Сұхбат

Карантин талаптары жеңілдетілгенімен, қауіп сейілген жоқ

Written by Aray2005

Әлемді әбігерге салған коронавирус кеселі елімізге де оңай тимеді. Өңір медицинасы да індетпен барын салып күресті. Нәтижесінде аурудың беті қайтып, провизорлық-стационарлық емханалардың дені қалыпты жұмыс режиміне көшті. Әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар қайта ашылып, елге қызмет көрсете бастады. Карантиндік режим жеңілдетіліп, тұрғындардың тынысы ашылғандай болды. Алайда бұл босаңситын жағдай емес. Әлі де болса сақтық шаралары қажет-ақ. Осы мәселелер төңірегінде Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Алтай Саурықовпен сұхбаттасқан едік.  

– Алтай Мұхтарұлы, өзіңізге мәлім апта басында күшейтілген карантин режимі аяқталды. Бұл вирус жұқтыру қатерінің жойылғанын білдіре ме?
– Әрине, жоқ. Дәл қазір вирус түбегейлі жойылды деуге болмайды. Ел ішінде әлі де науқастанып жатқандар бар. Сондықтан сақтық шараларын назарымыздан шығармай, жеке бастың гигиенасына баса назар аударуымыз керек. Сонымен қатар жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуі қажет. Барлық персонал бетперде, қолғап және өзінің технологиялық киімінде болуы тиіс. Дүкендер мен шаштараз қызметкерлері міндетті түрде бетперде, бас киім және фирмалық киімнің үстіне қолғап киіп жүруге тиіс. Барлық үй-жайлар үнемі желдетіліп, ал жұмыс орындары дезинфекциялау құралдарымен өңделуі керек. Біз сақтық шараларын босаңсытпай, денсаулық үшін тазалық пен ұқыптылықтың өзекті екенін естен шығармағанымыз жөн.
– COVID-19-дың ең жиі байқалатын белгілері қандай?
– Дене қызуының көтерілуі (38°C дейін) және құрғақ жөтел. Кейде тамақ ауырып, жиі шаршау сезімі пайда болып, буын ауруы, бас ауруы және ентігу сияқты белгілер байқалады. Ал мұрынның ағуы және диарея сирек кездесетін белгілерге жатады. Егер сізде инфекцияның алғашқы белгілері болса, жергілікті дәрігерге хабарласып, жағдайыңыз туралы ескертіңіз. Үйде болыңыз және отбасыңыздың мүшелерінен оқшаулап, төсек режимін сақтау керек. Көп мөлшерде су ішу де артық болмайды. Температура 38°C-тан жоғары болған жағдайда, оны  түсіру үшін дене қызуын төмендететін препараттарды қабылдау керек. Сонымен қатар тыныс алу жиілігі, дене қызуы, демігу, жөтелдің пайда болуы, күшеюі сынды көрсеткіштерді бақылап, дәрігеріңіздің кеңесіне жүгініңіз.
– Алғашқы ем-шараларды жасағанда да науқастың жағдайы нашарласа не істеген жөн?
– Егер науқастың жағдайы нашарласа  дереу жергілікті дәрігерге хабарласу керек немесе жедел жәрдем шақыру қажет. Коронавирус белгілері байқалған жағдайда дәрігердің нұсқауынсыз инфекцияны анықтайтын тест тапсыру үшін зертханаға баруға немесе өкпені компьютерлік томографияға түсіруге, өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдауға болмайды.
Үйде коронавирусты емдеу­дің өзіндік алгоритмі бар. Яғни ауруы жеңіл өтіп жатқан науқастарға антибактериалды терапия ұсыныл­май­ды. Олардың өкпесіне профилактика қажет емес. Дене қызуы 38 ° C-тан жоғарыласа, парацетамол немесе ибупрофен қабылдау ұсынылады. Ал пневмониямен ауыратын науқастардың зақымдану көлемі кіші болған жағдайда дәрігердің нұсқауымен антибиотиктер беріледі.
– Кейде мүлдем аурудың белгілері жоқ адамдар тест тапсырғанда коронавирусты жұқтырған болып шығып жатады. Олар көпшілік ортаға қаншалықты қауіпті?
– COVID-19-дың симптомсыз формасын жұқтырған адамдар инфекция көзі болып табылады. Сонымен бірге оларда аурудың клиникалық белгілері 14 күннің ішінде байқалуы мүмкін. Егер коронавирус инфекциясынан оң нәтиже шықса және ауру белгілері болмаса, үйден шықпай-ақ, тіркелген емханаға немесе Call-орталыққа қоңырау шалу қажет.
Медициналық бақылау күнделікті екі рет қоңырау шалу, жалпы жағдайды, температураны бақылау, шағымдарды нақтылау сынды алгоритм бойынша жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда бейнебайланыс арқылы кеңес беріледі. Індеттің түбегейлі жойылуы, карантин талаптарының қайта күшеймеуі ендігі кезекте әрқайсымыздың жеке жауапкершілігімізге байланысты. Бізге дерттің салдары ауыр боларын түсінетін және оған қарсы қам-қарекет жасауды тағы да бір пысықтайтын кез жетті. Біз үйде, жұмыста, отбасы-ошақ қасында, қоғамдық орындарда, кәсіпкерлік нысандар мен дүкендерде, жалпы кез келген жерде сақтық шараларын қатаң ұстана отырып, бұл кеселден іргемізді аулақ сала аламыз. Сондықтан дәрігер ретінде барша халықты тазалықты қатаң сақтап, денсаулықтағы әрбір өзгерісті мұқият бақылауға шақырамын.
– Кеңесіңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР