"Тарих. Таным. Тағылым." Сұхбат

Қаратау – қазақ халқының алтын бесігі

Written by Aray2005

(Жалғасы. Басы газетіміздің өткен санында) 

– Сіз іздеген Шу қағанының ордасы сол шығар?
– Нақты дерек болмағандықтан, қағанның ордасы деп айту қиын, әрине. Сөйткенмен де атаудың өзі ойға қалдырады. Қазба жұмыстары кезінде көз жеткен нәрсе, қала жұрттарының өте ұқсастығы көзге ұрып тұрады. Негізі екі бөліктен тұратын қала жұртында ең әуелі әкімшілік ғимараты саналатын цитадель мен екінші бөлігін шахристан құрайды. Мысалы, Тамды қаласының алып жатқан аумағы Гетумның жазып кеткеніндей, оның үлкен қала болғанын дәлелдейді. Кезінде биік мұнарасы болғаны анық. Қазіргі құландының астында жатқан цитаделінің биіктігінің өзі 4 метрден асады. Ал шахристанның көлемі 80х80 шаршы метр аумақты алып жатыр. Ең ғажайыбы – Тамды өзенінен қалаға күйдірілген саз балшықтан жасалынған су құбырларының тартылуы. Қалада шеберхана болғанын анықтайтын жәдігерлер жетерлік. Конус түрінде құйылған құмыра мен қыш ыдыстарды тауып, Талас аудандық тарихи-өлкетану мұражайына өткіздік. Биылғы қазба жұмысы кезінде балбал тас таптық. Өкінішке қарай, басы сынған. Кезінде түркілер балбал тастарды белгілі ру, тайпа көсемдерінің басына белгі тас ретінде қоятын болған. Балбал тастың ортасында тұмар бар. Өзіңіз білесіз, Берікқара ауылдық округіне қарасты аумақтан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде атақты ғалым Әлкей Марғұлан түркілердің Ана тәңірісінің мүсінін тапқан. Оны Ұмай ана мүсіні деп атайды. Қазақтар Ұмайды «Ұмай ана» деп атап, оны аналар мен балалардың жебеушісі деп есептеген. Осындай тас мүсіндердің Қырғыз жері мен Алтай тауында табылуы бұл өңір халықтарының түбірі бір екенін көрсетеді. Негізінде Берікқара өңіріндегі қорымдар мен күлтөбелер ерте дәуірді еске түсіретін ерекше мекен.
– Ұлы Отан соғысынан кейін Мәскеуден келіп қазба жұмыстарын жүргізген археолог ғалымдардың қорымдардан алтын бұйымдар тауып, өздерімен бірге алып кеткендігін осы ауылдың көнекөз тұрғындары айтып отырады.
– Көзіміз қөрмеген соң пәлен деп айта алмаймыз. Негізінде ғұн, сақ, үйсін, қаңлы тайпалары қайтыс болған атақты адамдарын жерлегенде олардың алтын бұйымдарын, ыдыс-аяқтарын бөлектеп қасына қоятын болған. Қараңыз, Берел қорғанынан табылған адам қаңқалары қатарында 3 мыңға жуық жылқының ер-тұрман әбзелдерімен көмілуі – бұл да ата-бабамыздың жылқыны пір тұтатынын көрсететін айғақ. Біз осы қорымдарға қазба жұмыстарын жүргізгенде жерлеу салт-дәстүріне қарап, қай халықтың ізі екенін анықтай аламыз. Осыған келгенде сақ, үйсін, қаңлы, ғұн тайпаларының туыстас екендігін ажыратамыз. Анау бір жылдары Қызыләуіт аймағына қарасты қорымдарға қазба жұмыстарын жүргізгенде біреуінен хан тәжінің алтындатқан сынығын таптық. Мұндай назар аударарлық жәдігерлерден соң Талас өңірі тарихының ежелден-ақ сыр тартатынын аңғару қиын емес.
– Адамзат­тың алғашқы тұрақтарының Африкадағы Олдувей, Германиядағы Ашель-Шелль үңгір­лері­нен табылғаны, олардың дәуірімен тұстас тұрақ саналатын Тәңірқазған, Бөрікқазған тұрақтары да осы ауылдың территориясында жат­қандығына бүгінгі ұрпақ мән бере бер­мей­ді.
– Орынды сөз. Ол тұрақтарды кезінде археолог-ғалым Х.Алпысбаев зерттеп, екеуінен 400-ден астам тастан жасалған құралдарды тауып, Орталық мұражайға табыстапты. Сонда қараңыз, осыдан 100 мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз таспен тасты ойып, тереңдігі 3 метрге жететін тұрақты қазуын өз басым шеберліктің шыңы деп есептеймін. Бүгінде таспен ондай тұрақ қаз десеңіз, сізді құбыжық көрер еді. Менің пайымымша, сол уақыттағы адамдар өте қарулы болған деуге болады.
– Бұл тақырыпқа қайтып оралмау үшін тағы бір естіген аңызымды айтайын. 1718 жылы көктемге салым бейжай жатқан қазақ даласына Жоңғар қонтайшысы Севан Рабдан сан мыңдаған әскерімен Талас бойына лап қойыпты. Сол кезде Ысты Қарауыл батырдың ұлдары, Қадірберді, Тәңірберген, Аллаберген, Жолбарысхан, Арыстанбек, Байарыстан, Көкбөріжәдік 300 жауынгерімен Қаратау өңірінде Тәңірқазған мен Бөріқазғанның тұсында жоңғардың 15 мың сарбазымен қанды шайқас жасапты. Жауға алдырмаған. Қынадай қырған. Оңайлықпен берілмеген қазақ сарбаздарын жоңғарлар жебелерінің ұштарына у жағып, сонымен атып өлтірген дейді. 300 жауынгердің бұл ерлігі парсыларға қарсы тау шатқалында тұрып, жауды Римге өткізбеген спартандықтардың жанқиярлық ерліктерін еске түсіреді. Олардың ерлігі мәңгі өшпестей жырға қосылып, тарихи фильм түсірілді. Бізде ше? Ешкім оны ауызға да алмайды. Тек аты-жөні белгісіз жыраудың толғауының үзіндісі ғана бізге жетіп отыр. Әттең, соны зерттеп, Тәңірқазған мен Бөріқазған­ның маңайын қоршап, естелік тас орнатып, оған «Бұл жерде 1718-1757 ж.ж. жоңғар қалмақтарымен елдің азаттығы үшін Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 300 оғлан жатыр» деп жазылса, ол бүгінгі ұрпақты өткенін біліп, ата-бабасын сыйлауға септесер еді-ау деп армандаймын. Сондай ұлы шайқас жайлы Созақ ауданындағы Сүйіндік асуында Жұма Баһадүр қатысқан, Әбілқайыр хан мен әскерлерінің жоңғар қалмақтарын жеңіп, Түркістанды азат еткенін баяндайтын, осыдан 200 жыл бұрын жазылған қиссаны оқып, көзіміз жетіп отыр. Екі баянда да жоңғар қал­мақ­та­рын қазақтардың күш біріктіріп қана жең­гені айтылады. Әттең, мұндай шежірелерге кейінгілер керги қарап, ертегідей көреді. Оның есесіне қолдан құрастырып, ата-бабасынан бай, батыр, сұлтан, би, тіпті хан жасап шыға­тын­дар көбейді. Осыған профессор мырза, сіз қалай қарайсыз?
– XVIII ғасырдағы «Алқакөл сұламада» қазақ халқының үштен бірінің қырылуына не себеп деп есептейсіз? Тәуке хан өлген соң оның орнына отырған Болат ханның ынжық, саясаткер емес екендігін тарихшылар жазып жүр. Одан бөлек хан тұқымдарының қазақтың ру-тайпаларын бөлектеп иемденіп, бір-біріне алакөз болуы, ең сұмдығы, түбі шикі моңғол тұқымдас сұлтандардың қалмақтың біраз ру-тайпасына ішкерілей еніп, Ұлы даланы меншігіндей билей бастағандығын басты себеп деп білемін. Қазақта «Іштен шыққан жау жаман» деген мақал бар. Әбден қазақпен араласып, тіпті құдандалы жекжат бола бастаған қалмақ шонжарлары ен даланы иесіз көріп, баяғы Алтын Орда, Ақ Орда заманын аңсап, біржолата иемденгісі келді. Мұны неге айтып отырмын, іргеңді бүтіндемесең, жалпақшешейлік жасасаң, есіктен кіріп, төр менікі дейтіндер қазір де бар. Сұрағыңа келетін болсам, кешегі Ер Түріктің ұрпақтарынан ержүрек ұлдарының көп шыққанына дауымыз жоқ. Бірақ олардың көбісі мемлекет мүддесі үшін емес, ру-тайпаның тұлғасы ретінде ғана танылған. Сондықтан, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Бір кездері Абылай дәуірінде рыцарлық мінез танытқан батырлардың сирексіп, оның орнына барымташыларды батыр деп дәріптеу белең алғаны өкінішті-ақ», деп жазғаны тегін емес.
– Оныңыз рас. Айтқыштар бір шешен­нің қарсыласының атының бүйірінен қам­шы­сы­мен түртіп қалып, алаңсыз отырған батыр­дың аты ытқығанда ерінен аударылып түс­ке­нін жеңілдіге санап, мақтанып жүр. Тегін­де, батыр­лық жекпе-жекте ғана анық­тал­май ма? Жарай­ды, тарихшылардың, археолог­тар­дың зерттеулеріне қарасақ, қазақ дала­сын­да жасыл желекке бөленген қалалар мен елді мекендердің біздің дәуіріміздің VI-XII ғасыр­ларда бой көтергенін білеміз. Сөйт­ке­ні­мен 1218 жылғы Шыңғыс ханның Батысқа жоры­ғынан кейін ол қалалардың қиратылып, үйіндіге айналғандығы туралы аз жазылып жүрген жоқ.
– Барлық сұмдықты бір ғана Шыңғыс ханның қатігездігінен іздесек, онда қателесеміз. Ұлы қолбасшының өмірі жайлы жазылған «Құпия моңғол шежіресі» деген кітапта оның Ұлы даланы көктей өткенде үш-ақ қаланы қиратқаны жайлы білеміз. Олар бағынбай, қарсылық көрсеткен қалалар еді. Егер моңғол әскерінің 80 пайызы түркілер екенін ескерсек, онда олар өздерінің мекенжайларын неге қиратуға тиіс? Әрине, соғыстың аты – соғыс. Меніңше, жолай Шыңғыс ханға бағынған ру-тайпалардың еркек кіндіктілері оның түменінің сапына қосылып, жаңа жерлерді жаулап алуға кеткен соң, жұртта қалған әйелдердің, бала-шағалардың қаланы өркендетуге құдіреттері жетпей, ақырында шаһарларын тастап, мал шаруашылығымен айналысып кетуі­нен деп ойлаймын. ХІV ғасырдың 90-жылдарын­да Орталық Азияда Ақсақ Темірдің үлкен мем­ле­ке­ті пайда болды. Темір Алтын Орда­ның ханы Тоқтамысты 1395 жылы тас-талқан етіп жең­ген­нен кейін Қаратаудың теріскейі де ол құрған мем­лекеттің құрамына енді. Ілгерідегі моңғол шапқыншылығынан кейін қалалардың ішінара қиратылуы, өзбек басқыншыларының жергілікті халықты аяусыз қырғынға ұшыратуы, қалалардың жермен-жексен болуына апарып соққаны туралы атақты Бабыр өзінің «Бабырнама» деген кітабында: «Талай қалалар болғанымен, моңғол мен өзбектің шапқыншылығынан кейін бұл қалалар жермен-жексен болып, тіпті жұртында елді мекен де қалмаған», деп өкінішпен жазғаны дәлел. Ақ Орданың ханы Өзбектің ұрпағы Әбілхайырға Жошының Орда Еженнен тараған Бұрындық пен Болат ханның ұлдары Керей және Жәнібек сұлтандардың қазақтың ру-тайпаларын соңдарынан ертіп, шығысқа бет алуында гәп бар. Алтын Орда ыдырап, бірнеше хандықтардың пайда болуынан қазақтың да ұлт ретінде жойылатындығын болжаған қос сұлтанның ежелгі сақ атауын қайыруға әрекет жасауының астарында көрегендік жатыр. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати сол бөліну турасында бір-ақ ауыз сөз жазып кеткен.
– Кешегі Шыңғыс хан дәуірінде батысқа жорыққа аттанған қазақ ру- тайпаларының атақонысына оралуға ниет еткендігіне арғын, қыпшақ, уақ, керей, найман тайпаларының Шу бойын таңдауы содан шығар?
– Ол кезде Жетісу Моғол империя­сына қарап тұрған еді. Оның басшысы өзінің немере інісі Жүніс сұлтанмен, Өзбек Ордасының ханы Әбілхайырмен қырғиқабақ күн кешіп жатқан. Содан болар, олар шекарасын шегендеу үшін көшіп келген қазақтың ру-тайпаларына атақонысын қайырып беріп, одақтас іздеді. Мені Сығанақ шаһарының маңынан Жетісуға қарай бет алған қазақ көшінің жолы қызықтыратын. Аңыз әңгімелерді, саяси оқиғаларды саралай отырып, Керей мен Жәнібек сұлтандардың соңынан ерген қазақтың ру-тайпалары Көсегенің көк жонымен емес, біздің ауылдың тұсынан басталатын Текей жолы арқылы Созақ, Саудакент, Тоғызкент арқылы Мойынқұмның Шу өзеніне құлар тұсындағы Тұлпар сазға жетіп, қыстады деп ойлаймын. Себебі күзде қозғалған көштің арнасы кең Шу өзенінен өтіп, осы күнгі Хан және Байғара тауларының ортасындағы желдің өтіндегі кішкентай ғана Қозыбасыға жетуі мүмкін емес. Көнекөз қариялардың айтуымен сол төңіректегі «Ақтөбе-1» және «Ақтөбе-2» деп аталатын қала орындарына қазба жұмыстарын жүргіздік. Оған себеп, естерін жинаған соң екі сұлтан төбенің басына шығып: «Осы жерден шәрі соқсақ қайтеді?», деп ойласқан көрінеді. Рубасыларымен ақылдасып, сол төңіректе екі қала жұрты бой көтеріпті. Жаңадан ғана қалыптасқан мемлекетке жау қашан да көп. Сондай жаугершіліктің бірінде қаланың бірі отқа ораныпты. Аңыз түбі – шындық. Қазба жұмыстарын жүргізгенімізде оған көзіміз жетті. Өртенген қабырғаға кезіктік. Әрі сол кезде жасалынған тиындар таптық. Оны нумизматика саласының білгірі, мәскеулік ірі ғалым Петровқа сараптама жасауға жібердім. Теңгелер ХV ғасырда жасалынған болып шықты. Жасайтын ғылыми пайымым – Қазақ хандығының алғашқы астанасының қазығы Шәрі (қала деген сөзді білдіреді) және Қойшыман қала жұртында қағылды. Хан тауынан Керей, Жәнібек хандардың жаз жайлауының орны табылды. Аз уақыт ішінде жаңа мемлекеттің қол астына қазақтың бірнеше ру-тайпалары кіріп, енді олар бұрынғы Жошы ұлысына қарасты қазақтың жерін, қалаларын қайтарып алуға кіріседі. Соғыстың осы күнгі Созақ қаласынан басталуында да мән жатыр. Қазақ, Созақ, Ұзақ туыстас Ер Түркінің ұрпақтары саналатын. Ал Созақ жерінде қазақтың небір жайсаңдары жатыр. Арғы жағы Ұлытауда Керей мен Жәнібектің түп атасы, қазақ мемлекетінің іргетасын қалаушылардың бірі – Жошы бабалары­ның кесенесі барын еске алсақ, жорық мәні ашыла түседі.
– Қазақтың тарихын түгендесек түгесіл­мей­тін тәрізді. Жаңа ғылыми болжам­дар жасалы­нып, есімдері ұмытыла бастаған тұлғалар жайлы қайта жаңғыртатын мезгіл жеткен сияқты.
– Ең алдымен, тарихшыларымыз ел тарихын ақтарғанда көрпені өздеріне қарай тартқанды қою керек. Қазақтың тарихы – бөлінбес тарих. Мына жер менің ата-бабамдікі деген әңгімеге тосқауыл қойылуы тиіс. Өзіміз жоғарыда әңгіме еткендей, Ұлы Қытай қорғанынан Батыс Еуропа елдеріне дейінгі Еуразия құрлығын біздің ата-бабаларымыз әлмисақтан мекен еткен. Ат тұяғы тиген жердің барлығын алған. Өкінішке қарай, жаулап алған елдеріне сақ, үйсіннің, ғұнның, қаңлының, алшынның ұрпақтары сіңіп, ататектерінен ажырап қалды. Тіпті Корея халқы да Алтайды ата-бабамыздың мекені деп жүр. Осыдан 10-12 мың жыл бұрын Беринг бұғазы арқылы Америка құрлығына өтіп кеткен түркілердің ұрпақтары жайлы аз жазылып жүрген жоқ.
– Белгілі жазушы Әнес Сарай ағамыз Үнді еліне де 240 миллионға жуық түріктер сіңіп кетті десе, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді ағамыз «Мына алып Қытай еліндегі Тарбағатай өңірінде 17 миллион халық тұрады. Соның жартысы қазақ, бірақ олар өздерін қазақпыз демейді», деп өкінішін айта келе, «Иран жұртындағы біздің дәуірімізге дейін дәуірлеген Грек-Бактрия патшалығының көзіндей болып 20 миллионға жуық бақтиярлар деп аталатын халық тұрады», деп жазыпты «Егемен Қазақстан» газетінде.
– Оларды қайтара алмаспыз. Әлгі мемлекет­терді айтпағанда, Өзбекстанға қаншама қанда­сы­мыз сіңісіп кетті. Егер Алаш қайраткері Мұхаммеджан Тынышбаевтың еңбегін оқысаңыз, оған көзіңіз жетеді. Енді «Жоққа жүйрік жетпейді» деп сан соға бермей, Қазақстандағы негізгі ұлт –
қазақтың ұлттық кодын қайта жаңғырту керек, қоғамдық, ұлттық сананы қайта түлету қажет деген Елбасының ұлағатты ақылын әр шенеунік, зиялы қауым, қалың жұртшылық іліп әкетсе ғой деймін. Қазақтың өткенін мансұқ етпей, тарихымызды әр жас ұрпақ біліп, мақтанатындай жағдай жасауымыз керек.
Ғалым ретінде әлемнің төрт бұрышын араладым. Сондағы байқағаным, әр мемлекет өзінің тарихымен мақтанып, ұлы тұлғаларының ескерткіштерін, жатқан жерлерін киелі орындарға айналдырған. Бірде Американың Индиана штатында мұражайға кірдім. Сөйтсек, онда ежелгі үнді тайпаларының жәдігерлері жинақталған екен. Мұражайдың қақ төрінде орындықтың үстінде тірі адамдай балауыздан жасалынған тайпа көсемі отыр. Қызықтап суретке түстік. Кейін білдік, көсеммен суретке түскеніміз үшін 10 доллар төлеуге тиісті болып шықтық. Бауырлас Түркия елінде болғанымда, әріптесім, түрік ғалымы мені Стамбұл қаласынан 90 шақырым жердегі Сакия деген қалаға апарды. Атауы айтып тұрғандай, оның қазақшасы «Сақ қаласы» болып шықпай ма? Қаладағы мұражайдан ата-бабаларымыздың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын көріп, таңғалдық. Иран еліндегі Сакстан өлкесі де ежелгі сақ бабаларымыздың көзі екендігін айғақтап тұр. Өкінішке қарай, біздің елде туристік класстерді дамыту кенжелеп келеді. Туристерді өңірге ағылту үшін ел тарихына қатысты нысандардың бірегей картасын жасап, оларды шаршатпай апаратын жолдарды белгілеп, ат басын бұра қалған жағдайда демалыс орындарын дайындап қойса деймін. Және де туризм мамандарын даярлауды мықтап қолға алған жөн. Мамандардың тарихтан, археологиядан, антропологиядан, нумизматикадан, сәулет өнерінен хабары болмай, ештеңе де тындыра алмаспыз.
Біздің елімізде тарихи жәдігерлер, киелі орындар, қасиетті жерлер жетіп артылады. Тіпті этноауылдар ұйымдастырып, қазақтың қолөнерін, аңшылық дәстүрін, мәдениетін танытатындай іс-шара ұйымдастыра алсақ, халқымызды әлем таныр еді. Кейде қазақтың туристері Израильге барып, шөлейттегі туристік орталықтарда түйеге мініп мәз болады дегенді естіп, намыстанамын. Намысы бар елдің ұрпағы, ең алдымен өзін сыйлап, өзгеге өзінің ұлтын сыйлата білуі керек деп түсінемін. Құр босқа Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ыдыс-аяғын көрсетіп, көкімей, текті өнерін, тегеурінді ұлтын насихаттай алса деймін. Құдайға шүкір, біздің өзге ұлттың алдында күбіжікдейтіндей, төменшіктейтіндей жағдайымыз жоқ. Өзге жұрт қызығатындай, қаны бұзылмаған, ен далада еркін өскен текті халықпыз. Өзіңіз айтқан Тәңірқазған, Бөріқазған мен Үшарал ауылындағы тарихы ХІ ғасырдан басталатын Ақкесене, Көккесене қамал жұрттарын, Көшек батыр ауылындағы Тектұрмас қалашығы, Ат байлар бекінісі, мен өзім бара алмай жүрген Шойынқорытқан шеберханасын дұрыстап туристерге көрсете алсақ, сырттан келгендер аң-құсымызды аулағанға мәз болмай, біздің де тарихымыздың түбі тереңде жатқандығына көздері жетер еді. Тіпті Үшарал ауылындағы Абдулла ишан мешіті Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы сәулеті жарасқан нысанның бірі екендігін білеміз бе? Ұлтын сүйетін, тарихын жақсы білетін зиялы қауым мен әкімдердің көзқарасын рухани жаңғыруға бейімдейтін мезгіл жетті. Олар Елбасынан ұлтты сүюді, ұлықтауды үйренсе деймін.
– Мадияр бауырым, біз айтқан әңгіменің жалғасын оқырмандарға қалдырайық. Қазақ деп шырылдаған жүрегіңіз еш ауырмасын!

Сұхбаттасқан Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының
үздік өлкетанушысы, тарихшы,
Талас ауданы

ПІКІР