Қара жұмыстың қазанында қайнағандар

0 0

Еңбек адамы десе, көз алдымызға иығына кетпенін асынған диқан, төскейде төрт түлікті өргізген шопан, тастан қамал тұрғызған құрылысшы секілді қарапайым жұмысшы адамдар елестейтіні анық. Расында да күн ұзаққа үй бетін көрмей бейнетке малынып, ырзығын дене еңбегінің күшімен табатын жұмысшы адамдардың қоғамда алар орны айрықша. Осындай бейнеті ауыр тірлікті қол ету тек ерлерге ғана тән емес екені белгілі. Кезінде, бірі қырқыншы, бірі шөпші немесе механизатор болып еңбек еткен нәзікжандылар өз ісін мінсіз атқару арқылы еңбек адамдарының ішінде әйелдердің де тегеуріні мықты екенін дәлелдеп берді. Олардың еңбегі кейінгіге үлгі, өзгеге өнеге.

Тракторшы Күләйша

Жаратылысы нәзік, болмысы бөлек болса да уақытында ерге бергісіз ерлік істер тындырып, қайсарлығы мен төзімділігі талайды тәнті еткен асыл жандардың бірі – Меркі ауданы, Сұрат ауылының 63 жастағы тұрғыны Күләйша Қалдырбаева. 1957 жылы осы ауылда туып, сол елді мекендегі орта мектепті бітіргенде, қолына 3-сыныпты машинист-тракторист куәлігін алыпты. Техниканың тілін қаршадайынан меңгеруге мектептегі арнайы оқытушылар дәнекер болса, ал рөлге отыруға мектеп меншігіндегі жалғыз трактор септігін тигізген.
– 1975 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін, құрбым екеуміз сол кездегі Киров атындағы колхозға бардық. Колхоз басшысы біздің келгендегі шаруамыздың желісін түсінгеннен кейін, «екі аптадан кейін келіңдер» деп шығарып салды. Осы күні ойлап отырсам, ол кісі бізге ойлансын деп уақыт берген секілді. Айтқан уақытында ұжымшар басшысы зауыттан жаңа шыққан «ЮМЗ-6» маркалы екі тракторды құрбым екеумізге бергізді. Одан кейін «МТЗ — 80», «Беларус — 80» маркалы техникаларды жүргіздім. Ауыл тіршілігін техникасыз елестету мүмкін емес қой. Комбайнмен егін де ордық, мал азығы ретінде жемшөп дайындап, оны шопандар ауылына тасумен айналыстық. 1977 жылы көктемде ұжымшар мені Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына 3 айға оқуға жіберіп, «К-700» техникасын жүргізудің қыр-сырын меңгертті. Ауылға келгенде мені көлік кабинасына аты-жөнім жазылған жап-жаңа «К-700» тракторы күтіп тұрды. Сол жолғы қуанышым әлі есімде. Оның үстіне қолымда бірінші сыныпты жүргізуші куәлігі бар еді. Сөйтіп жүріп, менен мектепте екі-үш сынып жоғары оқыған Дәуір Серікбаев есімді ауылдасыммен көңіл жарастырып, тұрмысқа шықтым. Біздің заманымызда жаңа туған нәресте екі айға толса, үйде бала күтумен отыру мерзімі аяқталып, қайтадан жұмысқа шығуымызға тура келетін. Екі қыз, екі ұлымды тапқаным болмаса, оларды қатайтқан жарықтық енем еді. Біз ертелі-кеш ұжымшардың шаруасына жегілдік. Күйеуім де шопыр болып еңбек етті, – дейді майталман механизатор.
Күлайша Жолдасбайқызы осыдан 45 жыл бұрын алғаш рет трактор рөліне отырса, осы жұмысты ол табан аудармай 25 жыл атқарыпты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда жүргізілген жекешелендіру саясаты кезінде ұжымшар «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгерген. Десе де өзге шаруашылықтар секілді тарап кетпей, мал-мүлік сақталып қалыпты. Еңбек жолының соңғы жылдары аталған серіктестіктің «К-700» тракторын жүргізумен аяқталған.
2016 жылы зейнетке шыққан әжей тракторды қаршадайынан бастап, 2000 жылға дейін жүргізгенімен, одан кейінгі 20 жылында үйде бос отырғанын айтады. Оған бұрынғыдай жұмысшы адамдарының дүбірлі еңбегін қажет ететін дала мен атағы жер жарған ауқымы кең шаруашылықтардың жоқтығы себеп болған.
Кезінде озат механизатор атанған Күләйша Қалдырбаеваның қол жеткізген жетістіктері көп-ақ. Өз ісінің асқан шебері 1979 жылы бүкілодақтық механизаторлар арасында ұйымдастырылған сайысқа қатысып, Паша Ангелина атындағы жүлдеге ие болған екен. Бір жылдан кейін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталыпты. 1981-1986 жылдары Кеңес одағы Компартиясының съездеріне делегат болып қатысса, 1990 жылы облыстық кеңестің пленум мүшесі болу құрметіне ие болған. 1993 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болған. Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы секілді бірнеше марапаттың иегері.

Сауыншы Райкүл

Ес білгелі ауыл тіршілігінен қол үзбей, бақытын еңбектен тапқан жанның бірі – Райкүл Қырықбаева. Ол Жуалы ауданы, Көктөбе ауылының тұрғыны. Бүгінде зейнетке шықса да «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сауыншы болып жұмыс істейді. Аталған шаруашылықта былтыр сиыр сауып, 250 тонна сүт өткізгені үшін, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мерекесінде сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолынан грамота алып, 2019 жылдың ең озат сауыншысы атанғанын ел жақсы біледі. Ұжымы да еңбегін бағалап, үлкен теледидар тарту етіпті. Қазақтың қара домбырасымен ән салатын өнері болғандықтан, ағайындардың жиын-тойлары да көңілсіз өтпейді. Қазақтың алты ауызына келгенде құралақан еместігін дәлелдеп жүрген ол ауданда ұйымдастырылған әжелер байқауында «Үлгілі әже» номинациясына ие болған. Жалпы еңбек өтілі 28 жылды құрайтын ауыл еңбеккерінің сауыншы болып жұмыс істеп келе жатқанына 24 жыл болған. Соның ішінде 15 жылы басшылық тарапынан үздік жұмысшы ретінде бағаланып келеді екен.
– 1967 жылы Қырғыз Республикасының Жуантөбе ауылында өмірге келдім. Бала күнімде отбасым Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы нағашыларымның қасына қоныс аударды. Мен 1974 жылы сол ауылдағы орта мектепті бітірдім. Бірақ, ел секілді ілім-білім қумай, бірден тұрмысқа шығып кеттім. Келін болып, табалдырығын аттаған шаңырақ иелері қазіргі Көктөбе ауылындағы елге сыйлы, текті әулеттен болып шықты. Өмір бойы күнін иен далада мал бағумен өткізген қайынатам Әбілхан Қырықбаев ауа райының қас-қабағын баққан, табиғат тілін түсінген, кісілігі мен парасаттылығы жоғары адам еді. Атамның еңбегіне кезінде Кеңес үкіметі жоғары баға бергенін оның Социалистік Еңбек Ері атануынан-ақ аңғаруға болады. Мен негізінен еңбек адамы деп өзімді емес, сол атам-мен енемді айта аламын, – деді Райкүл Қырықбаева.
3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген Райкүл бүгінде 8 немересі бар екенін айтады. Зейнет жасына жеткен оған өткен жылы ұжым басшылары сауыншылықты жалғастыра беруді өтінген көрінеді. Алты баласының алды үйлі-жайлы, кейінгілері студент. Еңбек адамының балаларымның барлығы да мектептен кейін жоғары немесе орта арнаулы білім алса деген арманы біртіндеп жүзеге асып келеді. Ал өзі қолының қары қайтқанша еңбек ете беретінін айтады.

Тазалыққа жауапты Сайлаукүл

Қазақтың көрнекті ақындарының бірі – Сырбай Мәуленовтің:
– Жұмысқа жастай жұтынып,
Ерте тұрып азаннан.
Жүреді бір қарт сыпырып,
Көшені тұнған тозаңнан, – деп басталатын өлеңі бар.
Расында да қарбаласқа толы Таразда жұрттан бұрын оянатындар – қала тазалығына қомақты үлес қосып жүрген көше тазалаушылар. Елден бұрын ерте тұрдым деген адамның өзі алдымен үстіне сары жейдеше киіп, қыстыгүні таң атпай қар күреп немесе көше сыпырып жүрген адамдарды жолықтырады. Қолдарына күрек не сыпырғы ұстаған олардың жанына жұрт онша жақындай бермейтіні, кейбірі тіпті қасынан көзінің қиығымен қарап өте шығатыны да жасырын емес. Көше тазалаушылардың кез келгенінің келбетіне байыппен көз тастасаң, өңдері ыстық-суықтан әбден қарайып кеткенін, ауыр бейнеттен жүзін әжім торлай бастағанын аңғаруға болады. Қаланың көркін сән-сәулеті келіскен нысандар мен жасыл желекті саябақтар келтіріп тұр десек те, біздің тазалығы мұнтаздай, шырайлы шаһарда еркін тыныстауымызға солар себепкер боп отырғаны анық. Жұмысқа ерте шығып, кеш қайтатындардың қатарында 63 жастағы Сайлаукүл Сағындықова да бар.
Кейіпкеріміз Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында туып-өскен. Осы ауылдағы орта мектепті 1974 жылы бітіргеннен кейін, сол кездегі аталған аудан орталығында орналасқан мал дәрігерлік техникумында үш жыл оқып, есепші мамандығын алып шығады. Бір жыл Құмарық ауылындағы дүкен атаулының есеп-қисабын жүргізген ол 1978 жылы Жуалы ауданы, Билікөл ауылына келін болып түсіпті. Өмірлік қосағы Жұмабек Сағындықов екеуі сол ауылдағы, кейіннен Тереңөзектегі кеңшардың малын 1996 жылға дейін баққан. 20 жылға жуық аға шопанға көмекші болған оның отбасы отағасының денсаулығына байланысты Тараз қаласына қоныс аударған. Көп ұзамай «Аса» ықшамауданының пәтер иелері кооперативіне аула сыпырушы болып жұмысқа тұрады. Екі жыл көпқабатты үйлердің ауласын сыпырумен айналысқан оны сол кездегі «Таза қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысқа шақырыпты. 2004 жылы бұл мекеме «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылады.
«Жасыл ел – Тараз»-да ұзақ жылдар бойы учаске басшысы болып еңбек етіп келе жатқан Жақсыгүл Бекбергенова мекемеде барлығы 262 жұмысшы бар болса, соның 154-і әйелдер екенін айтады. Оның ішінде мекеменің тұрақты жұмысшыларының еңбекақысы 65 мың теңгені құраса, қоғамдық жұмысшылардың қолына 63 мың теңге тиетінін, негізгі жұмысшылар кейде қосымша жұмыс істегені үшін үстемақы есебінен 80 мың теңгеге дейін айлық алатынын айтты. Ол жұмысшылардың ішінде Сайлаукүл Байбосынқызының өз ісіне жауапты екенін, ұжымдық Құрмет тақтасында суреті ілініп тұрғанын сөз етті.
Жалпы 42 жылдық еңбек өтілінің 24 жылын қала тазалығына арнаған Сайлаукүл Байбосынқызы өзінің 63 жаста екенін, бұл жұмысқа жастар онша жолай бермейтінін айтады. Өмірлік жолдасы Жұмабек екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп, қатарға қосқан.
– Көше сыпырып жүргендердің көпшілігі қоғамдық жұмысшы ретінде Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы келгендер. Ал біз бұрыннан «Жасыл ел – Тараз» ЖШС-ның тұрақты жұмысшысымыз. Мен қаланың орталық аумағының тазалығына жауаптымын. Жұмысқа кейде таңғы сағат төрттен бастап шығамыз, жаздың күндері түнгі сағат 24.00-ге дейін жұмыс істейміз. Көшені ластау тазалықшылардың еңбегін бағаламау деп білемін, – дейді Сайлаукүл Сағындықова.
Ол кісі өзі тұрғанға дейін мемлекет 10 жыл көше сыпырған адамға кезексіз пәтер бергенін, бұл үрдіс кейіннен жойылғанын, көше сыпырушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін осы қолдау түрі қайта енгізілсе деген тілегін де жеткізді. С.Сағындықованың осы мамандыққа келуінің, ұжым ортасында нағыз еңбекқор ретінде танылуының қысқаша тарихы осы.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.