Қаракемерлік кәсіпкер қолдауға зәру

0 52

Мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалар қазақстандықтардың жеке кәсіпкерлікпен айналысуына сеп болуда. Еліміздің кез келген өңірінде өз кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып жүрген жандар жетерлік. Жамбыл ауданында да бизнес идеясын жоспарлап, жүзеге асырып, пайда тауып отырған азаматтар бар. Соның бірі – Қаракемер ауылының тұрғыны Дархан Тутенов.

Жас кәсіпкер үйінің ауласында матрас жасаумен айналысады. Бұрынырақта Тараз қаласындағы матрас дайындайтын жиһаз дүкенінде шебер болған. Сол жерде жүргенде бұл істі жетік меңгерген. Алайда белгілі себептермен жұмыстан босап қалған. Содан үйде қол қусырып жатпайын деген оймен өзі жақсы білетін кәсібін мықтап қолға алған. Бизнес-жоспар құрып, оны жүзеге асырудың жолдарын жан-жақты ойластырған. Бизнесті бастауға, қажетті құрал-жабдықтарды алуға қаражат қарастырған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнесті бастауға берілетін грантты алу үшін конкурсқа қатысқан. Тиісті құжаттарды тапсырған. Бизнес-жоспарын ұсынған. Дегенмен грантты ала алмаған.
– Барлық қажетті құжатты, бизнес-жоспарымды ұсынғанмын. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі қолдау білдіріп, көмектескен. Бірақ грантты ала алмадым, – деген ол бізбен әңгімесінде.
Оның айтуынша, бір матрасты жасап шығару үшін екі сағат уақыт кетеді. Ол күніне шамамен бес матрасқа дейін дайындай алады. Кейде одан да көп. Сөйтіп, бір айда санын елуге дейін жеткізеді. Бұдан да көп қылып істейін десе, қолда бар құрал-жабдықтар ескі. Жаңасын алайын десе, қаражат тапшылығы қолын байлап тұр. Кейбір қажетті заттарды Алматы қаласынан алдыртады.
Аудан бойынша Дарханнан басқа ешкім матрас жасаумен айналыспайды. Оның жасап шығаратын матрастарының сапасы жақсы, бағасы өзгелердікінен арзандау (18000-70000 теңге аралығында) болғандықтан жұртшылық тарапынан сұраныс жоғары. Сәйкесінше тапсырыс берушілер де көп. Кейде тапсырыстың көптігінен үлгере алмайтын кездері де болады. Бұған сатып алушылар түсіністікпен қарайды.
Қазіргі таңда Дархан кәсібін кеңейтуді ойластырып жүр. Заманауи үлгідегі құрал-жабдықтарды, автоматтандырылған станоктарды сатып алмақ ниетте. Бұл өз кезегінде жұмысты жеңілдетеді, өндірістің көлемін ұлғайтуға, тұтынушылардың көбеюіне септігін тигізеді. Сондықтан ол мемлекет тарапынан берілетін грантты алу мақсатында биыл тағы да конкурсқа қатысады. Ендеше, іске сәт!

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
журналист,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.