Каналдар бетондалып, қоймалар салынса

0 43

ШАРУАЛАРҒА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ СЫЛТАУ БОЛМАЙДЫ

Облысымызда су тапшылығы талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Егер маңызды мәселені түбегейлі шешу тек қаржыға келіп тірелетін болса, су тапшылығынан әлдеқашан құтылар едік. Өкінішке қарай қаржыға емес, көршілес мемлекетке тәуелді болғандықтан да мәселенің түйіні толыққанды тарқатылмай тұр.

 

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, облысымызда жерүсті су ресурстарының 80 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. Жалпы пайдаланатын су ресурстары 4,22 миллиард шаршы метр болса, 3,1 миллиард текше метр ағын су Қырғыз Республикасында жинақталады екен. Қалған 1,12 миллиард текше метр облысымызда жинақталады. Міне, осы цифрлардан-ақ Алатаудың арғы бетін жайлаған айырқалпақты ағайындарға қаншалықты тәуелді екенімізді аңғаруға болады.

Дегенмен су тапшылығына қарамастан, кейінгі жылдары өңірімізде облыс әкімінің тапсырмасына сай егін шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мақсат белгілі. Облыс нарығын жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, құбылмалы бағаны тұрақтандыру. Тиісінше жамбылдық жер емген диқандар да бау-бақша, көкөніс егіп, табыс тайқазанын тасытуға ниетті. Облыс әкімдігінің қолдауы да ынталарын оята түсуде. Алайда су тапшылығы талайдың қолын байлап отыр.

Сол себепті де облыс әкімдігі тарапынан шаруалардың жігерін құм етпей, керісінше жану мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынған. Одан бөлек вегетация кезеңінде ағын суға тәуелділікті азайту мақсатында «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес 3 индикатор бекітілген болатын. Ал тапсырмаларды тиянақты орындау бірқатар салалық мекемеге сеніп тапсырылған. Әсіресе «Қазсушар» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының облыстық филиалына артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Аймақ басшысы берген тапсырмалардың және индикатордың бекітілген көрсеткіштерінің орындалуын білмек мақсатта жуырда филиалға арнайы ат басын бұрып, атқарылған жұмыстармен танысып, алдағы жоспарларға қанығып қайтқан едік.

Филиал директоры Қазыбек Қошқарбекұлының сөзіне сүйенсек, мекеме мамандарының қажырлы да табанды еңбегінің арқасында бірнеше жылда көп жұмыс жасалыпты. Алдағы жоспар да аз емес. Мәселен «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» бірінші индикаторы бойынша облысымыздың 5 ауданындағы (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі) су шаруашылығы нысандарына «Еуропа қайта құру және даму банкі» есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 31 жоба бойынша қайта жаңғырту жұмыстарының мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстарын атқаруда. Жаңғырту жұмыстарының жалпы құны – 21,5 миллиард теңгені құрайды. Жобаның жүзеге асуымен 1388,047 шақырым (жерарна – 945,894 шақырым, бетонды канал –
442,153 шақырым) болатын 310 нысан күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Ағымдағы жылдың 5 мамырына дейін нақты 86,662 шақырым каналды бетонмен қаптау және 188,863 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 5,27 миллиард теңге игеріліпті. Ал қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған соң 51,271 мың гектар суармалы алқап қайта айналымға енеді деп жоспарлануда.

– Жалпы Шу, Талас өзендері бассейніндегі су ресурстарының негізгі мөлшері ағын су ретінде пайдаланылады. Біздің облыс Қырғызстан жағынан 1983 жылғы ҚСРО-ның Су шаруашылығы министрі бекіткен трансшекаралық Шу және Талас өзендерінің су көлемін бөлу туралы Ережесі және 1948 жылғы Аспара және Күркіреу су өзендерінің суын бөлу туралы уақытша Ережесі шарттарына сай суармалы кезеңде айырқалпақты ағайынға тәуелді. Әйтсе де жыл санап қырғыздар тарапы қолданыстағы Шу және Талас өзенінің мемлекетаралық су бөлу Ережесінің талаптарын орындамай отыр. Салдарынан қазақ шаруалары екіжақты келісімге сай Шу өзенінен келетін судың 150 миллион текше метрін, ал Талас өзенінен келетін судың 100 миллион текше метрін тұтына алмай, тіршілік нәрінің тапшылығын сезініп келеді.

Сондықтан да қырғыздардың көңіліне қарап, қол қусырып отыра беруге болмайды. Осы мақсатта Бердібек Машбекұлының тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Су қоймаларына жаңғырту жұмыстары, каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, бетонмен қапталуда. Нәтижелі жұмыстың жемісін көріп жатқан диқандар алғыстарын айтуда. Каналдарды бетонмен қаптау арқылы да қаншама текше метр суды үнемдей алдық. Бұрын су жерарнамен ағатындықтан көп мөлшері жерге сіңіп кететін. Каналдар бетондалғаннан кейін суда ешқандай шығын болмайды. Осылайша үнемделген судың өзімен-ақ мыңдаған гектар суармалы жерді ашуға болады. Сол себепті шаруалар судан тарықпас үшін қолға алынған жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жүргізіле береді, – дейді Қазыбек Бедебаев.

Ал аталған бағдарламаның екінші индикаторына сәйкес апатты жағдайдағы су қоймаларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жоспарға сай «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасының көлемін 450 миллион текше метрден 620 миллион текше метрге дейін ұлғайту мақсатында
2 кезекті сейсмокүшейту арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ аталған мемлекеттік бағдарламамен Талас ауданындағы Ақкөл елді мекенін су алу қаупін азайту мақсатында «Ақкөл су бөгетіне» жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Жаңғырту құны 721 миллион теңгені құраған.

– Мемлекеттік бағдарламаның үшінші индикаторына сәйкес 3 жаңа су қоймасының құрылысы жоспарлануда. Атап өтер болсақ, Қордай ауданында «Ырғайты», (сыйымдылығы 15,222 миллион текше метр) «Қалғұты» су қоймасы (сыйымдылығы 14,6 миллион текше метр) және Байзақ ауданында «Ақмола» су қоймасы (сыйымдылығы 11,107 миллион текше метр) салынатын болады. Үш су қоймасының жалпы құны – 14,9 миллиард теңге. Жаңа су қоймалары вегетация кезінде көрші мемлекеттен келетін суға тәуелділікті азайтып, облысымыздың 34,5 мың гектар суармалы алқабын қосымша сумен қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні су қоймалардың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін 2021 жылы жұмыс жобасы әзірленетін болады.

Бұдан бөлек «Ирригациялық дренаждар жүйесін жетілдіру жобасының 2 фазасы» жобасымен 3 аудандағы (Жамбыл, Қордай, Шу) су шаруашылығы нысандарына «Халықаралық қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруымен күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Үш жоба бойынша мердігерлер анықталып, құрылыс жұмыстарын жүргізуде, – дейді Қазыбек Қошқарбекұлы.

Егер филиал директоры келтірген цифрларға зер салсақ, су тапшылығы жуық жылда сылтау болмайды. Бірқатар шаруа қожалық төрағаларымен сөйлескенімізде де филиал директорының сөзін қуаттап, атқарылған жұмыстарға оң бағаларын берді. Мәселен Жуалы ауданындағы «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев облыс және Жуалы ауданы әкімдігіне алғысын жаудырды.

– Шаруаларды алаңдататын кез келген мәселені шешуге болады. Ақшаңыз болса, сапалы тұқым да, тыңайтқыш та, техника да табылады. Субсидия алуда да ешқандай мәселе жоқ. Ақшамен де, басқамен де шеше алмайтын ең өткір мәселе – су тапшылығы. Егер су тапшы болса, сапалы тұқым, тыңайтқыш алып, техникаңызды жаңартқаныңыздан не үміт, не қайыр.

Сол себепті облысымызда су тапшылығын жою ең бір маңызды мәселеге айналып, аз жылда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істелді. Мойындау керек, бұрын-соңды дәл осындай қарқынмен жұмыс жүргізілмеген. Бұл сөзімді егін шаруашылығымен айналысып, жерден ырзығын терген шаруалардың кез келгені растайтынына шүбәм жоқ.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының облыстық филиалы каналдарды тазалап, бетондап, су қоймаларына жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шаруалардың еңсесі көтеріліп, қорқыныштары сейіле бастады. Аудан әкімдігі де ерекше қолдау білдіруде. Аудан әкімі Олжас Қаржауов «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісе отырып, экскаватор алдырып, бекітілген кесте бойынша округ-округтерде арық-каналдарды тазалауда.

Енді көпті қуантып, сенімін нығайтқан жұмыстар орта жолда тоқтап қалмай, сәтті жалғаса берсе екен дейміз, – дейді К.Мамырұлы.

Әрине, суға тәуелділікті бір күнде жою әсте мүмкін емес. Ең маңыздысы, бұрынырақта түрлі жиында айтылып, көтеріліп қана қоятын елдегі ең бір маңызды мәселені шешу мақсатында бірнеше жылдан бері нақты жұмыстардың қолға алынғаны қуантады. Ал іргелі жұмыстар суға тәуелділікті, тапшылықты жоя ала ма, жоқ па, ол келешектің еншісінде.

 

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.