Жамбыл жаңалықтары

Қандай нысандардан шектеу шаралары алынды?

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған мәлімдемесінде карантин режимінде кейбір мекемелер қалыпты жұмысына көшетіндігін айтқан болатын. Осы орайда облыстың бірқатар саласында да тіршілік қайта жандануда. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров баян етті.

– Бірінші кезеңде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, кейбір шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмыс жасауына рұқсат беріледі. Атап айтсақ, 74 азық-түлік емес тауарлардың шағын сауда объектісінде 177 адам жұмысқа қайта оралады. Автосалондар, автоқосалқы бөлшектерді сату, техникалық қызмет көрсету стансасы, автожуу салалары бойынша 267 нысанның жұмысына рұқсат беріліп, 742 адам жұмыспен қамтылады. Тігін ательелері, аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуу орындары бойынша 56 нысанның жұмысы жанданып, 152 адам қайта қызметіне кіріседі. Микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтар арқылы 253 адамның қайта табыс табуына мүмкіндік туады. Бұл салаларда жалпы 661 нысан жұмысын қайта бастаса, оларда 2274 адам жұмысқа қосылады.
Онлайн тапсырыстарды жеткізу үшін мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс тәртібі сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін ұзартылады, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бұдан бөлек 152 құрылыс материалдарын өндеуші кәсіпорынның жұмысына рұқсат беру, сондай-ақ құрылыс дүкендерінің жұмысын іске қосу жоспарлануда. 21 асфальт-бетон зауыты мен жол-құрылыс компаниясының жұмысы да қайта жанданбақ.
Барлық жұмысын бастайтын бизнес нысандарына санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау, жұмыскерлерін орталықтандырылған тасымалдауын, түскі аспен қамтамасыз ету, жұмыс уақытын сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін белгілеу, негізсіз бағаның көтерілуіне жол бермеу және нысанның айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тазалығын қамтамасыз ету міндеттеледі. Осы талаптарды орындауға әрбір нысан иесі жергілікті әкімдікпен меморандумға қол қояды.

C.Жапарұлы

ПІКІР