Қандаладан қауіп көп

0 9

Кезінде үлкен қалалардың тұрғындарының бас ауруына айналған қандаламен соғыс біздің аймаққа да көп ұзамай жетті. Ескі пәтерлер мен жертөлелерді мекендейді деген қансорғыш жәндік бүгінде жаңа ықшамауданның су жаңа пәтерлері мен ауыл-аймаққа да ауыз сала бастаған. Редакциямызға осылай деп хабарласқан тұрғындардың айтуынша, қандаламен жалғыз адам арпалысып, бір пәтерді залалсыздандыру арқылы одан құтылу мүмкін емес көрінеді.

Қала тұрғыны Шәрбану Жалғасқызы отбасымен пәтер жалдап тұрады. Ол үшін соңғы рет қоныстанған пәтерден шыққан шағатын жәндіктерден құтылу оңайға соқпапты.
– Біз жаңа пәтерге көшкенімізде қандала қаптап жүр екен. Сондықтан алдымен пәтер иесінің рұқсатымен керексіз жатқан дүниелер мен жиһаздарды шығарып тастауға келісімін алдық. Себебі әбден ескі заттарға мықтып жерсініп алған жәндіктерден құтылудың бұдан басқа жолы жоқ. Арнайы мамандарды шақыртып, өз пәтерімізді ғана емес, бүкіл үйді бірнеше рет дәрілеттік. Одан қалса өзіміз де түрлі дәрілер мен тазартқыш құралдарын қолданып, қайта-қайта жуып-тазалап, әрең дегенде көзін құрттық. Бір білгенім, қандала өткір иістерден қашады екен, – дейді ол.
Ал Тараз қаласындағы №15 ықшамауданның тұрғыны Әмина Бақытжанқызының үйіне қандала базардан алған жиһаздарымен бірге ілесіп келіпті.
– Осы ықшамауданда тұрып жатқанымызға 1 жылдай болды. Күйеуім үнемі жұмыста. Мен екі баламмен үй шаруасындағы әйелмін. Осыдан бірнеше ай бұрын «Ауыл-береке» базарынан жаңа жиһаз сатып алғанбыз. Сол келгелі тыныштығымыз бұзылды. Ұйқыға жатқан мезеттен бастап бірдеңе талайды. Түсінбейміз. Үстіміз қызара бөртіп, аллергия ма дедік алғашында. Бірде үйді тазалап жүріп сатып алған кереуетті көтеріп қалсам, түсініксіз жәндік қаптап кетіпті. Шиедей боп үймелеген шіркейді фотоға түсіріп таныстарға жіберсек, қандала дейді. Яғни сатып алған жиһазбен бірге келген екен. Содан ветеринарлық дәріханадан дәрілер әкеліп үйді тазалап, ауылға 2-3 күнге кетіп қалдық. Келгенде жоқ сияқты еді, біраз уақыттан соң қайта шаға бастады. Қайта дәрілеп, үйден тағы кеттік. Бірақ таныстарымыз диваннан құтылмай қандаладан да құтылмайтынымызды ескерт­ті. Амал жоқ, жиһазды жарна­маға қойып, сатып жібердік, – дейді Әмина Бақытжанқызы.
Қала маңындағы Қызыл-Абад ықшамауданының тұрғыны Ақмарал Әуесханқызының да үйіне шақырылмаған қонақ базардан алған дүниемен келген.
– Өткен жылдың күзінде үйге жаңа диван мен кереуетке арналған матрас сатып алған едік. Басында үйде өрмелеп жүрген жәндіктің не екенін білмедік. Тіпті мән бермедік. Бірақ үйдегі ұлым білегіне қызара бөртіп түсініксіз бірдеңенің шыққанын айтып жүрді. Аллергия шығар деп те ойладық. Кейін үлкен балам да жаңа диванда жатып ұйықтағанда шаққыш жәндіктің маза бермегенін айтып шағымданған соң, сұрастыра келе қандала екенін білдік. Содан жарнама арқылы дезинфекция жасайтын жекеменшік мекеме мамандарын шақырттық. Арнайы мамандар үйді тексеріп, жаңа диван мен матрастан қандаланың ошағын тапты. Бірден үйге дезинфекция жасатып, әлгі жиһаздарды сыртқа алып шығып, өртеп жібер­дік. Алдағы күндері екінші рет дезин­­фек­ция жасатпақпыз, – дейді Ақмарал Әуесханқызы.
Деректерге сүйенсек, қандала – қанмен ғана қорек­те­не­тін қанатсыз жәндік. Әлемде бұл жәндіктің 40 мыңнан астам түрі кездеседі. Оның ішінде бізде көп кездесетін түрі – төсек қандаласы. Қандаланың орташа тіршілік ету уақыты – 14 ай. Олардың белсенділігі ымырт жабыла артады. Күндіз зиянды жәндіктер кез келген қараңғы, бірақ жылы жерлерде ұйықтайды екен. Қандала шаққанда адам ауырсынуды сезбегенімен, аз уақытта денесі қызара бөртіп шыға келеді. Жамбыл облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы дезинфекция бөлімінің меңгерушісі Ержан Абсаматұлының айтуынша, күніне қандаладан зардап шеккен 3-4 адам хабарласып, көмек сұрайды екен.
– Қандаланың өңірімізде көбейгені рас. Шағымданушылар көбіне қандаланың үйлеріне Нұр-Сұлтан қаласынан келген туыстары немесе қонақтармен келгенін, я болмаса базардан алған тауарлармен келгенін немесе пәтер жалдаушылардан «теберік» болып қалғанын айтып жатады. Мұндай кезде базардағы немесе ветеринариялық препараттар көмектеспейді. Олар тек тіршілік иесінің уақытша тіршілігін тоқтатып қоюға ғана шамасы жетеді. Сондықтан кәсіби мамандарға хабарласқан дұрыс. Қаламызда осындай жұмыспен айналысатын жекеменшік серіктестер бар. Сосын мамандардың айтқан ескертпелерін мұқият орындау керек, – дейді Е.Абсаматұлы.
Бүгінде өңірімізде дезинфекция жасайтын жекеменшік мекемелер саны артқан. Қызмет ақысы пәтердегі жиһаз, бөлме саны мен көлеміне қарай белгіленеді. Екі жылдан бері дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметімен айналысып келе жатқан кәсіпкер Әбді-Мәлік Дулатов жиһаз сататын базарларды, дүкендерді, жиһаз жасайтын цехтарды жаппай тексеру керектігін айтады.
– Базарлар мен кейбір цехтарда тазарту шаралары жүргізілмегендіктен, қандаланың ошағы солар болып есептеледі. Сондықтан олардың жұмысын мемлекет болып тоқтатпаса, қандаланың таралғаны таралған. Тым болмаса қарапайым тұтынушы тұрмыстық заттарды сауда үйлерінен, базарлардан сатып алмас бұрын алдымен мұқият тексеріп шығуы керек. Және жәндіктерге қарсы зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп я жүргізілмегенін де сұрап алудың артықшылығы жоқ. Өйткені қандала үйге бір кіріп алғаннан кейін одан құтылу –
өте қиын. Бүгінде қаладағы барлық ықшамаудандар мен жатақ­ха­на­­ларда қандала өріп жүр. Шақырту сол аймақтардан көп түседі. Жәндіктерді тек химиялық жолмен бірнеше өңдеу арқылы ғана көзін жоюға болады. Бірақ оған қарсы препарттар өте қымбат. Дегенмен қаржысына қарамай шақыртушылар көп. Жеңілдік жасап беруге тырысамыз, тіпті кейде жағдайы жоқ отбасыларға тегін қызмет көрсетеміз, – дейді Ә.Мұратұлы.
Сонымен қатар мамандар қандаланың артуына мақта өнімдерін қабылдайтын орындардың көбеюі де себеп екенін айтады. Қаржы керек болған кез келген адам шаң басып керексіз жатқан көрпе-төсегін, қоқыста жатқан мақта көрпешелер мен қандала қаптаған мақталы бөстектерін өткізеді екен. Сол мақтаны өңдеместен қайта пайдаға жаратса, мақтаның арасында дымын білдірмей ұйықтап жатқан қандала жаңа қожайынының үйіне қайта жайғасып, тіршілігін жалғастыра береді деседі.

А.Орынбасарқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.