Мәселе

Карантинді елемейтін «Қозы көрпештер», бетпердесіз «Баян Сұлулар»

Written by Aray2005

Өз өміріңіз өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!

Карантин кезі еліміз үшін сын сағаты соғып тұрған сәт. Айтпай келген ажалдың елшісіндей ауыр індет арамыздан танымал тұлғаларды да, ат төбеліндей ғана халқымыздың аяулы перзенттерін де, қойы қоралас ағайынды да, тамырлас туысты да, кіндіктес бауырды да алып кетіп жатыр. Ешкімнің қимастығына, көз жасына қарап жатқан жоқ. Қариясын қазынаға балаған қазақы қоғамның бұл байлығы да ортайып қалғандай. Күн санап бірінің асқар тау әкесі естелікке, енді бірінің ақ жаулықты анасы мәңгілік сағынышқа айналып жатыр. Осындай қиын-қыстау кезеңде саябақта серуендеп, сақтық шараларын түбегейлі көзге ілмей жүргенімізге жол болсын.

Дана халқымыз әу бастан «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деп бекер айтпаған ғой. Жасыратыны жоқ алғаш карантин басталғанда індеттің бар-жоғына көпшілік күмәнмен қарады. Басым көпшілігі сенген жоқ. Сол сенімсіздік жағдайдың бүгінгідей ушығуына себепші болды. Қазір қазақ даласында осы қатерлі індеттің кесірінен қасірет шегіп, қара жамылып отырған отбасылар аз емес. Көзіміз жеткенше індет жайында алуан түрлі болжам айттық. Ақыры індеттің барына көзіміз жетті, көңіліміз күйреді. Бір жұтым ауаға зар болдық. Түймедей дәрі үшін түйенің құнын сұрағандар да табылды. Осылайша еш дәлелсіз сенімсіздіктің кесірінен әлеуметтік-экономикалық, моральдық-психологиялық хаосқа өз қолымызбен жол бердік. Бір ғана сенімсіздіктің құны біз үшін осыншалық қымбатқа түсті. Енді сол қателік өмірлік сабақ болса игі. Себебі ел тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте қатерді көзге де ілмей, сақтық шараларын елемей жүргендер әлі де баршылық. Оған дәлелдің де қажеті жоқ. Ал егер қажет болса кешқұрым Тараздағы «Жеңіс» саябағына бас сұқсаңыз, арақашықтық сақтамақ тұрмақ топтасып, арқа-жарқа болып жүрген бетпердесіз дүйім жұртты кезіктіресіз. Ондағы көпшіліктің басым көпшілігі жастар мен орта жастағылар.
– Қазіргідей карантин жағдайында үйде отыра беріп те мезі боласың. Оны өзіміз де түсінеміз. Күнде кешкісін немерелерімді ертіп саябақта серуендейміз. Дегенмен өзіміз үшін сақтық шараларын толық сақтаймыз. Немерелерімді бетпердесіз далаға шығармаймын. Себебі қауіпсіздік әр адамның өзіне қажет. Бірақ саябақта сақтықты көзге іліп жүрген жандар аз. Құдды бір саябақтың ішінде коронавирус жоқ сияқты. Оның үстінде үш адамнан артық топтасуға болмайды деген ескерту қайда қалды? Саябақта кемінде 5-6 адамнан топтасып жүретіндер көп. Оның ішінде жастар да, орта жастағылар да бар. Бірнеше мәрте бетперде тағыңдар деп ескерту жасап едім, көздеріне жау болып көрінгендей болдым. Осы күні саябаққа баруға да қорқып жүрмін. Өзім үшін емес әрине, өмірі енді ғана бастап келе жатқан немерелеріме алаңдаймын, – дейді зейнеткер Жәмилә Сәрсенбекқызы.
Расында сырт көзге жарықтары сөндірілген саябақтың ішінде қатерді көзге ілмейтіндердің қарасы қалың. Кезіктірген он адамның бір-екеуі ғана бетпердемен, қалғаны сенімсіздік дертіне шалдыққандар.
– Мен күн сайын кешкісін жұмыстан қайтарда осы «Жеңіс» саябағы арқылы өтемін. Бірен-саран егде жастағы кісілер болмаса, жастардың бетперде тағып жүргенін көрген емеспін. Оның үстіне мұнда балабақшалардың жұмысы тоқтап тұрған карантин кезінде аттракциондар белсенді жұмыс жасады. Ал ондағы бала-шағаны көрсеңіз, арақашықтық сақтау туралы ештеңе айта алмайсың. Мұндағы балмұздақ, жүгері сататындардың да, шағын шарларды дәлдеп атқызып, сыйлық үлестіретіндердің де айналасында карантин талаптары сақталып жатқан жоқ. Сондықтан мұндағы аттракциондардың жұмысына да шектеу қойылуы керек деп санаймын, – дейді қала тұрғыны Сәбира Мақсұтова.
Тараздықтарға талай жыл таңсық болған саябақтағы жағдай осындай. Жағалау маңындағы ел игілігіне берілген жаттығу орындары мен әткеншектердің айналасында да кешқұрым ине шаншыр орын таппайсыз. Осы ретте кешкі саябақтың басты кейіпкеріне айналған жастармен де тілдесіп көрдік.
– Аптасына үш-төрт рет достарымызбен «Жеңіс» саябағында жиналамыз. Жағалау маңайында жүріп, Instagram-ға бейнеролик түсіреміз. Бетпердеміз бар, бірақ күні бойы оны тағып жүру мүмкін емес. Тынысыңды тарылтып, құлағыңды да ауыртып жібереді. Сол себепті бетпердені қалтаға салып, көбіне өзімізбен бірге алып жүреміз. Дүкендерге кірерде тағып аламыз. Ең бастысы саябақ жабық жерде орналаспаған ғой, – дейді өзін Олжас деп таныстырған жасөспірім.
Қасындағы қатарластарының пікірі де осыған саяды. Дегенмен жұмыр жердегілердің шыбын жанын бір шүберекке түйгізген қатерлі індет жастық максимализмді де жайпап өтетінін ұмытпағанымыз абзал. Жастарға оны да шамамыз жеткенше түсіндіріп бақтық. Ондағы ойымыз саябақтағы қауіпсіздікті елемейтін «Қозы көрпештер» мен бетпердесіз «Баян сұлуларға» да жетсе деген ниет.
– Карантин кезінде мамандарымыз күнделікті осы саябақтарда сақтық шараларын қадағалаумен айналысып жүр. Жасыратыны жоқ, саябақтарға келушілердің арасында карантин талаптарын сақтамайтын тұрғындар да кездесіп жатады. Оларға ең алдымен жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Басты міндетіміз әрине, халықтың қауіпсіздігін сақтау, қатердің алдын алу. Сондықтан көпшілікке сақтық талаптары барынша түсіндірілуде. Ал қарсылық танытып, талапқа көнбейтіндерге ҚР ӘҚБтК 425 бабы, 1-бөлімі бойынша, яғни халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу дерегі бойынша хаттама толтырылады. Сол себепті үйдегі жақындарымыздың өмірі, халқымыздың амандығы үшін барлық қала тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын, – дейді Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.

Айта кетсек, жалпы облыстың бас мемлекеттік санитарының 2020 жылғы 30 шілдедегі шыққан «Жамбыл облысында қатаң шектеу шараларын ұзарту туралы» №30 қаулысына сәйкес өңірде 40 мобилдік топ жұмыс жасауда. Бүгінге дейін топ мүшелері аймақта 886 нысанды тексеріп, 50 құқықбұзушылықты анықтапты. Оның ішінде облыс орталығындағы кафелер мен дүкендер де бар. Қалай дегенмен қаладағы саябақтарға да қатаң қадағалау қажет секілді. Себебі сол «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп өшпес өсиет қалдырған Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші орналасқан «Жеңіс» саябағында осындай жағдайдың орын алып жатқаны жанға батады. Індетті жеңу де, оның жеңісіне жол беру де өз қолымызда. Осыны естен шығармайық, құрметті оқырман!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР