Жамбыл жаңалықтары

Карантинді жеңілдетудің үшінші кезеңі

Written by Aray2005

2020 жылы 19 мамырда облыста карантинді жеңілдетудің үшінші кезеңі күшіне енді.
Бірқатар облыстарда коронавирустық инфекциялар санының күрт өсуіне байланысты, сондай-ақ аймақтағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Жамбыл облысының жедел штабы карантиндік шараларды тек ішінара жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Атап айтсақ, мыналардың жұмысына рұқсат етіледі:
– монша кешендерінен тыс шаштараздар мен сұлулық салондары (алдын ала жазылу бойынша). Жұмыс уақыты 10.00-ден 18.00-ге дейін;
– жазғы алаңы бар, ашық аспан астында жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындары (сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын). 10.00-ден 20.00-ге дейін;
– құрылыс материалдары мен тұрмыстық тауарларды сату базарлары. 7.00-ден 17.00-ге дейін;
– қонақ үйлер.
Сондай-ақ 20 мамырдан бастап Тараз қаласының аумағында орналасқан түлектерді ҰБТ-ға дайындау бойынша оқу орталықтарының қызметіне рұқсат етіледі.
Жоғарыда аталған кәсіп түрлерінің жұмысын қалпына келтірудің міндетті шарты – санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау. Мұны арнайы мобильдік топтар қадағалайтын болады.
Облыс тұрғындары денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ инфекцияның жоғары қаупіне байланысты қоғамдық көліктер тоқтатылған еді. Қазіргі кездегі қалыптасып отырған эпидемиялық жағдай маршруттық автобустардың жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік бермеуде. Облыс тұрғындарынан бұған түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Аталған жеңілдіктер COVID-19 таралу ошақтары бар Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарынан басқа облыстың барлық аумағында қолданылады.
Облыс пен Тараз қаласының периметрі бойынша автожолдарда, коронавирус ауруы анықталған елді мекендерде карантиндік шаралар алынып тасталғанша блок-посттар өз жұмысын жалғастыра береді. Тұрғындардың қозғалысы да шектеулі күйінде қалады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР