Карантинде қымыз да қат дүниеге айналды

0 0

Сан ғасыр бойы ауыздан дәмі кетпеген бабалар сусыны қымыз қазіргідей қатерлі індет жайлаған кезеңде үлкен сұранысқа ие болуда. Байқасаңыздар, жылда осындай мезетте Тараз қаласының әр бөлігін қаздай тізіліп қанат жаятын киіз үйлер қазір жоқтың қасы. Бірнешеуінің есігінде құлып тұр. Себебі, халық сары балды бие сауылған сәттен бастап алып кетіп жатқан көрінеді.

Қазақтың қымызға құмар екені дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи шындық. Ал сол сусынға зәру болғанымыз шынында да парадокс. Қатерлі індет қастерлі сусынның қадірін қалалықтардың алдында асқақтатып жіберді.
Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті – сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?! – деп Ақтамберді жырау ақтарыла жырлаған сусынды халқымыз сауық-сайранда да, сұрапыл майданда да тұтынды. Енді адамзат баласын қылышсыз қырып, мылтықсыз мерт қылуды мақсат еткен COVID-19 кезінде де дегбіріміз қашып, дерттің дауасын дәруменге бай бабалар сусынынан іздеуге мұқтажбыз. Оның да жөні бар. Біріншіден қазір қырық қиқымы химиялық қоспалардан құралған дәрілер ағзаңның бір жерін емдесе, екіншісін ауру ететіні ешкімге жасырын емес. Оны ақхалаттылардың өздері де жоққа шығармайды. Екіншіден иммунитеті мықты ағзаға дерт жоламайтынын медицина қызметкерлері растайды. Осы ретте сиыр сүтінен «С» дәрумені он есе көп, он есе қуатты, альбуминдік қасиетке ие, яғни ана сүтімен пара-пар қымыздың адам ағзасына деген пайдасын айтып әлекке түсудің қажеті шамалы. Сонау энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысындағы қазба жұмыстары барысында табылған ыдыстың түбінде ғасырлардың өрнегі болып қатып қалған қымыз жұмыр жердің бетінде тұңғыш рет тұлпарды ерттеп мінген бекзада бабаларымыздың ардақты асы болғанын дәлелдеп берді. Қазір де қазанат мініп, бабалар жолын жалғастырып жүрген азаматтар аз емес. Сондай азаматтар бүгінде ата кәсіптен табыс тауып, ең ақырғысы қалалықтарды қымызбен қамтамасыз етіп жүр. Облыс орталығындағы ақшаңқан киіз үйлердің басым көпшілігі де соларға тиесілі. Негізінен Таразда сатылымдағы қымыздың дені Жамбыл ауданының Амангелді ауылы, Жуалы, Меркі аудандарының үлесінде. Бірер жыл бұрын қаланың батыс қақпасымен іргелес жатқан «Абсент» шаруа қожалығында бабалар сусынының жанашыры Дүйсенбек Ыбыналиевтің бастамасымен дүркіретіп «Қымызмұрындық» мерекесі өткенін ел ұмыта қойған жоқ. Әрине оған дейін де, одан кейін де тіпті күні кешеге дейін осындай қымыз тапшылығы болады деп үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ.
– Карантин басталғалы бері үйден шықпаймыз. Үйде аяғы ауыр келіншегім мен зейнеттегі анам бар. Қанша жерден оқшаулансақ та отбасымызбен тұмауратып қалдық. Дәріханада дәрі жоқ. Таңнан қара кешке дейін қаланың дәріханаларын шарлап жүріп бірнеше препаратты

ғана таптым. Дәрігерлердің айтуы бойынша келіншегіме жүктілік кезінде көп дәрі ішуге де болмайды. Содан әулетіміздің үлкендері қымыз ішіп сауықтық деп кеңес берді. Қазір қаладан қымыз таппай жүрмін. Әлеуметтік желідегі жарнамалармен де талайына хабарластым. Жақын маңдағы жылқы асырайтын кісілерге таң сәріден барған күннің өзінде сатылып кетіп жатыр,– дейді Тараз қаласындағы «Арай 2» тұрғын үй алқабының тұрғыны Рауан Әсемов.
Ашығын айтқанда әскерсіз батырлар, академиясыз данышпандарды дүниеге әкелген ұланғайыр Ұлы далада сан мың дертке дауа бары анық. Жедел жәрдем түгілі дәрі мен ине, тіпті медицина жоқ кезде жанға медет болатын шипа да аз болмаған. Соның бірегейі де осы қалың қарды тұяғымен қазып, дала дәруменін бойына сіңірген биенің сүті. Осындай қиын-қыстау кезеңде сары балдың бағасы сары алтынмен теңескені де жасырын емес.
– Әкем табиғатынан қымызға құмартпаған жан. Үйде қонақ күткен кездерде де қымыздан татып алмайтын. Себебін сұрасақ маған жақпайды дейтін де қоятын. Таза ауылдың қымызы болса ғана бір-екі кесе ішетін. Ал қаланың қымызына мүлдем қарсы. Екі жеті бұрын әкем пневмониямен ауырды. Жедел жәрдем келіп Байзақ ауданындағы стационарға алып кетті. Киім-кешегін жинап барғанымыз сол еді ол жақта адам көп болып, бізді қабылдаған жоқ. Үй жағдайында емделуге кеңес берді. Дәрілердің тізімін жазып бергенде олардың қаладан табылмайтынын қайдан білейік? Оған қоса әкем дәрі-дәрмекті де жақтырмайды. Содан Жуалыдағы таныстарымыз ем болсын деп қымыз беріп жіберіпті. Күн сайын қинап болса да әкеме қымыз бердік. Үшінші күні жағдайы жақсарды. Бірақ қазір Жуалыдағы туыстарымызда да қымыз қалмапты. Алдын ала сұратып алып қоймасақ, ол жақта да сұраныс жоғары. Ал қалада Сүлейменов көшесінің бойындағы қымыз сататын орыннан алып жүрмін. Оның өзінде таңертең бармасаң, таусылып кетеді. Ал сауда орталықтарында сатылатын фирмалық қымыздардың сапасы нашар. Айранның ыдысына су араластырып қойғандай әсер етеді. Оған қоса карантин кезінде қымыздың бағасы да қымбаттап кетті,– дейді Тараз қаласының тұрғыны Жұлдыз Омарова.
Темірді қызуында соғайық деп біз де қымыз сатушылардың біршамасының алдынан өттік. «Арай» иіні, Сәтпаев, Пушкин көшелері және ықшамаудандардағы киіз үйлердің көпшілігі жабық немесе орындарында жоқ. Ал барлары қымыздың таусылып кеткенін және ертең де болмайтынын, себебі халық сары балды бие сауылған жерден алып кетіп жатқанын айтуда.
– Өзім үйде сегіз жылқы асыраймын. Қысы-жазы отбасыма жететін қымызым бар. Артылғанын сатып алып кетеді. Бұрнағы жылдары қымыз сұраушылардың саны көп емес еді. Әрі үйде бар болған соң балалар да қымызды аса көп тұтына бермейді. Бірақ, карантин басталғалы өзімізге жетпей қалып жүр. Қазір екі-үш күн бұрын алдын ала тапсырыс беріп қоятындар көбейді. Тәулік бойы телефонмен хабарласатындар да аз емес. Оларға литрін 800 теңгеден сатып отырмын. Келушілердің арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Ара-тұра дәрігерлер де келіп тұрады. Күнделікті қымыз тұтынып жүргендіктен бе, әйтеуір отбасымыз ауру-сырқаудан дін аман, – дейді қымыз саудасының көрігін қыздырған кәсіпкер Сабыр Оспанұлы.

Бір сөзбен айтқанда тараздықтар қазіргі таңда дәріханалардан гөрі қымызханаларды көптеп торуылдауды әдетке айналдырғандай. Мұндай кезде сары балдың сапалысын табу да қиынның қиыны. Осындай кезде Тараз қаласында ұлттық сусын орталығының жоқтығы да жанға батады. Десек те ел сенделген дертті ағзадан да, қоғамнан да қуып шығуға сары қымыз сеп болса деп сенуде. Лайым, солай болғай!

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.