршуі кезінде плазма құюды қолданады. Қазіргі таңда Германия, Франция, АҚШ, Ресей және басқа да елдерде коронавирусқа қарсы плазманы қолдану әдісі кең көрініс табуда. Мәселен Қытай мемлекетінде індет жұқтырып, жазылып шыққан адамдардың плазмасын қолдану жақсы нәтиже көрсетті. Енді біз де осы бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, қан ауыстыру тәсілін қолданғалы жатырмыз, – дейді Г.Омаров.
Жалпы бұл антиденелер қалай қалыптасады? Мамандардың сөзіне сүйенсек, ауру процесінде адам ағзасының иммундық күші белсенділігін арттырып, ауру қоздырғыштарына қарсы антиденелер қалыптасады екен. Алайда бұл біреуде көп болса, екіншісінде аз болады. Адам дерттен айыққаннан кейін бұл антиденелер қан плазмасында қалады. Ал бұл плазмамен өзге науқастарды да емдеп шығу мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда науқастарда пассивті иммунитет қалыптасады, ол өз иммундық жүйесін толық белсенді етуге және өз антиденелерін шығаруға мүмкіндік туғызады.
Әрине плазма коронавирустың панацеясы емес, ол емдеудің басқа түрлерімен бірге қолданылады және адамның сауығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Алайда Гулам Омаров коронавируспен ауырған әрбір адамға плазма құю қажет еместігін айтады.
– Процедураны ең ауыр науқастарға ғана қолдану қажет. Плазманы да жазылып шыққан сондай науқастардан алған жөн. Әдетте олар сауығудан кейін бірінші кезекте антиденелерді береді. Қазіргі таңда орталыққа донорлар өткізген қанды барлық ауруханалар қолданады. Бірақ дәл осы қан плазмасынан науқастар жазылып кетіп жатыр деп айту мүмкін емес. Бұл өзге ем-дом шараларына көмекші ретінде жүреді. Алайда бір анығы қан плазмасын қолдану арқылы аурулардың тамаққа деген тәбеті ашылып, бойына қайта күш-қуат келіп жатыр.
Дәл қазір орталыққа 35 донор қан өткізді. Донорлар плазманы әдетте тегін тапсырады, дегенмен біз оны ақылы негізде де алудамыз. Барлық жағдайды түсіне отырып, төлем талап етпей жатқандар да бар.
Донор болғысы келетіндер сall-орталығына қоңырау шалса, біздің мамандар бұл адамның донор бола алатындығын, әлде жоғын анықтайды.
Плазма алу – плазмаферез деп аталатын қауіпсіз және ауыртпалықсыз процесс. Ол 40 минутқа созылады, – дейді дәрігер.
Өкінішке қарай, коронавирус ауруымен ауырғандардың барлығы донор бола алмайды екен.
– Әрбір ауырып жазылған адамда жеткілікті антиденелер бола бермейді. Уақыт өте келе ол тіпті төмендейді. Сондықтан біз алдымен қандағы антиденелердің бар-жоғын және олардың қанша екенін анықтаймыз. Егер олар көп болса, қабылдаймыз, аз болса онда мұндай адам иммундық плазманың доноры бола алмайды, – дейді Гулам Омаров.
«Арай» медициналық орталығының дәрігер-реаниматологы Айдарбек Әбдіғалиев плазма доноры болғандардың бірі.
– Індет жұқтырғаннан кейін емделудің бірнеше сатысынан өтіп, қажетті ем-домның бәрін қабылдадым. Кейінгі тестім теріс шыққаннан кейін, өзім үшін қанымда ауруға қарсы тұратын иммунитет болса, бөлісуім керек деп шештім. Бұл менің дәрігер ретіндегі әрі азаматтық парызым. Қазір мен сияқты донорлардың көмегі медицинаға ауадай қажет. Біз тек осылай жұдырықша жұмылу арқылы, індетті жеңе аламыз. Сондықтан коронавирустен жазылып шыққан барлық жандарды қан орталығына келіп, қан тапсыруға шақырамын, — дейді дәрігер-реаниматолог.
Шынында қазіргідей қиын жағдайда қандай көмек болмасын артықтық етпейтіні белгілі. Егер Жамбыл медицинасы қан плазмасы арқылы коронавирусты емдеу мүмкіндігін анықтап жатса, бұл тұтас мемлекет үшін тығырықтан шығар жол екені даусыз. Сондықтан донор болуға асығыңыз, ағайын! Бәлкім дәл сіздің қаныңыз ажал аузында жатқан адамды аман алып қалар!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР