"Кәсіпкерлік"

Қанаттың құрылыс қолғаптары

Written by Aray2005

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге берілген қайтарымсыз грант жамбылдық талай жастың кәсіпкерлік қиялына қанат бітіріп, өңірде бұрын-соңды болмаған бизнес ашуға талпындырды. Кәсіпкерлікке икемі бар бірқатар талапты жас бүгінде кәсібін бастап, ісін дөңгелетіп отыр. Мәселен тараздық жас кәсіпкер Қанат Әбдібек құрылыс қолғабын шығаруды қолға алыпты. Істің көзін тапқан Қанаттың бұл іске кірісуінің өз себебі де бар көрінеді.
– Мен осыған дейін құмблок және брусчатка шығаратын бірнеше өндіріс ошақтарында жұмыс істедім. Жасыратыны жоқ, ол жерде қолға көп күш түсетіндіктен қолғапты да жиі ауыстыратынбыз. Көбіне құрылысқа қажетті қолғаптар Алматы мен Шымкент қалаларынан келетін. Сондықтан неге өзіміздің өңірде осындай дүние шығарылмайды екен деген ойға қалатынмын. Осындай ойда жүргенімде жастар кәсіпкерлігіне қайтарымсыз грант берілетінінен хабардар болдым. Сөйтіп, құрылыс қолғабын шығару кәсібі туралы ізденіп, бизнес идеямды ұсындым. Бұл бастамам сала мамандарының көңілінен шығып, грантқа қол жеткіздім, – дейді Қ.Әбдібек.
Алған қаржысына жас кәсіпкер Ресей елінен арнайы құрылғы сатып алған. Қолғап шығаруға арналған аппарат тәулігіне 800 жұп қолғап өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар өнімге қажетті шикізатты да сол мемлекеттен алдырады екен.
– Айта кетерлігі, қолғапты шығаруға көп шикізат қажет емес. Анығын айтқанда, сапалы жіп және рәзіңке. Қалғанын құрылғы өзі тоқып шығарады. Осы кәсіптің арқасында екі адамды тұрақты жұмысқа алдым. Олардың айлық жалақысы 60 мың теңгені құрайды. Бастамасы ретінде тәулігіне 400-500 жұп қолғап шығардық. Ол өнімдерді облыс орталығындағы базарларға және Шымкент қаласындағы құрылыс компанияларына өткізудеміз, – деген жас кәсіпкер әлемдік пандемияға байланысты бастаған жұмысының тұралап қалғанын айтады. Оған себеп Ресей асып келетін шикізаттың болмауы. Қауіпті дертке байланысты шегенделген шекара ашылса, кәсіпкер жұмысын бірден бастап кетпек.
Сондай-ақ, жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары да айқын. Өйткені шағын ғана кәсібін өз үйінің ауласында жүргізіп отырған ол алдағы уақытта бөлек цех ашып, өндіріс күшін арттырмақ ниетте. Осылайша жұмысшыларының санын көбейтіп, жамбылдық қолғап брендін қалыптастырғысы келеді. Ол үшін Қанат бірқатар ірі-ірі компаниялармен келісімшартқа отыруды да ойластырып қойыпты. Бастысы болашағы жарқын бизнесті жүргізгісі келетін жас кәсіпкердің талабы таудай.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ,
Тараз қаласы

ПІКІР