«Қаншама уақыт бұл жүрек, Сыңарын күтіп сағынған…»

0 45

Нұрболат ЖОЛДАСБЕК

Ай

Жібек өңді жанымен жаралы ару,
Жылытпайды-ау сертімнің сары алауы.
Мені іздеумен сабылып әлі жүр ме?
Мен бармайтын теңіздің жағалауын.
Сағынышың дерт болып мені іздеуден,
Уақыт уатып сенімді өлі іздерден.
Бос шөлмекке хат салып сосын, сәулем,
Жауап күтіп тұрдың ба теңіздерден.
Ойға шомып қайталай сауалыңды,
Қытықтатып толқынға табаныңды.
Уақыт өтіп жатты ма үнсіз ғана,
Бір салып, бір алумен аяғыңды.
Күте бердің өзгерген кезде ғалам,
Ойланбайды күткенде өзгені адам.
Ақындығы ақынның күнәсінде,
Сұлулығы сұлудың көзде ғана.
Мен келдім ғой өткізіп сан кемелер,
Бақыты көп өмірдің сен кенелер.
Сүймегені секілді мені ешкімнің,
Мен де ешкімді сүймедім сенсең егер!
Жібек өңді жанымен жаралы ару,
Жылытпайды-ау сертімнің сары алауы.
Мені күтіп жүр ме екен жылатып ап,
Мен бармайтын теңіздің жағалауын.
Күтсең ғана келеді шынайы бақ…

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Сезімге нала

Арылмай-ақ сезімнің наласынан,
«Сүйем»деп құрақ ұшып аласұрам.
Мен сенің «қызғалдағың» болмақ едім,
Көз тартқан «раушандардың» арасынан.

Аяймын жүректегі жырды кімнен?!
Жыр дегенде тосыннан түн тірілген.
Шоқ жаның лап етер деп күтіп едім,
Тамшы жас құлағанда кірпігімнен.

Арманға арашашы болмас мұңым,
Кім маған ұсынады солмас гүлін.
Тағдырым саған мені қалай қиды?
Өзгенің сезе тұра таластығын.

Жан шырылым зар болып естілгенмен,
Ел тілер бақыт тостым ессіз күннен.
Сен менің шаттығым боп көріндің де,
Сұлудың сиқын күттің кескінімнен.

Сезімсіз жүрегіңнің көп қалауы,
Сұқ қолын созады екен жоққа бәрі.
Ес ауып елеңдейтін секілдісің,
Қыз біткеннің жалт етсе от жанары.

Арылмай ақ сезімнің наласынан,
«Сүйем» деп құрақ ұшып аласұрам.
Мен сенің «жалғызың» боп қалмақ едім,
Дараланып көп қыздың арасынан.

Қайтемін өткен күнге наламды артып,
Мен үшін жүрек дара, сараң уақыт.
Арманды алданыш қып қала берем,
Тілеумен өзіме жыр, саған бақыт!

 

Елдар БОРАНБЕК

Гүл сезім

Шуағыңды алып сезімім,
Оянды гүл бағыңда.
Тыныштық тауып төзімім,
Жай алды жүрек жаныңда.

Өзіңнен тауып бақытты,
Жаралған сұлу жаныңнан.
Қаншама уақыт бұл жүрек,
Сыңарын күтіп сағынған.

Арманға арман қосылып,
Жарасты гүлім жұбымыз.
Сенімді сезім еселеп,
Бақытты бүгін күніміз.

Ертеңгі күнге алдағы,
Үмітке берік жандармыз.
Махаббат атты теңізден,
Бақытқа бірге самғармыз.

***
Сырыңды бүкпе, сымбаттым,
Сүйем деп маған үн қатқын.
Махаббатыңның бал әнін,
Жан жүрегіңмен тыңдатқын.

Тыңдатқын әсем үніңді,
Жасырма сұлу жүзіңді.
Төгілген шапағатыңнан,
Көктемің басты күзімді.

Тулады жүрек бұлқынды,
Кеудеме ғашық жыр тұнды.
Тағдырдың маған сыйлаған,
Махаббатысың сүйкімді.

Жібермейм,сенде айырылма.
Сенімен көңіл жай құрған.
Өтейік бірге өмірде,
Қуаныштан да, қайғыдан.

 

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

Ода

Сүюден ада қалғыр-ай,
Түн түріп түндігін, төбемде қалқыды ай.
(Күн асты, жер үсті),
Екеуміз ғана тек қалғандай.

Сезіндім өзімді,
Кезігіп сезімге ғаламат.
Кешірдім өзіңді,
Алысып жүрекпен алапат.

Ал ұста,
Жүрегім өзіңе аманат.
Бұл тұста,
Сүюдің өзі де ғадауат.

Жалғыздық,
Жалғыздық Тәңірі тек саған жарасқан.
Бейбақпыз,
Бейбақпыз бақытты болуға таласқан.

Ұмытып өткенді,
Зымырап барады бұл уақыт.
Тек қонды,
Кеш қонды біздерге бір бақыт.

Құс келді,
Бүр жардық көктемгі гүлдердей.
Құс кетті,
Аққанат арманын құшақтап біздердей.

 

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Сені…

Жатағыңда жазған хатым кей уақта,
Қайта-қайта оқылады дейді ғой…
Бақшада ылғи мені тосып бейуақта,
Орындықта отырады дейді ғой…
Сені!…

Құс пен бірге қондырып көз жанарын,
Су бетіне көп қарайды дейді ғой…
Көз жасының білмей тіпті тамарын,
Суретіме көп қарайды дейді ғой…
Сені!…

Сағындым деп, « тәттім» деген даусымды,
Кей кездері өксиді деп кешқұрым.
Кейде жынды, ал кей кезде сау сынды,
Елесімнің сырласы деп естідім …
Сені!…

Сағынышы күлкісін де күнде ұрлап,
Қайтқан қазбен бірге іздеді дейді ғой.
Қалмасын деп мен сыйлаған гүл қурап,
Күзді үйіне кіргізбеді дейді ғой…

Сені солай азып-тозып ел еркем,
Көз жасына жүр дейді ғой шомылып.
Хаттарыңа жерле, қалқам, мені ертең,
Өлген күні терезеңе ай соғылып!..

 

Файзулла ТӨЛТАЙ

Сен – Тәңірдің нұрысың!

…хат жазбаймын деп едім.
Кешір, күнім.
Құрметтеймін мен сенің шешіміңді.
Терезеге деміммен жан бітіріп,
Жабыққанда жазушы ем есіміңді.
…жалқы күндер – жылдарға жалғасты кеп,
Артық шығар ақылдан алжасты деу.
Мен –
сүюді,
жылауды,
қайғыруды,
мұңаюды
сезіндім алғашқы рет.
Өмірімді қолыңа бермек түгіл,
өлуге де даяр ем, сен… деп тұрып.
(…менімен жағаласып
Көргенсіз жел –
көйлегіңнің етегін ермек қылып
ойнаушы еді.)
Есімде.
Есіңде ме? –
Ессіз түндер – таңдарға көз ілмеген.
Сен –
Тәңірдің нұрысың!
Көрмейді оны,
көшкен бұлттың қисынсыз көшіндегі ел.
Бір сәтке ұмыт қылып жан атауын,
Ымырт түсіп,
күн батып,
таң атарын.
Оны және өмірді сүю үшін,
Тек менің көздеріммен қарағаның
дұрыс шығар.
Кім білсін?!
…құшағына тығылып қара түннің,
Құсалықтан қуарып баратырмын.
Ақ жейдеме жағылған далабыңды,
Ерініме тигізіп алатынмын
сағынғанда.
..мен бәрін кеш ұғындым.
Өміріңе тигізбей кесірімді
саған енді ешқашан
өлең арнап,
хат жазбаймын деп едім.
Кешір.
– Кімді..?

Leave A Reply

Your email address will not be published.