Қоғам

«Қанат қомдап таң атқанда шығыстан, Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан»

Written by Aray2005

Иә, адамзат жүрегінің табиғатпен терең ұғысқанын суреттеген Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің елім» өлеңі дәл осылай басталатын еді. Расында, сұңқардың қанатын, тұлпардың тұяғын тоздырған ұлан-ғайыр Ұлы даланың сұлулығымен теңесер құдірет жоқ. Тіпті оны дәлме-дәл бейнелеуге сөз құдіретінің өзі жетпеуі мүмкін. Себебі әрбір перзент үшін туған өлке пейзажы көзбен көріп, қолмен ұстауды ғана қажет ететін сұлулықтың серті іспетті. Ондай мүмкіндік бұл күнде алтын бесік ауыл халқы мен аңшылардың ғана еншісіне бұйырған бақыт. Ағымдағы жылдың
7 қыркүйегінен бастап елімізде күзгі-қысқы аң аулау маусымы ашылды. Осы орайда біз облыс орталығынан 320 шақырым шалғайда жатқан аймақтағы ең үлкен «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығына жол тарттық.

Аңшыға қысы да өлең, жазы да өлең,
Жүрегін емдейді жар назыменен.
Мен өзім шығар едім ширатылған,
Құйрығы қошқар мүйіз тазыменен, – деп өрілген Қадыр Мырза Әлінің өлеңіндегі аңшылықтың тамыр тарихы адамзаттың даму шежіресінен бастау алады. Тіпті аңшылық өнері қазақ жеріне сонау ежелгі палеолит дәуірінен қалыптасып келе жатқандығын растайтын заттай айғақтар да табылған. Түркі бабаларымыздың да тіршілігінің ажырамас бөлігі аңшылық болғанын сонау V-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштері мен XI ғасырдағы Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» сөздігінде кездесетін аңшылық жайлы көне жырлардан тап басып тануға болады. «Арыстандай айбатты», «жолбарыстай қайратты», «қырандай алғыр», «аққу мойын», «құралай көз», «құралайды көзге атқан», «сұңқардай сыланған» деп көмейден көлдей болып төгілетін әдемі эпитет, метафоралар аңшылықтың ата-бабамыздың өмір сүру формасы болғанын айшықтап тұрғандай. Хош, сонымен Абай мен Ақан сері, Ілияс пен Мұхтарларды қызықтырған аңшылардың ауылына мергендер мерекесіне орай шақырымдарды шаңға көміп келеміз. Құс қанаты мен құмның сусылы Ықыластың күйіндей терең ойға жетелеп, небір қиын-қыстау замандарда бір ауылды бір аңшы асыраған Ұлы даланың кеңдігіне көңіл марқайып келеді. Неткен мәрт марлан дала десеңізші. Ақыры береннің оғындай желмен жарысып, діттеген межемізге қою қараңғыда жеттік. Бұл – «Агентство Миллениум Сокол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты өңіріміздегі ең үлкен «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығы. Сайын даланың сауытбұзар суығы сүйектен өтіп барады. Алайда оған мән беріп жүрген шаруашылық мамандары жоқ. Ен даладағы Табиғат-Ананың әрбір мінезіне бойлары әбден үйреніп кеткен екен. Ұзақ жолдан аялдап, аттан түсіп, дала құшағында таң атырдық. Ал шаруашылық қызметкерлері күндіз-түні көз ілмей түз тағыларын күзетіп жүр. Сайын далаға сапарымыздың екінші күні қорықшылармен бірге 210 702 гектар алқапты алып жатқан облысымыздағы ең ірі аңшылық шаруашылығына аң аулауға келген бірқатар мергендердің тұрақтарына табан тіредік. Жасыратыны жоқ, туған өлке табиғатына арнайы алыстан ат терлетіп келген аңшылардың да қарасы қалың екен. Жігіттің жеті өнерінің бірі – аңшылық деп ұғынатын олардың тек заңды түрде рұқсат етілген аумаққа шоғырланғаны да көңіл қуантады. Жалпы қорықшы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары табиғат байлы­ғына рұқсатсыз қол сұғушылардың саны азайып келеді екен. Дегенмен олардың да пікірін біліп қайттық.
– Аңшылықпен айналысып жүргеніме 30 жыл болды. Арамызда зейнет жасындағы кісілер де бар. Осы арқылы өзіңді Табиғат-Ананың баласы екеніңді сөзсіз сезінесің. Сондықтан аңшылық маусымын жылда асыға күтеміз. Алдын ала арнайы дайындаламыз. Ашылу маусымына Алматыдан оннан астам адам келдік. Жылда осы Шығанақ, үлкен Қамқалыға тұрақтаймыз. Мұнда үйректер өте көп. Әрине, жылда қанжығамыз майланып қайтады. Ал аңшылық маусымы ашылғаннан кейін екі аптада бір рет тұрақты түрде екі-үш күнге келіп тұрамыз. Өз басым аңшылықтың этикасын қатты ұстанамын. Алдын ала қорықшылармен хабарласып, жолдама аламыз. Рұқсат етілген жерде ғана аулаймыз. Табиғат байлығы біз үшін қымбат. Оны оңды-солды пайдалану дұрыс емес. Даланың әрбір аң-құсы, өсімдігі де ұрпаққа аманат. Ал заңсыз аңшылық – болашаққа балта шабатын әрекет. Ұланбел, Кіші Қамқалы, Шығанақ, Жайлаукөл біздің ең сүйікті аумағымыз. Осы аумақта құстардың керуен жолы бар. Қорықшылар әрдайым жолдама бойынша аулаған аңдарымызды қадағалап жүреді. Олардың жұмысына да дән ризамыз. Біздің еліміз аң-құсқа бай. Сырттан келетін талай адам тамсана қарағанда, іштей қызғанасың . Бұл құндылықты ұстап қалу біздің қолымызда. Ол үшін табиғатқа жанашырлықпен қарап, заң аясында аңшылықпен айналысу қажет,– дейді алматылық аңшы Клим Магай.
Әрине, «Судың да сұрауы бар» дейді халық даналығы. Біз жүздескен кең аумақтағы аңшылардың барлығы осындай пікірде екені көңіл қуантады. Сапар барысында шаруашылықтың қарамағындағы аңшыларға рұқсат етілген аумақтардың бірнешеуін аралап, әккі мергендердің әрекеті мен аңшылық әдебіне куә болдық. Бұдан кейін шаруашылықтың орталығына ат басын бұрып, ондағы тіршілікпен жан-жақты таныстық.
– Аң шаруашылығы 2013 жылы облыс әкімінің шешімімен құрылған. Бұл– облыстағы ең үлкен аң шаруашылығы. Бүгінгі таңда шаруашылық Жайлаукөл ауылдық округінің аумағында орналасқан. Мұнда Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және аң аулауға болатын аң-құстар өте көп. Сонымен қатар бұл бүгінгі таңда облыстағы өз тәлімбағы бар жалғыз шаруашылық. Ол Елбасының пәрменімен құрылған болатын. Мұнда ителгі өсіру жұмыстары басталды. Қанаты қатқан құстардың 30 пайызы еркіндікке жіберіліп отырады. Ондағы мақсат – соңғы кезде жойылып бара жатқан аң-құс түрлерін көбейту. Және демалатын адамдарға жағдай жасау. Сонымен қатар заңсыз аң аулауға, браконьерлік іс-әрекетке қарсы қалтқысыз қызмет етеміз. Мамандарымыз қажетті техника, қару және автокөліктермен қамтылған. Аумақ үлкен болғандықтан қоршаған ортаны қорғау, қадағалау басты орында. Әрбір елді мекендерде бақылау кардондары орналасқан. Мамандарымыз күндіз-түні өртке, браконьерлік әрекетке қарсы іс-қимылға әрдайым сақадай сай. Әрбір адамның міндеті – елін, жерін қорғау. Сондықтан бұл біздің тек кәсіби міндетіміз ғана емес, азаматтық борыш, перзенттік парызымыз. Жыл басынан бері шаруашылық аумағында заңсыздық орын алған жоқ. Аңшылық билеттерін екі-үш жерде сатуды қолға алып отырмыз. Талап бойынша тек рұқсат етілген аумақтарда ғана аң ауланады. Былтырмен салыстырғанда биыл аңшылардың белсенділігі жоғары. Халық көптеп келіп демалуда. Сонымен қатар тәлімбақты үлкейтіп, ел аумағында аулауға рұқсат етілген құстардың түрін өсіріп, көбейтіп, еркіндікке жіберсек деген жоспарымыз бар. «Қызыл кітапқа» енген құстарды да көбейтуге атсалыспақпыз. Шаруашылықта орнитолог, дәрігерлер де жұмыс жасайды. Себебі табиғатта құстардың өзі басқа жыртқыш құстармен арпалыс кезінде зақым алып қалады. Яғни құс емдеу жағы да қолға алынған. Қорыта айтқанда, әлі де тәлімбақтың әлеуетін арттыруға болады, – дейді «Жайлаукөл» аң шаруашылығының директоры Еркін Оспанов.
Сөз жоқ, сайын далада табиғат байлығын қорғап қана қоймай, оған қамқорлық танытып, сирек түрлерін молайтуды мақсат етіп отырған тәлімбақтың жұмысы еріксіз жүрекке жылу ұялатады.
– Біздің тәлімбақта әзірге 60-қа жуық құс бар. Қазір күтіп-баптап, қоршаған ортаға бейімдеп жатырмыз. Енді «Қызыл кітапқа» енген құс түрлерін өсірмекпіз. Солардың бірі – дуадақ. Қажетті қора-жай дайын тұр. Тек инкубаторға қоятын құс жұмыртқасын іздеудеміз, – дейді тәлімбақ қызметкері Мохаммад Ахмад Мұстафа.
Айта кетсек, жалпы облыс аумағынан аң-құстың 17 түрін аулауға рұқсат бар. Олардың жойылып кетпеуі үшін аймақта кешенді шаралар жоспары бекітілген. Қорықшылар соңғы жылдары браконьерлердің азайғанын айтады. Алайда әлі де болса оңай олжаға кенелгісі келетіндер жеткілікті. Мәселен, өткен жылы заңсыз аң аулауға қатысты 60 дерек тіркелсе, соңғы 8 айда 25 браконьер ұсталған. Дегенмен аталмыш шаруашылық мамандарының қалтқысыз еңбегі табиғат болашағына деген көңіл алаңын басқандай. Осылайша небір қиын-қыстау кезеңдерде халықты нәубеттен құтқарып, дәулетке кенелткен аң-құстың киесі һәм иесі– дарқан даламен дидарласып, ондағы қорықшылардың жұмысына риясыз ризашылығымызды білдіріп, сайын далаға деген сағынышымызды басып, қимастықпен қайттық.

Нұржан Қадірәлі

Сарысу ауданы

ПІКІР