Қарапайым маманнан округ әкіміне дейін өскен Еркебұлан Абасов қазір қайда жүр?

0 254

«Nur Otan» партиясының «Жастар кадрлық резерві» партиялық жобасы талай жалынды жастың жолын ашты. Жарқын жобаның ықпалымен еңбек жолын қарапайым маман болып бастап, округ әкімі қызметіне дейін сатылап өскен жастың бірі – мойынқұмдық Еркебұлан Абасов. Алайда бірнеше жыл бұрын әкімдік қызметінен кеткен Еркебұлан Абасов қазір қайда жүр? Қай салаға бет бұрды?

Е.Абасов 1991 жылы Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген. 2008 жылы аталған ауылдағы Абай орта мектебінің 9-сыныбын тәмамдап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжінің «Автомобиль жолдарын және аэродромдарды салу және пайдалану» мамандығына түседі. Арнаулы орта оқу орнын 2010 жылы бітіріп, 2010-2013 жылдары ТарМУ-дың «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша білімін тереңдетеді.
Ілім мен білімге жаны құмар Еркебұлан Абасұлы диплом алғаннан кейін қалада қалмай, туған топырағы Жамбыл ауылына оралып, округ әкімі аппаратына іс-жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Талабы таудай жалынды жас көп ұзамай аудандық жастар ресурстық орталығына жастар ісі жөніндегі әдіскер қызметіне тағайындалады. Көшбасшылығымен көзге түскен Еркебұланға жыл өтпей жатып аудандық жастар ресурстық орталығының директоры қызметін атқару сеніп тапсырылады.
– Орталықты басқарған жылдары Мойынқұм өлкесінде орналасқан өндіріс орындарымен тығыз байланыста болдым. Ондағы мақсатым – аудан жастарын мамандық таңдауда өндіріске қажетті салаға бет бұрғызу болатын. Сондай-ақ жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында да жүйелі жұмыстарды жолға қойдым. Үгіт-насихат жұмыстарының арқасында сол тұста «Бастау Бизнес» жобасы арқылы көптеген жас кәсіпкерлікке бет бұрды. Ауданда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шаралардың да бел ортасында жүрдім. 2014 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықовтың демеушілігімен ауданда орналасқан тарихи ескерткіш – «Құралай сұлу» кесенесінің құрылысына жастарды ұйымдастырып, көмек көрсеттік. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асыруда денсаулық, білім, ветеринария, мәдениет саласындағы жастар арасында түрлі шаралар ұйымдастырып, республика, облыс көлеміндегі байқау мен семинарларға жолдама алып бердім. Осылайша аудан жастарының білімі мен біліктілігін шыңдауға барынша күш салдым, – дейді Еркебұлан өткен күнді еске алып.
Еркебұлан Абасұлы «Nur Otan» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы «Jas Otan» жастар қанатының төрағалығын да абыройлы атқарады. Ал 2016 жылы жанарынан жалын ұшқындаған жас Мойынқұм аудандық мәслихатының VI шақыры­лы­мы­ның депутаты болып сайланады. Мандатқа ие болған Еркебұлан кішіпейілділігін сақтай біліп, халық қалаулысы ретінде аудандық жастар орталығының техникалық-материалдық базасын жақсарту үшін қажетті қаражат бөлдіруге ықпал етеді. Сондай-ақ Мойынқұм аудандық қоғамдық кеңесінің хатшысы сынды қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады.
2017 жылы Еркебұланның еңбегі тағы бағаланып, Мойынқұм ауданының Хантау ауылдық округі әкімі болып тағайындалып, үлкен міндет жүктеледі.
– Шындығын айтайын, әкімдік қызметке келгенімде қатты қобалжыдым. Себебі сенің жауапкершілігіңде тұтас округ халқы тұр. Десе де «шешінген судан тайынбас» деген қағидамен жұмысқа білек түре кірісіп кеттім. Мұнда да ауыл жастарын қолдауға айрықша көңіл бөлдім. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіре жүріп, жастар кәсіпкерлігін дамытуға ден қойдым. Жолды жаңарту, көшені жарықтандыру сынды әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмай, бұқараның мұң-мұқтажына құлақ түрдім, – дейді кейіпкеріміз.
Е.Абасұлы Хантау ауылдық округінде екі жыл абыройлы еңбек етіп, 2019 жылы құрылыс саласына бет бұрады. Сөйтіп, «АБК Автодор-НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аға шебердің көмекшісі болып еңбек етеді.
– Өмірде қандай жұмыс болса да қашпау керек деп ойлаймын. «АБК Автодор-НС» серіктестігіне жұмысқа келгенімде бізге «Меркі – Шу – Бурылбайтал» республикалық мәндегі жол құрылысын жүргізу сеніп тапсырылды. Мұнда балшық құйып, тасты да қолмен тасыдық. Ең бастысы, көкейімде ел мүддесі үшін еңбек етіп жатырмын деген ой тұрды. Кеше ғана бір округтің әкімі болсам, бүгін қара топырақтың арасында жүргенімді намыс көрмедім. Ұлы Абайша айтсақ, асымды адал табуға тырыстым, – дейді Еркебұлан.
Өткен жылдың қазан айында Е.Абасұлын Мойынқұм ауданы әкімдігі қызметке қайта шақырып, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін тапсырған екен. Ал біз Еркебұланмен хабарласқан күні ол Мойынқұм ауданы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ «Мойынқұм адалдық алаңы» кеңсесінің жетекшісі болып та сайланыпты.
Осылайша ешбір қиындыққа мойымай, қандай сынақ болса да жастық жігермен көтере білген кейіпкеріміздің мемлекеттік қызметке қайта оралу мүмкіндігі туып отыр. Біз Еркебұлан Абасұлының алдағы жұмысына тек жеміс пен сәттілік тілейміз!

Саян ТІЛЕУЖАН,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.