"Алтын бесік"

Карантин кедергі емес

Written by Aray2005

Табыстың тайқазанын қайнату үшін тек еңбек ету қажет

Қазір өңірдегі көктемгі дала жұмыстарының қызған шағы. Қырсыққанда карантин де алқымнан алып, онсыз да оңала алмай жүрген кейбір шаруалардың қолын байлағандай болды. Бірақ, экономикамыздың драйверіне баланған стратегиялық саланың тұралап қалмауына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алаңдаушылық білдіріп, қазынадан қарастырылар қаржыны аяп жатқан жоқ. Мемлекет басшысының қысылтаяң шақта басқа-басқа ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлгені құптарлық қадам. Қайтарымы бар сала емес пе? Оның үстіне қазақ «Көктемнің бір күні жылға азық» деген.

Төтенше жағдай кезіндегі ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар да көңіл көншітерлік-ақ. Бұл бағыттар бойынша ұйымдастыру жұмыстарын облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мықтап қолға алған. Басқарма басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, карантинге қарамастан өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарын 80 пайызға орындап қойыпты.
– Енді картоп, қант қызылшасы сынды дақылдар ғана қалды. Ал арпа, бидай, жүгері сынды басым дақылдар егіліп қойды. Дегенмен қазір облыс шаруаларының басты мәселесі – карантин кезіндегі ары-бері қатынауы өзекті болып отыр. Бұл мәселе бойынша облыстық жедел штаб бірнеше мәрте қаулы қабылдады. Өзім сол штабтың мүшесі болғандықтан ол шешімдер жан-жақты сараланып, ақылдаса отырып шығарылғанын айта аламын.
Қазір соңғы ережелер бойынша шаруа қожалық өкілдері өздерінің куәліктерін немесе арнайы анықтамасын көрсете отырып, аудан мен аудан араларында емін-еркін жүре алады. Жұмысшыларының да жұмыс бабымен ары-бері жүруіне ешқандай кедергі жоқ.
Екіншіден, жүк көліктері, азық-түлік жеткізушілер, ауылшаруашылық техникаларына да бүгінгі таңда ешқандай шектеу жоқ. Ең басты қинайтыны, кейбір шаруашылық өкілдерінің Тараз қаласында тұратыны болып тұр. Яғни, олар күнделікті қаладан шығып, қайта кіруі керек. Сондықтан бұл жұмысты жүйелеу үшін және сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында біз барлық шаруа қожалықтарды «Сергек» базасына енгіздік. Бұл іспен алғашында облыстық кәсіпкерлер палатасы айналысса, қазіргі таңда бұны біздің басқарма түбегейлі өз қолына алды. Осы мақсатта басқармада менің шешіміммен арнайы штаб құрылды. Шаруалар ондағы 51-10-86 нөмері бойынша іске қосылған call-орталығына рұқсатнама алу мәселесімен хабарласа алады немесе өтініштері 511086@mail.kz электронды поштасы арқылы қабылданады, – дейді басқарма басшысы Б.Нығмашев.
Нақтылай түссек, төтенше жағдайды ескере отырып, шаруашылықтар басқармаға сабылмау үшін электронды мекенжайға өтінім жолдай алатын тетік іске қосылған. Жалпы рұқсатнама алудың осы электронды тәртібі туралы басқарманың сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшасында толыққанды ақпарат бар. Соның арқасында қазіргі күнге 350-ден аса шаруа қожалығы өз рұқсатнамасын ресімдеп алған. Десе де, біраз қиыншылықтар болған көрінеді. Кейбірінде мөрі жоқ. Тіпті шаруа қожалық басшысымын деп «таксилетіп» жүргендері де кездесіпті. Олармен тиісті мекемелер айналысып жатыр.
Берік Болатұлы өткен жұмадан бастап «qoldau.kz/agroruqsat» порталы арқылы өзге облыстардан келетін азаматтар үшін де өтінім беру ісін қолға алып жатқанын айтып қалды.
– Бүгінгі күнге дейін 200-ге тарта өтініш келіп түсті. Оларды қарап, рұқсатын беріп жатырмыз. Қысқасы рұқсат беру мәселесі толығымен шешілді деп айтуға негіз бар. Бірақ жұмыс ауқымды болғандықтан күнделікті қиындықтардың туындап тұратыны да рас. Себебі кейбірі түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Бірақ барынша ақпарат жеткізіп жатырмыз. Оның үстіне кейбір түсінбеушіліктердің орын алуына адами факторлардың да әсері бар. Блок-бекетте тұрған мамандардың да тарапынан кемшіліктер орын алып жатыр. Сондықтан өткен екі аптаның демалыс күндері өзім де мамандарыммен бірге бекеттерде жұмыс істеп қайттық. Сол жерде біраз жайтты өз көзімізбен көріп, зерделеп, соған сай тиісті шешімдер қабылдадық. Яғни шаруалар Тараз қаласына кіру үшін міндетті түрде «Сергек» базасында тіркелуі керек. Ал облыс аудандарының ішінде ол міндетті емес. Өйткені шаруа тап қазіргі көктемгі дала жұмыстарында бір сағатын босқа өткізетін болса, оның науқандық зардабы орасан. Қазақ «Көктемнің бір күні жылға азық» деп бекер айтпаса керек. Қалай дегенмен карантиннің басталған кезінде шаруа қожалықтарында сәл қорқыныш болды. Біз аудан, ауылдық округ әкімдерімен бұл мәселені біраз пысықтадық. Мұндай жағдай тәжірибемізде бірінші рет болып тұрғандықтан дүрлігудің болатыны заңдылық. Сол үшін іс-қимыл алгоритмін жасап, жағдайды реттеп жатырмыз, – дейді Б.Нығмашев.
Одан бөлек басқарма кері байланысты да күшейте түсіпті. Яғни WhatsApp мессенджерінде шаруалардың ортақ чатын, атап айтсақ қызылшашылармен, пияз егушілермен, алма бағы шаруашылықтарымен жеке-жеке топ құрып, сол жерде көптеген мәселеге көз жеткізіп, шешілуін жеделдетіп отыр. Ол топтарға басқарма басшысы да тіркеліп, кей сауалдарға тікелей өзі жауап беріп отыр екен.
Облыста 4 миллион гектар жердің 700 мың гектары егістік, қалғаны жайылымдық. Кейінгі жылдары облыста мал шаруашылығының алға жылжуы байқалады. Қабылданған шаралар жылдан-жылға серпін беріп жатыр. Соңғы нәтиже бойынша мал басы – 5, егін шаруашылығы 3,5 пайыз өсім көрсетіп отыр.
– Бұл нақты мемлекеттік қолдаудың арқасында жеткен жетістік деп айтуға болады. Субсидиялар көлемі де артуда. Мәселен 2018 жылы субсидиялық қаражаттар көлемі 18 миллиард теңгені құраса, 2019 жылы 36 миллиард теңгеге көбейді.
Қой шаруашылығына, қой еті экспортына да көп көңіл бөлінген. Қазір төтенше жағдайға байланысты тоқтап тұр. Сондай-ақ кейбір субсидияларды ресімдеу жұмыстары да кейінге қалдырылды. Өйткені бізде субсидияның түрлері көп. Олардың көпшілігінің өтініші, тиісті құжатары электронды түрде ресімделсе, құдық қазу, күн панелін орнату, ғимарат соғу немесе лизингтік техниканы субсидиялау жұмыстары іссапарды қажет ететіндіктен, яғни жұмыс тобы арнайы зерделейтіндіктен бұл шаруа да шектеулерге байланысты тоқтап тұр, – деген басқарма басшысы дәл осы мәселеде шаруаларды уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарауға шақыруда.
Ал кепілдендірілген дизель отынын алуда аса қиындықтар жоқ сияқты. Үкімет тарапынан облысқа 18,3 мың тонна кепілдендірілген дизель отынын бөлініпті. Яғни дала жұмыстарына жететіндей көлемде жанармай алынған. Наурыз айына тиесілі 3500 тонна жанармайдың 94,4 пайызының қаржысы аударылып, 84 пайызы, яғни 2935 тоннасы облысқа жеткізілген. Ал сәуір айына бөлінген 5 мың тонна отын толығымен қолға тиген.
– Наурыз айында дизельдің 1 литрінің бағасы 194 теңгеден болса, қазіргі баға 170 теңгені құрайды. Яғни жиырма теңгеге төмендеді. Бұдан бөлек Президент тапсырмасына сәйкес, дизель отынының 1 литрі 165 теңгеден аспауы тиіс деген талап қойылды. Біз бұл тапсырма төңірегінде де зерделеп, есептеп шықтық. Бұл тапсырманы орындауға мүмкіндіктер бар, – дейді Берік Болатұлы.
Басқарма басшысы төтенше жағдайға қарамастан қант қызылшасы төңірегінде қордаланған қарыз да шешіліп келе жатқанын жеткізді. Қант зауыты басшылығымен бетпе-бет кездесудің реті болмаса да, облыс әкімі бейнебайланыс форматында жиын өткізіп, жағдайды реттеп жатқан көрінеді. Облыс әкімінің жиын өткізуінің арқасында бүгінде шаруалар 200 миллион теңгеден аса қаржыларына қол жеткізді. Бүгінге төленгені барлығы 360 миллион теңге болып отыр. Жалпы зауыттың 149 шаруа қожалығының алдында 1 миллиард 42 миллион теңге берешегі болған екен. Бүгінде тек 31 шаруашылықтың ғана қарызы қалып отыр. Енді облыс әкімімен келісе отырып әкімдік тарапынан келесі аптадан бастап қант зауытына несие бермек. Соның арқасында 200 миллион теңгеге жуық қарыз қайтарылуы тиіс. Қалған несиені зауыт «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан алады. Осылайша бар берешекті 10-15 мамырға дейін жабамыз деген жоспар орындалмақ.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

ПІКІР