Қарасу ауылына Қосы батыр есімі берілді

0 11

Жуырда Суханбаев ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылына ел басына қилы-қилы қиын кезең туғанда жоңғарлармен шайқаста қасиетті қазақ жерін қасықтай қаны қалғанша қорғаған халық батырларының бірі  – Қосы батыр Сәмбетұлының есімі берілді.

Даңқты батырдың ескерткіші еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қарасу ауылының кіреберісіне орнатылған болатын. Сонымен қатар туған жерінде және аудан орталығында көшеге есімі берілді.

Салтанатты іс-шара ауылдың кіреберісіне жаңадан тұрғызылған айшықты қақпаның ашылуымен бастау алды. Қақпа «Қосы батыр» қорының ұйытқы болуымен, батыр ұрпақтарынан жиналған қаржыға қысқа мерзімде тұрғызылған болатын.

Қосы батыр ауылына кіреберісте жаңа қақпаның (арка) ашылу салтанатында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Өмірбек Бүтінбаев, «Қосы батыр» қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов ретімен сөз алып, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.

Алматы қаласынан келген құрметті қонақ, облыстың бұрынғы әкімі Кәрім Нәсбекұлы ауылға қазақ халқының атақты батырының есімі берілуімен құттықтап, Дәулетбай Есімбеков басқарған қоғамдық қордың үлкен істер атқарғанына тоқталды. Сонымен қатар бүгінгі шараға жер шалғайлығына қарамастан Алматы қаласы мен Шу өңірінен келген қонақтар мен ауыл азаматтарына алғысын білдірді.

Ал Д.Есімбеков батыр ұрпақтары құрған қордың  бұрын-соңғы атқарған істеріне тоқтала келе, елге еңбегі сіңген азаматтардың аттарын атады.

Толқыныс сезімге толы шарада Қосы батыр ауылы қақпасының лентасын қию рәсімін К.Көкірекбаев, Д.Кәрібек, Д.Есімбеков жасады. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар «Рухани жаңғыру» жобасы аясында, Қосы батыр ауылын абаттандыруға қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.

Шу ауданынан келген Жамбыл облысының Құрметті азаматы Тұрсынбай Халық сөз алып, Байзақ ауданының басшылығы мен  жұртшылығына алғыс сөзін арнады.

Салтанатты шара соңында оған қатысушылар аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Тағылымды іс-шараға қатысушылар бұдан кейін Қосы батыр ескерткіш-кешенінде болып, батыр баба рухына тағзым етті. «Байзақ баба» мешітінің имамы Рамиз қажы мен «Қосы батыр» мешітінің имамы Баку қажы оқыған Құранға қол жайды. Шара соңында қонақтар Қосы батырдың ұрпағы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы Арғынбай Бекбосын ағамыздың қабіріне зиярат етіп, әруағына құран аяттары бағышталды.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Байзақ ауданы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.