Экономика

Қарабұлақтан ет келмесе, қымбатшылық қысады

Written by Aray2005

Соңғы жылдары еліміз ет экспортына көп көңіл бөліп келеді. Бұл қазақтың құнарлы етіне деген шетелдіктердің сұранысы артып отырғандығымен де байланысты. Әйтпесе сұраныс жоқ жерде ұсыныстың да анау айтқандай ауқымды болмайтыны теориядан да, тәжірибеден де белгілі. Бірақ экспорт көлемі артқан сайын елдегі ет өнімдерінің тапшылығы байқала бастаған сыңайлы. Ең алдымен, оның зардабы тұтынушыға тиіп жатқаны және аян.

Мамыр бастала салысымен елде, ең әуелі, қой етінің тапшылығы сезілді. Бұл ахуал Жамбыл жұртшылығын да айналып өтпеді. Өйткені облыс орталығы Тараз қаласының негізгі сауда нүктелеріне ет көрші Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылынан келеді екен. Ал қарабұлақтықтардың етін оңтүстіктегі көрші Өзбекстан алыпсатарлары талап алып кетіп жатқан көрінеді. Кейінгі жылдары алашапанды ағайындар ет қана емес, қазақстандық астықты да өздеріне импорттап, оны қайтадан ортаазиялық елдерге, оның ішінде өзімізге де реэкспорттап пайда көріп жүр. Мәселен, Қазақстан астықты Ауғанстанға шикізат күйінде сатып жүрсе, өзбек ағайын қазақ бидайын ұн қылып Ауған жұртын жарылқап келеді. Бұл отандық ет, егін шаруашылығымен айналысатындарға тиімді болғанымен жалпы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне аздап кері әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Өйткені өзіміздің бидайды өзімізге ұн қылып қайта ұсынып жатқандықтан біздегі диірмендердің өндірісіне тұсау салынуы мүмкін. Бірақ Үкімет бұл бағытта шаралар қабылдап-ақ жатыр.
Енді өзбек ағайындар етке ауыз сала бастапты. Таразда ет бағасының бір-ақ күнде көтеріліп шыға келуінің себебін білмекке қала әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Самат Үрпековке жолықтық.
Самат Қалиұлының айтуынша, тараздықтар тұтынып жүрген Қарабұлақ ауылының ет өнімдерінің көлемі азайған. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, олар біздегіден жоғары баға ұсынған Өзбекстан нарығын құп көріпті. Соның салдарынан облыс орталығында ет тапшылығы орын алып, төңіректегі ет бизнесімен айналысатын шаруалар бағаны көтеріп жіберген.
– Жамбылдық жергілікті кәсіпкерлер де Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Оман корольдігі сынды бірқатар Араб елдеріне ет экспорттап отыр. Бұл бір жағынан дұрыс. Өйткені мал бағып, бордақылау да оңай шаруа емес, оның жем-шөбіне де аз шығын кетпейді. Шаруа өз өнімін қайда болсын көңілінен шыққан бағаға өткізу керек қой. Мемлекеттің шаруаларға нарық тауып беріп, жағдай жасап отырғанын құп көремін. Ал қазір еттің қымбаттайтын маусымы емес. Сондықтан бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жақын аралықта жағдай тұрақталар. Біз қазір ет саудалайтын негізгі нүктелерге күнделікті барып, мониторинг жасап тұрмыз, – дейді бөлім басшысы.
Байқауымызша, қаладағы сауда нүктелеріндегі ет бағасы бірден 100-200 теңгеге шарықтаған. Әрине, бұған тұрғындар да наразы болып отыр. Оны көшеге шықпай-ақ бүгінгі заман жетістігі – ғаламтордағы әлеуметтік желідегі жазбалардан-ақ аңғаруға болады. Онда бірі «Қандай да бір шара қолданбаса, мұндай шарықтаған бағамен жақын арада етке қол жеткізе алмай қалатын шығармыз», десе, бірі «Бұлай жалғаса берсе ет жеуден қаламыз», дейді. Тіпті бір оқырман 1997 жылы еттің бағасы 470 теңге болғанын сағынышпен еске алыпты.
Қалай десек те бағаны шарықтатпаудың шаралары қолға алынғанымен, шаруаға арзан бағамен сат деп айта алмаймыз. Өйткені оның да өз есебі, шығыны бар. Ал тұрғындардың мүддесін қорғау мақсатында құрылған облыстық тұрақтандыру қорында бүгінде
8 тоннадай сиыр еті қалыпты.
– Алда тағы 10 тоннадай етпен қорды толықтыруды көздеп, соның қамына кірісіп жатырмыз. Тұрақтандыру қорының етін әлеуметтік базарда жәрмеңке сайын
1 250-1 350 теңге аралығында саудалап келеміз. Жақында сол базардан арнайы сауда нүктесін ашпақпыз, –
дейді «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Заңғар Кемелов.
Әрине, Елбасы Н.Назарбаев кезінде Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктегілерге аграрлы саланы экономикамыздың негізгі драйверіне айналдыру жөнінде міндет жүктеп, содан бері экспорт мәселесіне басымдық беріле бастады. Бірақ бұл тапсырманы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» орындау жағы Үкіметке үлкен сын болғалы тұр. Өйткені өзге елді экспортпен жарылқаймыз деп жүргенде, сол шикізатымыз өзімізге дайын өнім болып келіп жатса не дерсіз? Оның үстіне ет дефицитінің де шеті шыға бастап еді, баға шарықтады. Мәселен, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Жамбылда 969,5 тонна ет экспортталып, шекара асқан. Тарқатып айтсақ, оның 485,3 тонна сиыр еті Бахрейн королдігіне, Оман, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне кетіпті. 329,1 тонна қой еті де осы аталған елдерге жөнелтілген, тек бұл топқа Біріккен Араб Әмірліктері мен Иран қосылып, Өзбекстан сырт қалыпты. 155 тонна құс етін Қырғызстан мен Ресейге тасыппыз.
Негізі, шамамен 146 миллион халқы бар Ресей, Иран (81 миллион), Өзбекстан (33 миллион) елдері қазақстандық экспорт үшін таптырмас нарық. Бірақ агросектордың драйверін күшейтеміз деп, елдегі ішкі нарық зардап шекпесе екен дейміз.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР