Жамбыл жаңалықтары

«Қаралмада» демалатын күн жақын

Written by Aray2005

Жуалы ауданы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының үстіндегі Алатау бөктерінде «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы қызу қарқынмен жүргізілуде. Демалыс аймағында облыс тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалысын қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік қарастырылуда.

Жобалық құны 3 млрд 355 млн теңгені құрайтын туристік аймақ «Ішкі және кіру туризмін дамыту» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы кешеннің құрылысына 274 га жер телімі бөлінген. Тау-шаңғы базасына қажетті инфрақұрылымдар – жол, ауыз су, газ құбыры және электр қуатын тарту жұмыстары толығымен орындалды. Ауылға кіреберістен солға қарай тау бөктеріне дейін көсілген кең жолақты автожолдың құрылысы аяқталды. Оны тараздық «Айя-Сервис» ЖШС жүргізді.

Тікелей база орналасатын тау бөктерінде коттедждер қалашығы бой көтерді. 17 коттедждің орны қазылып, іргетасы құйылды. Кейбір коттедждердің қабырғасы қаланған. Демалыс аймағында кәсіби деңгейдегі сырғанау жолдары жасалып, заманауи үлгідегі аспалы жол теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікке таудың ұшар басына дейін орнатылатын болады. Оған қажетті жабдықтардың барлығы толығымен жеткізілген. Қары қалың, қысы ұзаққа созылатын ауданның табиғаты жыл он екі ай бойына туристерді тартуға таптырмайтын орын. Тек ауа райы ғана емес, логистикалық жағынан да тиімді аймақ. Бұл жер көршілес жатқан Жамбыл және Түркістан облыстарының қақ ортасында, халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінен де қол созым жерде тұр. Бұл туристердің жол-жөнекей соғып, емін-еркін демалып кетуіне мүмкіндік береді.
Тау-шаңғы кешені еуропалық стандарттарға сай салынуда. Ол іске қосылғанда тәулігіне үш мыңға дейін саяхатшыны қабылдайтын болады. Мұнда туристерге барлық спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтері көрсетіледі. Олар қолжетімді бағаға сапалы қызмет алып қана қоймай, таудың жұпар саф ауасымен тыныстап, жан қалауына сай демалатын болады. Қонақүйлер мен мейрамханалардың есігі айқара ашылады. Демалыс орталықтарында туристерге қыс айларында тау шаңғысы мен сноубордпен айналысуға мүмкіндік берілсе, жазда велотуризм, жылқымен серуен кұрып, қымызбен емделуге жағдай жасалады.

ПІКІР