Жамбыл жаңалықтары

«Қаралманың» қызығын биыл көреміз!

Written by Aray2005

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы негізінде өңірімізде әрбір салада бас бармақпен бағалап, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Аймақ тұрғындарының қажеттілігіне сай қолға алынған жемісті жобалардың, баянды бастамалардың бірқатары өткен жылы аяқталса, кейбірі әлі де жалғасуда. Әсіресе бұрнағы жылдары қыс түссе қыр асып кететін Жамбыл жұртшылығы Жуалы ауданы аумағындағы «Қаралма» тау-шаңғы кешені базасының пайдалануға берілуін тағатсыздана күтуде.

Бүгінде Шымкент қаласындағы «Тау самалы», Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортын білмейтін қазақстандық кемде-кем. Ал «Қаралма» кешенінің еліміздің өзге аймақтарындағы қысқы демалыс орындарына қарағанда мүмкіншілігі мол болмақ. Мәселен, «Шымбұлақ» кешеніндегі аспалы жолдың ұзындығы 1 200 шақырым болса, «Тау самалындағы» аспалы жол 1 300 шақырымды құрайды. Жуалы ауданының аумағында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобада ұзындығы 2 050 шақырым аспалы жол және Алатау тауының ұшар басынан кешенге дейін 2 300 метр сырғанау жолағы түседі. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген.
Сонымен қатар демалыс кешенінде қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алып, жылына 45 мың адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Жоба толықтай жүзеге асырыла бастағанда жаз мезгілдерінде тәулігіне 4 мың адамға дейін қабылдай алады. Мұнда саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ 50 адамға шақталған қонақүй, заманауи үлгідегі бір мейрамхана және 20 екі типті коттедждер құрылысы жүргізілуде. Екі қабаттан тұратын қонақүйдің аумағы 0,40 гектарды алып жатыр. Қонақүйде барлық маусымға арналған бассейн жұмыс жасайтын болады.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы» ұлттық компаниясы мамандарының сөзіне сүйенсек, жоба өткен жылы аяқталуы керек болған. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылыс жұмыстары тежеліп, үлкен қиындықтар туғызған екен. Кездескен кедергілерге қарамастан қазіргі таңда кешенде коттеждердің құрылысы қыза түскен. Жауапты тұлғалардың айтуынша, құрылысы 30 пайызға аяқталып тұрған тау-шаңғы кешені биыл пайдалануға беріледі. Яғни жамбылдықтардың, қонақтардың, ел тұрғындарының Жуалыға ағылатын күні алыс емес.

Талғат НҰРХАНОВ

Жуалы ауданы

ПІКІР