Сұхбат

«Қанша жерден талантты болсаң да, еңбексіз ештеңе өнбейді»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, қазақта «Баланың балалығын тыйдым дегенше, ер жеткендегі даналығын тыйдым деңіз» дейді. Расында, адам өмірінде балалық шақтың орны бөлек. Осы орайда, оқырмандарымызды «Бала Мұқаш қандай болды?» деген сұрақ қызықтырмай қоймайды.
– Әңгімемді туған жерімнен бастасам. Менің кіндік қаным тамған жерім бұрынғы Шымкент облысы, Сайрам ауданының Чернобульск деген ауылы. Қазір ол ауыл Қарасу деп аталады. Сол ауыл­да орта мектепті тәмамдадым. Ата-анам да сол ауылда дүниеге келіп, өмірлерінің соңына дейін сонда ғұмыр кешті. Туған жерімді ауыл деп атағанымызбен қалаға өте жақын болды. Сондықтан болса керек ондағы өмір қыз-қыз қайнап жататын. Үйдің ауласында өсірген жеміс-жидек, көкөністерімізді Шымкентке апарып сататынбыз.
– Бизнеске бала кезден бейім болған екен­сіз ғой.
– Солай десе де болады. Жалпы, Кеңес үкіметінің тұсында жастар ерте кезден еңбекке бейімделе бастайтын. Мәселен, мен үшінші сынып оқып жүргенде-ақ қатарластарымызбен мақ­та егілген алқапқа барып, арам шөптерін шаба­тын­быз. Сондай-ақ пияз, қызанақ, қияр егістік­те­рі­нің де ортасынан табылып, олардың күтіміне ат­салысатынбыз. Бала кезімізден осындай жұмыстарға араласып, еңбектене бастадық. Бұдан бөлек, ата-анамыз үй шаруасына етене араластырды. Негізінен, мен үйдің тұңғышы бол­дым. Әкемнің 40 жасында өмірге келген екен­мін. Өзімнен кейін 5 бауырым дүние есігін ашты. Әкем малшы, анам сауыншы ретінде сол кез­дегі кол­хоздың жұмысының бел ортасында жүр­ді. Шаңырақта апамыз ғана болғандықтан, үй шаруасына өзіміз жауапты болатынбыз. Аула­ға жеміс-жидек, көкөністі егіп, оны сату тіке­лей маған жүктелген міндет еді. Ауыр ең­бек­тен қашпай, өзіме жүктелген міндетке жауап­кер­шілікпен қарауымның арқасы шығар, үлкен өмір­де де сол қасиет бойымда сақталды. Сонымен қатар, білімге де назар аудардым. 1-сыныптан бастап жақсы оқуға тырысып, мектепті «жақсы» деген бағамен бітіріп шықтық. Жалғыз «төртім» болғанын жасырмаймын.
– Ал, өндіріс саласына қалай келдіңіз? Ата-анаңыздың қалауы осы болды ма, әлде ма­мандықты өзіңіз таңдадыңыз ба?
– Сенесіз бе, бала кезде болашақта менің кім болып, қандай мамандық таңдайтыныма ата-анам араласқан емес. Мектеп қабырғасында жүргенде кез келген шаруаға білек түріп кірісіп кететінмін. Жоғарыда айтқанымдай, маған ең бірінші қойылатын шарт – үйдің шаруа­сын бітіру еді. Мектеп табалдырығын ат­та­ған соң да бел­сенділікпен көзге түстім. Әлі есімде, 3-4-сынып­тан бастап, қоғамдық жұмыс­тар­дың ор­та­сынан табылып жүрдім. Ол уақытта «Октябрят», «Пионер», «Комсомол» секілді ұйымдардың рөлі зор еді. Міне, мен де сол қатардан қалмай, өз-өзімді қайрадым. Үлгілі, белсенді, алғыр болуға тырыстым. Сондықтан, келешекте кім болатынымды өзім-ақ ерте жастан бағдарладым десем де болады. 7-сыныпта оқып жүргенімде болашағымды химия өнеркәсібімен байланыстыруды ойлайтынмын. Сол кезден бастап ұстаздарымның айтқанын екі етпей, химия пәніне ерекше ден қойдым. Мектеп бітіргенде «Қандай оқу орнына барамын?» деген таңдау болған жоқ. Бірден Шымкенттегі Қазақ-химия технология институтына түстім. Ол оқу орнын тәмамдағаннан кейін жолдама бойынша Жаңа Жамбыл фосфор зауытына келіп, осы уақытқа дейін жұмыс істеп жатырмын.
– Жақында өткен бір жиында «Өндіріс пен оқу орындары арасында алшақтық басым. Оқу орнын бітірген мамандар зауыттарға келе бермейді» деген ойды айтып қалдыңыз. Осы мәселеге кеңірек тоқталып өтіңізші. Расында да, жастар химия өнеркәсібіне неліктен қызықпай кетті?
– Меніңше, алдымен бір жүйе болу керек секілді. Біз оқыған кезде барлық оқу орындары мемлекеттік болғаннан кейін, мамандықтардың тиімділігі, оқу орындарының мүмкіндігі туралы алдын ала жоспар жасалатын. Сондай-ақ, оқу орнының материалдық базасының барлығын дерлік мемлекет жасақтайтын. Қазіргі таңда жоғары оқу орындары үшін техникалық маман даярлау аса пайдалы емес секілді. Ал, гуманитар­лық мамандарды даярлау әлдеқайда арзанға түседі. Мысалы, химия мамандарын дайындау үшін әртүрлі зертханалар керек. Сондай-ақ, ол бір ғана саламен шектеліп қалмай, бірнеше техникалық салалармен астасады. Енді мұның барлығына материалдық жабдықтар, зертханалар мен сапалы мамандар қажет. Былайша айтқанда, бұл мәселелер бойынша жоғары оқу орындары бастарын ауыртқысы келмейді. Бұл – бірінші алшақтық.
Талаптарға сай материалдық базасы, оқыту­шы­лар құрамы болмағаннан кейін білімнің са­па­сы туралы айту қиынырақ. Мұны екінші ал­шақ­тық деп айтуымызға болады. Осы екі мәселеге қарап-ақ мамандардың біліктілігін түсінуге бо­ла­тын­дай. Дегенмен де, оқу орнын үздік бітір­­ген техник мамандар баршылық. Олардың өзі сау­сақпен санарлықтай ғана. Менің ойымша, бұл жерде толықтай көзқарасты өзгерту қажет. Яғни, жоғары оқу орындарына қойылатын талап өте жоғары болуы шарт. Жоғарыда атап өткен мәселелерді шешкенде ғана оларға грант бөліп, мемлекет тарапынан қаржы қарастырылуы керек. Сонда ғана бітіруші түлектердің сапалық деңгейін бағамдай аламыз.
Ал, қазіргі жағдайда елімізде химия өнеркәсібі саласының білікті мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары жоқтың қасы деп те ай­туға болады. Оқу орындарына қатаң талап қойыл­ма­ған­нан кейін өндіріс орындарымен де қарым-қатынас болмайды. Сондықтан техникалық маман­дарды даярлайтын оқу орындарының жұмы­сын жүйеге келтіру барысында Үкімет тара­пы­нан үлкен істер қолға алынуы керек-ақ.
– Сізді өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің төра­ғасы ретінде де жақсы білеміз. Жалпы мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті көтеру үшін бірқатар бастамалар көтеріліп, түрлі бағдарламалар қабылданды. Бірақ, шағын бизнес қарқынды дамып жатыр деп айта алмаймыз. Неге? Саланы серпілтуге не кедергі болып жатыр?
– Өңірлік кеңесті басқарып жүргеніме биыл сегізінші жыл екен. Кезінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов­тың өзі маған тікелей хабарласып, осы саланың бел ортасында жүргенімді алға тартып, аталған кеңестің төрағасы болу туралы ұсынысын жеткізді. Мен бірден келістім. Ол ұсыныс­тан бас тартуыма да болар еді. Бірақ, осы өлкенің суын ішіп, ауасын жұтып жүргеннен кейін мұндағы жағдайларға бей-жай қарай алмаймын. Бұл жердегі кәсіпкерлік – осында тұратын халықтың тұрмыс-жағдайымен тікелей байланысты. Кәсіпкерлік өрістеп, салық төленіп, оның базасы ұлғайса, әрине, жағдай дұрысталады. Сондықтан осы салаға азамат ретінде жеке тіршілігімнен басқа өзімнің үлесімді қосқым келеді.
Жалпы, біздің аймақта өндіріс өнеркәсібі басқа өңірлермен салыстырғанда жаман емес. Оның ішінде химия, энергетика секілді салаларда жетістіктер жетерлік. Өзіміздің серіктестіктің даму жоспары жүйелі. Сонымен қатар, «Еурохим» компаниясы да нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. «TalasInvestmentCompany» серіктестігінің де өз стратегиясы бар. Алдағы уақытта Шу өңірінде біріккен химия өндірісі дамымақ. Сондай-ақ баррит, алтын өндірістерін де ерекше атап өтуімізге әбден болады.
Десек те, экономиканы толтыратын сала­лар­дың қатарында шағын кәсіпкерліктің маңызы зор. Жамбыл облысының оңтүстіктегі транзиттік өңір болуға мүмкіндігі мол. Себебі, оңтүстік аймақ­тар мен Алматы, Астана секілді алып шаһар­лар­дың ортасында орналасқан. Бірақ, соған қара­мастан мұндай мүмкіндіктерді біз тиімді пайдалана алмай жатырмыз. Тағы бір тілге тиек ететін жайт, бізде халық көп тұрақтамауда. Оның себебі, жағдай толығымен жасалмаған. Бүгінде облысты, қаланы дамыту барысында сервистік жағдайларға баса назар аударуымыз керек. Бұл тұрғыда менің әріптестерім осыған атсалысып жатыр. Оның ішінде жергілікті атқарушы биліктің де жұмысын айта кеткен жөн. Мұның өзі әлі де болса жеткіліксіз. Қараңызшы, бізде ойын-сауық орталықтары баршылық. Бірақ, олар сырт көзге тым қарабайыр көрінеді. Бұл қатарға демалатын орындарды да қосуға болады. Яғни, бізге даму қажет. Осы мәселеге келгенде кәсіпкерлік саласында жүргендердің ойының өзгеретіндігіне сенімім кәміл. Айта кететінім, тапқан-таянғаныңды буып-түйіп, ірі мегаполистерге көшіп кете салу – ең оңай нәрсе. Бірақ, осы аймақтан тапқаныңды өңірдің дамуына салуың керек.
– Өзіңіз айтқандай, өмір бойына өндіріс саласында еңбек етіп келе жатырсыз. Ал, рухани дүниеге көзқарасыңыз қалай?
– Елбасының «Рухы биік халық қана ұлы істерді атқара алады» деген сөзі бар. Сондықтан да химия өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүр­сем де, мәдениетке, әдебиетке, спортқа оң көз­бен қараймын. Өзім де спортты жанына серік еткендердің қатарынанмын. Әрі осы сала­ның жанкүйерімін. Біздің компанияда жұмыс жасайтын 6 мың адамның барлығына жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Ол жасалып та жатыр. Осыдан бірер жыл бұрын Тараз қаласында заманауи спорт кешенін салдық. Жұмысшы-қызметкерлердің шынығуы үшін есігін айқара аштық. Бұдан бөлек, көптеген спорттық шаралар да ұйымдастырылуда. Біздің ұжымды еліміздегі спортты қатар алып жүрген бірден-бір компания деп айтуға болады. Әрі бізде жастар көп. Нақ­ты­рақ айтқанда, жұмысшылардың 35-37 пайызы жастар. Бірақ, бүгінгі уақытта спортпен тек жастар ғана емес, барлығы бірдей айналысуы керек деп ойлаймын. Қоғамдағы алдыңғы қатарға шығып отырған мәселенің бірі – адамның өмір сүру жасын ұлғайту. Сондықтан спортпен шұғылдану әрбір адамның кредосына айналуы керек. Ал, олардың саламатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қоюы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс.
Тек спорт қана емес, мәдениет сала­сын­да жүрген, әдебиетті жаны сүйетін, шығар­ма­шы­лық­пен айналысатын жастарға да қол ұшымды беруге әрдайым дайынмын. Осыдан бірер жыл бұрын Жамбыл облысындағы жас ақындардың өлеңдері топтастырылған «Өрімтал» атты жинақ­ты өз қаржыма шығарып бердім. Өзге де қам­қор­лық­тары­мыз бар. Негізі мұндай істердің бар­лы­­ғын билік басындағы адамдар жасауы қа­жет. Дегенмен, елдің болашағына септігін тигізетін жұмыстарға келгенде барлық азамат немқұрайдылық танытпау керек-ақ. Мәселен, жауапты басқармалар бастама көтеріп, жастарды жанына топтастырса, біз де қалыс қалмай, қолдау көрсететін болсақ қана дамимыз. Ал, егер мұның барлығы керісінше болса, онда ортақ мүдде туралы ойланудың өзі артық. Осы тұрғыдан келгенде әр адам өзінің азаматтық позициясын белсенді түрде көрсетуі қажет.
– Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтіріп жатырсыз. Өзіңіз осы уақытқа дейін Елбасымен неше рет кездестіңіз?
– Кеше ғана жүздестім (күліп). Астанада өт­кен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отыры­сында кездесіп, әңгімелестім. Елбасы­мен кез­дескен сәттерімді санап жүрген жоқпын. Бірақ, осында іс­сапар­мен келгенде, өзім Астанаға барғанда өңірдегі химия өндірісінің жай-жапсарын, даму бағыттарын қызығушылықпен сұрайды. Сондықтан Мемлекет басшысына атқарып жатқан жұмысымызды толықтай баяндап беруге тырысамын. Біз енді дамып келе жатқан компаниямыз. Сол себептен осындағы жұмыс әрдайым Елбасының назарында. Шамамен 2004 жылы кездескенімізде, инвес­ти­ция­лық мүмкіндіктеріміз туралы жылда есеп беріп тұратынымды ескерткен болатын. Сол жылдан бастап, атқарылған жұмыстар туралы баяндап келе жатырмын. Есеп беру үшін де нақты нәтиже, оң көрсеткіш болуы керек. Сондықтан да Елбасының сенімінен шығу үшін өндірісті жылдан жылға дамытуға күш салып жатырмыз. Химия өнеркәсібінің аяғынан тұрып, алға нық қадам басуы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп мақтанышпен айтамын.
– Расында да, жұмыс барысымен жүз­де­су­дің жөні бөлек. Ал, Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» наградасын алып, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылғанда қандай сезімде болдыңыз?
– Космос! Ол сәтті сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Бұл Елбасының өзі беретін ең үлкен марапат. Салтанатты шарадан соң, өңім бе, түсім бе, сенер-сенбесімді білмедім. Жоғары мем­лекеттік награда тапсырылғаннан кейін мен мүлде басқа адамға айналдым. Себебі, өзіңе жүк­тел­ген жауапкершіліктің еселеп ар­тып кеткендігін түсінесің. Осындай дәрежеге жет­кеннен кейін сол атаққа сай болу керек. Соны­мен бірге еңбек адамдарының жұмысын наси­хат­тауым қажет. Бүгінде осы үдеден шығып жүрмін деп айта аламын.
– Қатарынан қос шақырылым облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландыңыз. Сайлаушыларыңыздың сенімін толықтай ақтай алып жүрмін деп ойлайсыз ба?
– Олай әлемде ешкім де айта алмайтын шы­ғар. Әрине, барлығымыз бір жердің тұрғы­ны­мыз. Мен де осы қаланың бір көшесінде тұра­мын. Сондықтан онда болып жатқан жағдайға кейде қанағаттанбауым мүмкін. Жақсы бола берсе екен дейсің. Бұл – заманның, қала берді өмірдің талабы. Осы уақытқа дейін әлемнің біраз елдерінде болдым. Сонда түйгенім, егер тұрғындармен бірге жұмыс жасамаса, қаланы бір ғана басшы көркейте алмайды. Бір мысал айтайын, жақында Жапония мемлекетінде болдым. Сол елде тұрғындар өздері тұратын үйінің алдын тілмен жалағандай етіп жуып-шайып жатыр. Ал, бізде жумақ түгілі, сыпырған адамды көрмейсің. Міне, сондықтан да қала басшылығы алдымен тұрғындармен жұмыс істеуге тырысу керек. Олар жұмысты тек өздері атқармауы қажет. Тұрғындарды жұмылдырып, бірлесе іс қылуды қолға алуы шарт. Сонда ғана тазалық пен тәртіп орнайды. Осындай себептерді тілге тиек еткенде мен сайлаушылардың сенімін толықтай ақтап жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ, қолымнан келгенше тырысып жатырмын. Негізінен облыс орталығындағы №4,7,8,9 ық­шам­аудандарындағы сайлаушыларыммен бі­рі­гіп, жұмыс атқарудамыз. Мәселен, өткен жылы сол ықшамаудандарға жаяу жүргіншілер жол­дары­ның салынуына ықпал етіп, жанындағы талдардың бұталуына және мектептерге көмек бердім. Спортқа көңіл бөліп, аула клубтарын жа­сақ­тадым. Мұндай мысалдар көп. Оның бәрін тізіп шығу әбестік болар. Дей тұрғанмен, әр депутат осындай нысандар салып беру керек деп ешкім де міндеттей алмайды. Есесіне өзім азамат, әрі депутат ретінде қолымнан келгенше жұмыс жасаудамын. Кейбір жағдайларда қала басшылығы үлгермей жатса, әріптестерімді шақырып, бірлесе қол ұшын созуға септігімді тигіземін. Әлі де атқаратын жұмыстар жетерлік.
– Жеке азамат ретінде қоғамда алаң­да­та­тын мәселелер бар ма?
– Әрине, алаңдататын мәселенің ең бастысы – жастарға берілетін тәрбие. Мектеп, колледж, жоғары оқу орны болсын, біз алдымен оқуды сұраймыз. Бірақ, тәрбиені сұрамаймыз. Біздің кезімізде мектеп, оқу орны болсын, білім мен тәрбие қатар жүретін. Меніңше, қазір тәрбиеге үлкен көңіл бөлуіміз керек. Осы мәселені тек оқытушыларға ғана жүктеп қойғанымыз жөн емес. Қоғамның белсенді азаматтары да жауап­кер­шілікпен қарауы қажет. Жалпы, тәрбие неден басталады? Ол – адамның қоғамдық орында өзін ұстауынан басталады. Осының барлығын үйрету шарт. Негізінен осындай мәселелер бізде ақсаңқырап келеді. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген сөзі бар. Осыны ұмытпауымыз керек.
– Химия өнеркәсібін алға жетелеу оңай шаруа емес. Өндірістің өзі қым-қуыт процестер­ден тұрады. Одан бөлек, қоғамдық қызметтері­ңіз тағы бар. Осының барлығына қалай уақыт табасыз? Жалпы, күндік жұмыс кестеңіз қалай түзіледі?
– Дана қазақ «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаса керек. Адамға ең керегі – әрине, денсаулық. Осыдан 2-3 жыл бұрын денсаулығым сыр бергеннен кейін бойымдағы кейбір әдеттерді тастадым. Расында да, алтын уақытымызды қажетсіз дүниелерге сарп етеді екенбіз. Уақытты тиімді пайдалану адамның өз-өзін тәрбиелеуіне жол ашады. Оның үстіне өмірде жиған азды-көпті тәжірибем бар. Соған сүйене отырып, барлығына үлгеруге тырысамын. Әлбетте, ол үшін қасыңда өз ісінің мамандары мен сенімді көмекшілерің болуы қажет. Зауыттардың басшылары, орынбасарлары мен бөлім жетекшілеріне сенімді болғаннан кейін, барлық шараға үлгеремін. Оның арасында спортпен де шұғылданамын. Қорыта айтқанда, бұл әр адамның ұйымдастыру қабілетіне тікелей байланысты. Өзімнің үнемі әріптестеріме «Бір тәулікте үш тәулік бар» деп айтып жүретінім бар. Сондай-ақ, мен шаршамауға тырысамын.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Әділетті болу.
– Ізіңізді басып келе жатқан жас ұрпаққа қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Ең әуелі–білім мен тәрбие. Сосын еңбекқор болуы керек. Еңбексіз қанша талпынсаң да, талантты, талапты болсаң да ештеңе өнбейді. Алға қойған мақсаттарға тек еңбектің арқасында жетуге болады.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

ПІКІР