Қаралы үйге қазан астыру қисынды ма?

0 4

«Өмір бар жерде өлім бар». Бұл дүниедегі көрер жарығы, татар дәм-тұзы таусылып, бақилыққа бет түзеген адамды шариғат жолымен ақтық сапарға аттандыру – исі мұсылман қауымға ортақ парыз. Бірақ, жаназа және жерлеу рәсіміне, марқұмның жетісін, қырқын, жылдық асын беруге қатысты бүгінде әр өңірде әртүрлі дәстүр қалыптасқан.

Мәселен, ет жақындары келгенше 3-4 күн марқұмның мәйітін жер қойнына тапсырмай күту, жақынынан айрылып, жаны күйзелгендер қазан-қазан ет асып, көңіл айта келгендерге ас беру, жағдайы жоқ болса да қарызданып-қауғаланып жүріп бір қараны жетектеп әкеліп жығу, қала берді той болып жатқандай ас та төк дастархан жаю, жыртыс үлестіріп, ақша тарату секілді айта берсе адам айтып тауыса алмайтын қазаға қатысты жөн-жоралғылар біздің өңірге де жат емес. Осыны бірізділікке салу мақсатында облыс әкімдігінің дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облысымыз бойынша өкілдігі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлері бірлесіп «Қаралы үйдің ас мәзірлері және рәсімдері» тақырыбында жиын өткізген еді. Онда облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров жаназадағы ауқатты адамдардың мақтангершілігі тыйылмай тұрғанын, ал бақуаттылардан қалмауға тырысқан жағдайы жоқ отбасылар үшін бұл жағдай қиынға соғып отырғанын тілге тиек еткен-ді. Облысымыздың өкіл имамы Қанат Жұмағұл, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі директорының орынбасары Жанжігіт Омархан, облыстық «Ғұмыр–дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, Сарысу ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев, Мойынқұм ауданының бас имамы Ерлан Бөлегенов, Шу қаласының бас имамы Қуат Үрпеков, «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ыдырыс Юнусов, «Ахыска» түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ибрагим Зуфаров, қала тұрғыны Сейділда Пірімқұлов секілді азаматтар қатысқан осы бір арнайы жиында қаралы күнге қатысты ас мәзірі және жаназа рәсімін ретке келтіру мәселесі көпшілік ортада ашық талқыланып, жиын соңында «Жаназа һәм жерлеу рәсімдері» атты Қазақстан мұсылмандарының дәстүрлеріне негізделген пәтуасы бойынша қарар қабылданды.
Қарарда жаназа рәсіміне арналған ас мәзірі тізіміне кіретін тағамдар қатарына тек бауырсақ, тандыр нан, тәтті нан, қант, кәмпит, жент енгізіліп, ыстық тамаққа асылған ет немесе палау пісірілсін делінген. Одан бөлек, мейрамханаларда бір кісілік ас мәзірінің құны 2000 теңгеден артық болмауы керектігі атап көрсетілген. Мәйіттің үйде бірнеше күн жатып қалмай шариғат заңымен ертерек жерленуі, яғни таңертең қайтыс болған адамды келесі күні таңертең, түс қайта қайтыс болғандарды келесі күні түс қайта жерлеу, қабір басында ата-атаға таратылатын шапан, ақша, жыртыс беруді тоқтату, кез келген мұсылман зираттарында қабір әдептері мен тыйымдар жазылған тақтайша орнату, қаралы үйде, жиын-астарда өмірден өткен адам туралы тойдағыдай сөз алып, ұзақ-сонар естелік айтпай, көңіл айту үрдісін сақтап, тек жұбату сөздерімен ғана шектелу секілді ескертпелер назардан тыс қалмаған. Сонымен қатар қайғы жамылып отырған отбасына шариғат талабына сай қамқорлық, қолдау көрсету мақсатында көршілері, туысқандары ас-ауқат пен жаназа шығындарын өз мойнына алу, мәйіт шыққан үйден қырқына дейін ірі қара сойылмау, мәйіт жерленбей тұрып ас беруді тоқтату нақтыланған.
Қазаға қатысты жиын-ас немесе Құдайы тамақта көпшіліктің аста-төк дастархан жайып, жоқты жерден табуға тырысып бағатыны ащы да болса шындық. Өкіл имам Қанат Жұмағұл мұның ысырапшылдық екенін айтып отыр.
– Бүгінгі таңда ысырапшылдықтың түрі көбейгені рас. Қайғылы күндегі ысырапшылдық ас мәзірінде ғана емес, жаназа төңірегінде де өршіп тұр. Тіпті күнін зорға көріп отырған отбасылардың өзі қарызданып жүріп дастархан жаяды. Шын мәнінде жақынынан айырылып, жаны күйзеліп отырғандардың біреуге ас-ауқат беруге мұршасы болмайтыны анық қой. Алайда қара жамылған үйдің ас беруі бейне бір жұртшылық арасында «Мен кімнен кеммін?» деген бәсеке іспетті. Оған шектеу қоюды мақсат тұтқан имамдар мәйіт шығатын үйдегі Құдайы ас дастарханының ықшамдалған мәзірін дайындап ұсынып отыр. Бұл Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдігі белгілеген бірыңғай нұсқасы.
Қазақ «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпаған. Бірде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбары­мыз Әмір Абдолла есімді сахабасының суды шашып-төгіп отырып дәрет алып жатқанын көріп, мұның дұрыс еместігін айтса, әлгі сахаба «Ысыраптың дәрет алғанға да қатысы бар ма?» деп таңғалыпты. Сонда Пайғамбарымыз «Тіпті ағып жатқан өзеннің үстінде тұрсаң да ысырап жасауға болмайды» деген екен. Бұдан бөлек, қасиетті Құранда да «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырапшылдыққа жол бермеңдер. Себебі Алла ысырапшылдықты жақсы көрмейді» делінген. Негізі садақа бергенде де ысырапшылдық, тәкәппарлыққа жол беру шариғатқа қайшы, – дейді Қанат Әділханұлы.
Жаназа және жерлеу рәсіміне қатысты көпшілікке ыңғайлы үрдіс ұстану біздің облыстан басқа өңірлерде әлдеқашан қолға алынған екен. Бұл туралы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен айтып берді.
– Бұл шындығында да қоғамда өзекті деген негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Бұрнағы жылы «Жаназа және жерлеу рәсімдеріне» қатысты Қазақстан мұсылмандарының дәстүрлеріне негізделген арнайы пәтуасы қабылданғаны есте. Ол жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар да жарияланған. Сол кезде облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлері бірлесіп осындай бастама көтерген болатын. Десе де, бұған жаппай қолдау көрсету бізде кемшін түсіп отыр. Өзім куә болған бір жайтты айтар болсам, өткен жылы және осы жақын арада Түркістан облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Түлкібас ауылындағы бір үйде болған екі қазаға барып, көңіл айттым. Соның алғашқысында қаралы үйде ас та төк дастархан жайылған еді. Ал осы жолы барғанымда, тек алыстан ат арылтып келген ағайындар үшін жайылған дастарханда бір-екі жерден қант, май, бауырсақтың болуы бір өзгешеліктен сыр аңғартты. Сонда да болса имамды сөзге тартып білгенім, ол ҚМДБ ұсынған пәтуа негізінде жүзеге асқан жұмыстардың жемісі екен. Меніңше, осының басы-қасында ауыл имамдары мен беделді кісілер, ақсақалдар жүретін болса, пәтуа негізіндегі іс біздің өңірде де бірте-бірте жүзеге асатынына сенімдімін. Бұдан бөлек, қайтқан кісінің басына белгі орнатуда да бізде бәсекелестік бар екені шындық. Кейбір зираттардың зәулім үй секілді күмбезі көк тіреп тұратыны соңғы уақытта қатты байқалуда. Негізінен қорымның жан-жағын мал таптап, адам аяғы баспас үшін қоршайтыны белгілі. Осыны біз шатастырып алдық. Сондықтан, алдағы уақытта осы мәселеге қатысты да арнайы пәтуа қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Мәди Мейірбекұлы.
Десе де, «Бес саусақ бірдей емес» дейді қазақ. Себебі, өмірден өткен адамның ұрпақтары бақуатты болса, марқұмның өзі тапқан малын өзінен аянып қалмай, ақтық сапарға салтанатты түрде шығарып салып, жылы өткенде ас беріп, ат шаптыруды қалап тұратыны анық. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәріп Дәулетбаев бай мен кедей ешқашан тең болмайтынын, Кеңес үкіметі адамдарды 70 жыл бойы алысып теңестіре алмай кеткенін айтады.
– Мына заманда байлығы тасыған адамға «сен өйтпе, бүйтпе» деп кім айта алады?! Оның үстіне мұны ретке келтіреді деген имамдар қаралы үйге жаназа шығарылар уақытта шақыртылатын болғандықтан, ол сол ас та төк дастарханның үстінен түсетіні мәлім. Ол кезде анау-мынау деп ақыл айту кеш. Сондықтан, ауыл-ауыл мен көше-көшеде, ықшамаудандарда бір-бір ұйым құрылып, барлығы соған бағынышты болуы қажет. Елге сөзі өтімді ақсақалдар кез келген тұрғынның белгіленген талап пен тәртіптен асып кетпеуін қадағаға алуы қажет, – дейді ол.
Мәдениет саласының үздігі Тәкен Молдақынов Ислам діні қазақ даласына келмей тұрып та ата-бабаларымыздың белгілі бір ұстаныммен өмір сүргенін, сондықтан мұны жүзеге асыру жергілікті жердегі имамдардың қолында екенін айтады. Осы орайда біз бірді-екілі аудандардағы имамдардың пікірін білген едік. Сарысу ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев, Мойынқұм ауданының бас имамы Ерлан Бөлегенов, Шу қаласының бас имамы Қуат Үрпековтердің айтуынша, осы аудандағы бірқатар ауылдарда жаназа кезінде тойдағыдай дастархан жаю үрдісі жойыла бастаған. Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстарын одан әрі жүргізу де мықтап қолға алынған. Меркі ауданы «Меркі ата» мешітінің бас имамы Батырбек Қасымалиев нақ осы мәселе «көш жүре түзелетінін» айтып отыр.
– Жаназа, ас секілді жиындар мен жұма намазда жұртшылықты өңірімізде «Қаралы үйдің ас мәзірлері және рәсімдеріне» қатысты қарар қабылданғанынан құлағдар етіп, жалпы ас та төк дастархан жаю ысырап болып есептелетінін, қарапайым адамның қарызға, несиеге белшесінен батуы күнә болып саналатынын және ешкімнің өзінде жоқ бола тұра қарыз алып, діни рәсім атқаруға міндетті емес екенін айтып түсіндірудеміз. Мұны көпшілік қызу қолдап жатыр. Осы жағы қуантады. Әйтсе де, бірді-екілі үлкен кісілер келіп, «Әркім өз шамасына қарай көсіледі, біреудің дастарханына біреудің билік айтуы дұрыс емес» дегенді алға тартты. Ол кісілерге де ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын айтудамыз. Бәрі бірден бола салмайтыны анық, – деді Батырбек Жақсымбетұлы.

Мынадай ұшы-қиыры жоқ байтақ даламыздың о шеті мен бұ шетіне кезінде ата-бабаларымыз алты ай ат арытып зорыға жеткен. Сондай кезде алыстан көңіл айта келген құда-жекжатқа қонақасы берілгені даусыз. Ал ауылішілік ағайынның қапияда қара жамылып, қайғыдан қан жұтқан қаралы үйге қазан астыруы расында да жөн емес секілді.
Ал, сіз қалай ойлайсыз көзі қарақты оқырман?

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.