Қоғам

Карантинде көл жағалағандар сақтық шараларын ұмыт қалдыруда

Written by Aray2005

Бүгінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты шомылу маусымы қызып тұр. Карантинге қарамастан өзен-көл, су қоймалары мен тоғандарына шомылып, салқындағысы келетіндердің қатары артпаса кеми қойған жоқ. Олардың көбі қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарып, тыйым салынған жерлерде суға түсіп жататыны да белгілі. Спирттік ішімдік ішіп суға түсетіндер де, баланы өзен жағасында қараусыз қалдыратындар да азаймай отыр. Қарапайым ғана қауіпсіздік ережесін сақтамаудың соңы орны толмас өкінішке ұрындырары анық.

Сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтау – басты талап болып қала береді. Облыс аумағында 3 өзен, 100-ден астам су өткізу арнасы, 3 көл, 5 ірі су қоймасы және 102 ұсақ су қоймасы бар. Аталған су айдындарында шомылуға арналған 197 тыйым салу белгісі орнатылған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау саласындағы зілзалалар қауіп қатерін азайту және бақылау басқармасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаевтің айтуынша, жазғы шомылу маусымы басталғалы бері өңірде 7 оқыс оқиға орын алып, 8 адам қаза тапқан. Өкініштісі сол, оның үшеуі жасөспірім бала. Басқарма басшысының сөзінше, балалар өлімінің басты себебі ересектердің қараусыз қалдыруы, жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылу мен балық аулау кезіндегі немқұрайлылық әрекеттердің салдары екен. Әрине, елдегі карантин жағдайы мен шілденің шіліңгір ыстығында көпшіліктің түрлі су айдындарына барып, амалдайды. Дегенмен көпшілігі қауіпсіздік шараларын естен шығарып алуының соңы сан соқтырып жатады. Бірақ, тұрғындардың жағалаулар мен су айдындарына барғаннан бұрын карантин талаптарына бағынғаны абзал.
Жалпы облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау саласындағы зілзалалар қауіп-қатерін азайту және бақылау басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп көпшілік демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда 837 рейд ұйымдастырған. Бұл шаралардың нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 440-бабы бойынша 86 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынса, 45 тұлғаға жазбаша ескерту берілген.
– Өңір басшысының 2019 жылғы 7 тамыздағы №168 қаулысымен облыс аумағында жаппай шомылатын 15 орын белгіленген. Бұл орындарды суға батумен байланысты қайғылы оқиғаларға жол бермеу мақсатында ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» талаптарына сәйкес келтіру үшін аталған қаулы Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне жолданды. Қазіргі таңда 7 жаппай шомылу орынында қоғамдық құтқарушылар мен медициналық бекеттер құрылды. Нақтырақ айтқанда Тараз қаласындағы «Зербұлақ» жағажайында, Қаратау қаласындағы «Жартас» су қоймасында, Қордай ауданындағы «Саяхат», «СССР», «Алмаз», «Тұран» су қоймаларында, Сарысу ауданындағы «Комсомольское» көлінде аталған бекеттер жұмыс істеп тұр. Қаулы талабына сәйкес Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында белгіленген орындарда бекеттер құрылмаған. Себебі ондағы су айдындары қазіргі уақытта карантинге байланысты жабық, – дейді Мақсат Әшірбайұлы.
Сондай-ақ ол карантин талаптарын бұзған бірқатар шомылу орындарын да тілге тиек етті. Мәселен, адамдар көп жиналатын орындардың қызметіне қойылған карантиндік шектеулерге қарамастан Жуалы ауданындағы «Этно-Вилладж» демалу орталығы мен Сарысу ауданындағы «Жемчужина» көлі өздерінің қызметтерін тоқтатпаған әрі келушілердің санын шектемеген. Осының салдары адам өліміне алып келген. «Этно-Вилладж» демалу орталығында құтқарушылар мен медициналық бекеттің құрылмауының және карантиндік шектеулерді сақтамау салдарынан 8 жасар бала қаза тапқан. Сол секілді карантин талаптарын естен шығарған «Жемчужина» көлінде ересек азамат ажал құшқан.
Шомылу маусымы бастала салысымен тараздықтар «Зербұлақ» жағажайына қарай ағылады. Алайда карантиндік шектеулерді ескеріп жатқаны шамалы. Себебі ықшамаудандарға жақын орналасқан жағажай жаздық демалыстағы оқушылар үшін де таптырмас орын. Қазіргі таңда қалада бассейндердің жабық болуына байланысты көлге шомылушылардың қатары артқан. Мамандар мұнда күніне шамамен 500-2000 адам келетіндігін айтуда. Олардың әрбірінің қимыл-қозғалысын бақылау 12 адамнан тұратын құтқару жасағына да оңай соқпайтындығы белгілі. Сондықтан жағажайдағы бас құтқарушы Шоқан Кенжеғұлов әрбір азамат өз өміріне жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстағаны абзал екендігін айтады.
– Жағажайға шомылу үшін келетіндердің қатарында жасөспірімдер өте көп. Олардың қауіпсіздігін тәулік бойы назарымызда ұстаймыз. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда ауысым бойынша 24 құтқарушы еңбек етуде. Көбіне балалар ата-аналардың қарауынсыз шомылады. Сол секілді ересек азаматтарымыз ішімдік ішіп суға түседі. Бұл өте қауіпті. Сондықтан суға түскенде сақтық шараларын есте сақтау қажет, – дейді Ш.Кенжеғұлов

Әлбетте, әр мезгілдің өз қызығы бар десек, жаздың ыстығында салқын суға шомылу жанға жайлы. Жалпы өңірде шомылуға болатын жағалаулар мен көлдерден бөлек 63 бассейн бар болса, оның 32-cі Тараз қаласында. Айта кетерлігі, оның барлығы пандемияға байланысты жабық. Соған қарамастан тұрғындар жағалауды жағалап жүр. Бұл орайда, «шешінген судан тайынбас» деп салқындауды ойлағандарға «Су сенің досың және дұшпаның» дегенді де естен шығармағаны абзал.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР