Sport

Қанаттың қанатын қайырды, енді Жанқоштың жолы жабылмасын

Бүгінде әлемдік додаларда атой салып, көк байрағымызды жеңіс тұғырында желбіретіп жүрген боксшыларымыз аз емес. Әсіресе, бұл спорт түрінен Жамбыл боксының шоқтығы әркез жоғары. Былғары қолғап шеберлеріміз Азия, әлем, халықаралық байрақты бәсекелер былай тұрсын, Олимпиада биігін де сан мәрте бағындырды. Бұдан бөлек, өңір боксшылары кейінгі кездері кәсіпқой бокс шаршы алаңында да жасындай жарқылдауда. Бұл, әрине, ең бірінші кезекте тамырын тереңнен тартқан бокс мектебіміздің қарқынды дамуын айғақтаса керек. Осы орайда, кәсіпқой бокстан ұлтымыздан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, «Жамбыл» бокс клубының директоры Марат Мәзімбаевпен кездесіп, кешегі және бүгінгі бокс төңірегінде әңгімелескен едік.

– Марат Кененбайұлы, Жамбыл бокс мектебінің мәртебесі мен дәрежесі бүгінде талайдың тізесін діріл қақтыратыны жасырын емес. Оған дәлел, саңлақтарымыз әуесқой бокстан бөлек, кәсіпқой бокста да қарсылас шақ келтірмеуде. Айтыңызшы, кешегі бокс пен бүгінгі бокс қаншалықты өзгерді?
– Әрине, заман ағымына қарай спорт та өзгеріске ұшырайды. Біздің кезімізде боксшыларымыз шаршы алаңға білектің күшіне сеніп шығатын болса, бүгінгі боксшылардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Тіпті, салмақты қайта қалпына келтіретін медициналық препараттар да жетерлік. Өзім кәсіпқой бокста жүргенімде жарыс алдында қазы-қарта, қымыз ішіп қуат-күшімді шақыратынмын. Ал, қазір барлығы медицинаға жүгінеді. Бұны мен дұрыс емес деп отырғаным жоқ. Керісінше, мұндай медициналық көмектер спортшылардың бокста қалу жасын ұзартуда. Бұрын боксшының спорттық жолы 30 жастан кейін тоқтайтын болса, қазір былғары қолғап шеберлерінің 40 жасқа дейін жұдырықтасуына мүмкіндік бар. Осының есебінен ел саңлақтарының арасынан әлем чемпиондары көптеп шығуда. Тіпті, қаракөздеріміз теңіздің арғы бетінде қазақтың күрзі жұдырығын танытып жүр. Бұл қуанарлық жағдай.
– Жоғарыда айтып өткен медициналық препараттардың зиянды тұстары да аз емес секілді. Мәселен, допинг дауына іліккен талай спортшылар Олимпиада медалінен айырылып қалып жатса, мамыр айында болуы тиіс Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жек те осы тыйым салынған дәріні қолданудың кесірінен тоқтатылды. Осыған қарап, бүгінгі бокс дұрыс бағытта дамып келе жатыр деуге бола ма?
– «Канело» боксқа кеше келген бала емес қой. Мен оның кленбутерол дәрісін қолданбады дегенге сенбеймін. Осы таңға дейін оның командасы тыйым салынған препарат мал еті арқылы ағзаға түсті дегенге сендіруге тырысты. Бірақ, өздеріңіз ойлаңыздаршы, осындай биік дәрежедегі спортшының дәрігерлері, диетологтары, промоутерлері сондай етті өздерінің боксшысына жегізіп, қарап отыра ма? Керек десеңіздер, олар Альвареске тағамды шайнап беруге дайын. Өйткені, ол әр жекпе-жектен миллиондап табыс тауып отыр. Осыдан келіп, ағзаға допинг мал еті арқылы түсті деп айту еріксіз езуіңді тартқызады.
Бұл шулы оқиғаға қатысты Невада штатының атлетикалық комиссиясы шешімді алдағы 18 сәуірде шығаруы керек еді. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, Сауль жекпе-жектен өз еркімен бас тартты. Бұл да «Канело» командасының құйтырқы саясаты деп ойлаймын. Себебі, қазір олар тексеру комиссиясы теріс шешім шығарып, Альваресті бір жылға дейінгі мерзімге спорттан шеттететінін біліп отыр. Осыны түсініп, кездесуден өз еркімен бас тартқан болып қалмақшы. Ал, егер комиссия оң шешім шығарып, жекпе-жек болатын болса, аз уақыттың ішінде дайындалып үлгермейтіндерін де сезіп, қалай болса да жеңіліссіз қалу жолын қарастыруда.
Екінші қырынан келсек, биыл бәрін жылы жауып, келер жылы «Канело» Генаны қайта жекпе-жекке шақыруы мүмкін. Ал, Головкиннің жасы 36-ға келді. Енді бір жылдан кейін ол қандай физикалық жағдайда болатыны белгісіз. Сондықтан, Сауль отандасымыздың «қартайғанын» да күтіп жүрген секілді.
Жақында халықаралық Олимпиада комитетінің боксты Токио Олимпиадасының бағдарламасынан алып тастау туралы ұсыныс енгізіп жатқандығын естідім. Бұл жерде төрешілердің шешіміне қатысты да көп уәж айтылуда. Бірақ, меніңше боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастау дұрыс емес. Олимпиаданы бокссыз қалай елестетуге болады? Жоғарыдағы Альварес пен кейбір боксшылардың тыйым етілген дәріні қолдану фактілерін алға тартып, бүкіл бокс спортының тамырына балта шабу үлкен қателік. Осыны жауапты тұлғалар түсінеді деп сенемін.
– «Канело»-ның мәлімдемесінен кейін, Головкин 5 мамыр күні бәрібір өзінің чемпиондық атағын қорғайтындығын айтты. Қалай ойлайсыз, Гена кіммен жұдырықтасуы мүмкін?
– Қазір баспасөз беттерінде Головкинге бес боксшы қарсылас атануы мүмкін екені көп жазылып жатыр. Олардың ішінде украиндық Сергей Деревянченконың есімі ерекше аталуда. Бірақ, Генаға онымен жекпе-жекке шығу қажет емес деп ойлаймын. Өйткені, Деревянчеко өте ыңғайсыз қарсылас. Одан бөлек, американдық Джермалл Чарло да Генамен бокстасуға ниетті. Бірақ, оның атақ-даңқы Головкиндей боксшыға сай емес. Мексикалық Хулио Сесар Чавеспен қолғап түйістіргенде бұл өте тартысты жұдырықтасу болар еді. Бірақ, ол жағын отандасымыздың промоутерлері зерделеп, шешер.
Мен өзім Головкиннің британдық Билли Джо Сондерспен жекпе-жегін көргім келеді. Егер бұл кездесу өтіп, жерлесіміз оны жеңсе, Гена абсолютті чемпион атағына қол жеткізері айқын.
– Қазір байқасаңыз, ел спортшыларының дені кәсіпқой боксқа кетіп жатыр. Осы қаншалықты дұрыс?
– Меніңше, әрбір боксшы толысқан сәтінде өз пайдасы үшін қызмет еткені дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, Иван Дычко, Данияр Елеусінов көк байрағымыздың астында ел намысын сан мәрте қорғады. Олимпиадада атой салды. Енді олардың кәсіпқой боксқа кеткені жөн. Өйткені, артта өсіп келе жатқан жаңа толқын бар. Оларға да кезек берілуі қажет. Ал, шыңдалған боксшыларымыз кәсіпқой бокс шаршы алаңында да ел абыройын асқақтатуларына болады. Оған қоса, үлкен қаржыға кенеліп, адал еңбектерінің әділ бағасын алуларына мүмкіндіктері бар.
Тағы бір қырынан келер болсақ, Олимпиада ойындарына бір салмақтан бір боксшы ғана бара алады. Ал, екінші немесе үшінші сатыда жүрген боксшыларға кәсіпқой бокс өзін көрсететін бір жол. Жасырып қайтейік, кейбір өкпелі боксшылар осылайша кәсіпқой боксқа кетіп жатыр. Олардың тек тілеуін тілеуіміз қажет.
– Кәсіпқой боксқа ерте кеткен боксшылардың бірі – өзіміздің жерлесіміз Жанқош Тұраров. Бокс маманы ретінде Жанқоштан қандай нәтижелер күтесіз?
– Иә, Жанқош әуесқой бокста көп жүрмей, бірден үлкен боксқа кетті. Қазіргі нәтижелері, жалпы, жаман емес. Бірақ, оған бапкерді де, промоутерді де ауыстыру керек сияқты. Олай дейтінім, Жанқош отандасымыз Қанат Исламмен бірге Нельсон Лопесте талай жыл бірге жаттықты. Бірақ, Лопес Қанаттың қанатын қайырды, жолын байлады. Оның әлем чемпионы атағына күресуге мүмкіндік жасамады. Осы таңға дейін өткізген 25 жекпе-жегінде Қанат жеңіске жеткенімен, барлық қарсыласы ортаңқол боксшылар болды. Мұндай кездесулер арқылы әлемнің нөмірі бірінші боксшысы атану мүмкін емес. Осыны түсінген Қанат Лопестен кетіп қалды. Енді жасы біразға келіп қалған қандасымыз әлем чемпионы атағына таласа алады деп айту қиын. Өйткені, бокста уақыт өз дегенін істейді. Сондықтан, кеш болмай тұрғанда Жанқошқа да промоутер ауыстыру керек. Әйтпесе, Тұраров та Қанаттың кебін киіп, саны бар, сапасы жоқ жекпе-жектермен уақытын босқа өткізіп алуы мүмкін.
– Осы боксшыларымызды өз елімізге жинап, мықты промоутерлік компания ашуға не кедергі? Бір жылдары өзіңіз де осы промоутерлік бағытта жұмыс жасаған едіңіз…
– Бәрі де қаржыға байланысты ғой. Бір жылдары кәсіпкер Бауыржан Оспанов ағамыздың қолдауымен промоутерлік компания ашып, жұмыс жасаған едік. Жігіттеріміздің басын біріктіріп, АҚШ-қа дейін барып, жекпе-жектер өткіздік. Бірақ, Америкада кәсіпқой бокс телеарналар арқылы негізгі табысын табатын болса, біздің елде боксты көрсету үшін телеарналарға ақша төлеуімізге тура келді. Осылайша біраз қиындықтарға тап болып, жарнама жағы ақсады. Кейіннен отандық телеарналар бокс кештерін тегін көрсетуге келісіп еді, ол кезде біздің айналымдағы қаржымыз таусылды. Сонымен промоутерлік компаниямыз да жабылды. Бірақ, біз Жанат Жақиянов, Жанқош Тұраров сынды боксшыларға үлкен спортқа жол ашып бердік.
Егер қазір қолдайтын қалталы азаматтар болса, промоутерлік жұмысты қайта жандандыруға болады. Ол үшін бізде боксшылар да, байланыс та баршылық.
– Осы орайда, кәсіпқой бокс әлеміне құбылыс болып келген, Қазақстаннан шыққан тұңғыш қыздар арасындағы IBO, WIBA және WBU нұсқалары бойынша әлем чемпионы Фируза Шарипова туралы әңгіме өрбітсек. Батыр қызымыздан қандай болашақ күтсек болады?
– Ең алдымен Фируза Шарипова «Жамбыл» бокс клубының түлегі екенін мақтанышпен айтқым келеді. Бұл біз үшін үлкен абырой. Әрине, Фирузадан барлығымыз тек баянды болашақ күтеміз. Қазақстан қыздары арасынан бұрын-соңды мұндай боксшы шықпағандықтан, қазір төрткүл әлемнің көзі Шариповаға тігіліп тұр. Өздеріңіз білетіндей, атақты Майк Тайсонның жеке бапкерінің өзі жаттықтыруға ниет білдірді. Десе де, қазір мен Фирузаға асықпау керек деп ойлаймын. Жуырда жерлесіміздің промоутерлері ирландық Кэти Тейлормен жұдырықтасу үшін келіссөздер жүргізіп жатқанын естідім. Алайда, Кэти Олимпиада чемпионы, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы екенін естен шығармауымыз керек. Фирузаның өзі Токио Олимпиадасына қатысуға ниетті. Ол үшін ел чемпионы атанып, лицензиялық жарыстарға қатысуы қажет. Қазір Шариповаға осы чемпионаттарды ойлау қажет деп есептеймін. Десе де, күз айларында Фируза Монакада кәсіпқой бокс шаршы алаңына шығады деген әңгіме айтылуда. Оның қарсыласының кім болатындығы әзірге белгісіз. Не де болса, қазір Фирузаға қарсыластарын сатылап таңдағаны абзал. Бірден биікке ұмтылып, алыппен айқасу қажет емес.
– Осы сенбіде Тараз төріне Бүкіләлемдік бокс сериясы келіп отыр. «Астана арландары» сапында бұл күні ел намысын жерлесіміз Асланбек Шымбергенов қорғайтындығы айтылуда. Қалай ойлайсыз, дәл қазір Шымбергеновтың бабы мен бағы келісіп тұр ма?
– Жалпы, 69 келі Қазақстанның салмағы ғой. Бұл келіде төрт Олимпиада жүлдегерін шығардық. Сондықтан, бұл салмақта Асланбектің еліміз бойынша нөмірі бірінші боксшы атануына мүмкіндігі бар. Әрине, 69 келіде қарағандылық Абылайхан Жүсіпов есімді талантты боксшыны есептен шығармаймыз. Екеуі маусым айында Президент Кубогы сарапқа салынған додада Астанада қолғап түйістіреді. Міне, осы жекпе-жек Азия ойындарына кім баратындығын шешеді. Егер Шымбергенов бұл кездесуде шын талантын таныта білсе, Олимпиада ойындарының лицензиялық жарыстарына да қатысатыны айқын. Сондықтан, қазір барлығы жерлесіміздің өз қолында.
Ал, Тараз төріндегі «Астана арландары» мен «Қытай айдаһарлары» арасындағы жекпе-жекке Асланбек 2017 жылдың ел чемпионы, осы біріншіліктің үздік боксшысы, Польша мен Венгрияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы ретінде келіп отыр. Сол себепті, оның жеңіске жететініне күмән жоқ. Бірақ, Шымбергеновке болашақты ойлау керек. Ең басты меже – ол, әрине, Олимпиада медалі.
– Жоғарыда өзіңіз айтқандай, ел боксы жаңа толқындармен толығып жатыр. Ал, Жамбыл боксының ертеңі кімдер деп ойлайсыз?
– Асланбек Шымбергеновтен бөлек, Әбілхан Аманқұл бар. Ол өткен жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, Нұрсұлтан Аманжолов есімді аса ауыр салмақта жұдырықтасып жүрген боксшымыз да болашағынан мол үміт күттіруде. Жамбыл боксы бұл саңлақтармен тоқтап қалмайтыны анық. Әлі де облыс, әрі ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырында көк байрағымызды желбірететін саңлақтар шығатынына бек сенімдімін.
– Мазмұнды әңгімеңізге мың рахмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

ПІКІР