Жамбыл жаңалықтары

Қаратау қаласында 6 көпқабатты үй жөнделіп, пәтерлер кезек бойынша берілуде

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Талас ауданының әкімі Д. Алиевтің қатысуымен брифинг өтуде. Жиын барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының жайын баяндап өтті.

– Үстіміздегі жылдың 4 айында Талас ауданындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 768 млн. 400 мың теңгені құрап, өткен жылымен салыстырғанда 177 пайызға артық орындалды.Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 2 980 шаршы метрді құрады.

Бұдан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында Қаратау қаласында 3 көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал, «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша ауданда 2019 жылдың 1 мамырына кезекте тұрған тұрғын үйге мұқтаж азаматтар саны 1 599 адамды құрап отыр.

Бағдарлама аясында Қаратау қаласында жалпы ауданы 27 752 шаршы метрді құрайтын 440 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, кезекте тұрған азаматтарға кезек ретімен берілуде.

Сонымен қатар, қаладағы бос тұрған 3 көпқабатты тұрғын үйлер коммуналдық меншікке алынып, аудандық бюджеттен 14 млн. 910 мың теңге бөлініп,  үйлерді қайта жаңғырту және инфрақұрылымын қайта құруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, – деді аудан басшысы өз баяндамасында.

Сонымен қатар, ауданда көп балалы немесе жағдайы төмен отбасыларды уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жа жүргізілуде. Бұл мақсатта, Қаратау қаласындағы 3 мөлтек ауданы №3 және №4 жатақханалары Талас аудандық сотының шешімімен коммуналдық меншікке алынып, қайта жаңғырту жұмыстарына 452 млн. теңгеге жобалық сметалық құжаттама жасалған. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 3 көп балалы отбасыға Бостандық, Ойық және Үшарал ауылдарында 3 үй сатып алынды.

ПІКІР