Қарахан кесенесіндегі жұмбақ жазудың құпиясы ашылды ма?

0 107

Тарихтың темірқазығына айналған текті Тараз топырағында әлі де талай дәуірлердің жұмбағы жатыр. Осы уақытқа дейін қаншама мәрте зиярат етіп барсақ та зер салмай жүрген тағы бір жұмбақтың кілті табылды. Ол – көне шаһардың рухани символына айналған Қарахан кесенесіндегі жазу. Жер Ананың жеті қабатынан табылған түйір түйменің өзі түгел дәуірден сыр шертетінін ескерсек, Қарахандағы құпия болып келген сөздің аудармасы да алдағы уақытта ежелгі тарихымызды түгендеуге сеп болары сөзсіз.

Мәселен осы күнге дейін біз Айша бибі арудың келбетті кесенесіндегі «күз, бұлттар, дөңгеленген дүние…» деген жазуды көріп, естіп жүрген едік. Тарих саласының мамандары бұл сөздің де әлі бізге беймәлім жалғасы бар болуы мүмкін деген болжамдар жасайды. Хош, ол алдағы күннің һәм тарихшылар еңбегінің еншісінде.
Соңғы жылдары Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығына қарасты тарихтану бөлімінің меңгерушісі Асылжан Дулатидың Қарахан дәуірін зерттеп, зерделеп жүргенін білетін көзі қарақты оқырман аз емес. Бүгінгі күнге дейін қазыналы тарихымыздың рухани брендіне айналған Қарахан кесенесіндегі жазуға шыны керек, талай тарих саласының мамандары да аса мән бермегені рас. Тарихшылар үн қоспаған соң сіз бен бізге де беймәлім күйінде қала берді. Осы тұста Асылжан Дулатидың ізденісі өз нәтижесін беріп, құнды тарихтың тағы бір құпиясы ашылып отырғандай.
– Бар мақсатым – осы кесене маңдайшасында жазылған жазудың не туралы жазылғанын зерттеу арқылы көп жайттардың бетін ашу еді. Мен осы Қарахан дәуірінің тарихын зерттеп жүргеніме біраз жыл болды. Осыған орай мен осы жазуды араб тілін біледі деген біраз адамға жібердім. Олар оның арабша емес, парсы тілінде жазылғанын анықтады. Сосын парсыша жазуды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей ағамызбен сөйлесіп, сол кісіге жібердім. Ол кісінің аудармасы бойынша Қарахан мазарындағы парсыша сөздердің кілті ашылды. Ол былай аударылды: «Ықыласыңызға түс көріп оқыдым, патша гүлзары. Сен жазар болсаң оның тағдырына, патша гүлзары санымен саналған 1322» (تو که نویسد برای انجامش روضه پادشاه بود رقم). Яғни, мұндағы жазудың мағынасына қарап отырсақ, онда жатқан бір адамның қайтқан жылын меңзейді. Бәйіттің екі жолы толық жоғарыдағыдай аударылды. Егер 1322 жылы қайтыс болған адам болса немесе сол жылы мазар салынған болса, онда бұл мазарда жатқан адам кім болды деген даулы сұрақ туатыны ақиқат. Енді маған бұл қызық болып тұр. Менің «Алтын Орда һәм Қайду хан мемлекеті» деген мақаламда осы Тараз қаласын өзінің астанасы етіп, осында 40 жыл билік құрған Қайду хан туралы жазған едім. Мына деректерге қарап отырсам бұл мазар сонда 1300 жылы өмірден өткен Қайду ханның мазары ма деген де ой туады. Өзі өлген соң 22 жылдан кейін басына ұрпақтары кесене салдыруы да мүмкін ғой?! Ортағасырлық тарихшы Жамал Қаршы өзінің «Ал-мулхакат би-с-сурах» атты еңбегінде: «Біздің елдің ханы – Қайду хан 670/1271 жылдың қыркүйек айының соңында Таразда таққа отырған. Ол әділетті, жомарт, жұмсақ мінезді, елдің мүдделерін түсінетін, білімді, мұсылмандарды қолдаушы, мейірімді, тапқыр хан еді» дегенді айтады. Ал ортағасырлық «Муизз ал-Ансаб» атты еңбекте: «Қайду хан ұзақ өмір сүрді және 40 жылдай патшалық құрды. Оның қырық шақты ұлы болды» деген деректі келтіреді. Ендігі менің ойыма оралып отырған дүние, Қарахан бабаның аңызында да оның 40 жыл ел билегені, білімді, жомарт, әділетті болғаны айтылады. Ал бұл айтылған аңыздардың барлығы да біз айтып отырған жоғарыдағы деректердегі Қайду ханның бейнесіне келетіні айқын көрініп тұр емес пе? Және де Абылай ханның немерелері Саржан мен Есенгелді сұлтанның Ташкент құсбегісінің қолынан қаза тапқан кезінде, оларды осы Таразға әкеліп жерледі деген аңыздар бар. Шынында да бабасы Қайду ханның қасына жерленуі әлбетте қисынға келеді. Сонда бұл кесене Қарахан емес, Қайду хан кесенесі болғаны ма? Әрине, мұны енді болашақта зерттеуге алу керек және өзінің нақты шешімін табады деп ойлаймын. Қандай хан, қандай патша жатса да, ең бастысы, артына көптеген қалдырып, Тараз қаласын қасиетті мекенге айналдырып кетті. Тараз – әулие хандардың орталығы болғаны осындай деректерден байқалып тұрғандай. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе және қаламыздың орталығындағы Қарахан баба мазараты жанында ұлы хандар пантеоны болды деген ойымызды растай түсетіндей, – дейді Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығына қарасты тарихтану бөлімінің меңгерушісі Асылжан Дулати.
Қарап отырсақ бұл жазу да өлең тілінде өрілгеніне көз жеткіземіз. Руми мен Рудакилер мың жыл жырлаған Тараз шаһары расында шығыс шайырларының мәңгілік музасы болғанын көрсетеді. Қалай дегенмен бұл сөздің өзі шаһар шежіресін бағдарлау үшін рухани олжа екені анық.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.