"Тарих. Таным. Тағылым." Сұхбат

Қаратау – қазақ халқының алтын бесігі

Written by Aray2005

Археология – қазақ үшін жас ғылым. Шынын айтсақ, Ұлы даланың өткенін қазба жұмыстарымен байланыстырып алғаш зерттеген Ресей мен шетелдің ғалымдары. Кеңес өкіметі тұсында ғана Әлкей Марғұлан осы салаға түрен салды. Жаратқанға мың да бір шүкір, тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасында туған жерінің өткеніне үңіліп, әлемдік өркениетке пара-пар археологиялық жаңалықтар ашқан қандастарымыз аз емес. Олар жауһар жәдігерлерді тауып, Ұлы даланың тарихына қатысты жаңаша көзқарасты қалыптастыра бастады.
Солардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Мадияр Елеуов.

Ұлы даланың тарихын тереңнен тартып, ғылымға жаңа серпін беріп жүрген атақты ғалыммен осыдан табандай төрт жыл бұрын Қаратау қаласындағы Тамды қала жұртының қазба жұмыстарын бастаған кезде танысудың сәті түскен еді. Бірақ уақыттың тығыздығынан емен-жарқын сөйлесе алмағанбыз. Соның сәті өткен жылдың маусым айында ғана түсті. Оған тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау жөніндегі ауданның инспекторы болып істейтін ұлым Мұхтар себепші болды.
Сонымен ғалым інімізбен ең әуелі Талас тарихи-өлкетану мұражайында жолығысып, ондағы жәдігерлерді тамашаладық. Мұражайда адамның алғашқы тіршілік ету кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихын, мәдениетін көрсететін бұйымдар жетерлік. Осыдан 800 мың жыл бұрын ғұмыр кешкен алғашқы адамдардың тұрағының жобасы да осы мұражайда.
Орта бойлыдан биіктеу, етжеңді емес, қой көзді, биязы мінезді Мадияр бауырым Қазақ ұлттық университетінің аудиториясында шәкірттеріне лекция оқығандай қойған сауалдарыма құлаққа жағымды қоңыр үнімен жауап беріп отырды. Қазақ қашанда жөн сұрасқанды құп көреді. Мен де сол қазақтың бірі емеспін бе?! «Қай туған боласыз?» дедім.
– Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылында 1946 жылы 3 мамырда дүниеге келіппін, – деп бастады әңгімесін ол, – Орта жүздің Тарақты руынан екенбіз. Әкем біздің бұл өңірге келгенімізге талай ғасыр өткен шығар деп айтып отырушы еді. Оған аулымыздан екі шақырым жердегі қарт Қаратаудың соңғы тұсындағы шорт кесілгендей аяқталатын тастарға шекілеп салынған ата-бабамыздың тарақ таңбасын тауып көзім жетті.
Өзіңіз білесіз, Сыр елі – тұнған тарих, таусылмас шежіре. Сірә, «Алаштың анасы» деп тегін айтылмаған секілді. Аулымыздың маңайы қаптаған қорымдарға, қала жұртына толы. Бала кезімізде ойнап жүріп қыш құмыралардың сынықтарын тауып алатынбыз. Ал ескі көз қариялар адам сенгісіз, аңызға бергісіз әңгімелер айтатын. Соларды тыңдап отырып, мен де қиялға берілуші едім. Шіркін, өткен дәуірдің құпияларын ашып көрсем ғой дейтінмін.
Тартыла-тартыла Арал теңізіне айналған осы өңірде сақтардың, ғұндардың, массагеттердің, кушандардың, оғыз-қимақтардың, түркілердің, қарахандықтардың ең соңы қазақ деген елдің ата жұрты екендігіне кейіннен археология деген ғылыммен айналыса бастағанымда анық көзім жетті.
Әсіресе Қызылорда өңірінде қазақтың барлық ру-тайпасының өмір сүруі, көненің көзі бірнеше қалашықтың кездесуі, бұл өлкенің тарих пен мәдениеттің тоғысқан жері екендігіне дәлел емес пе?

Осылайша ата-баба тарихына қызығушылық мені Алматыға алып келіп, С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетінің археология бөліміне түсуге «итермеледі». Жоғары оқу орнына түскен соң археология бөлімінде айтулы ғалымдардан 5 жыл бойы білім алдым. Жазғы демалыс кездері ғылыми жетекшілермен бірге экспедицияға шығып, Ұлы даланы аралап, қазба жұмыстарына қанықтым. Әкемнің «Шырағым, қорымды қазу дұрыс емес!» деп ренжігені есімде. Сондай кезде бұл ғылымның ерте дәуірден басталғанын айтып, онсыз өткенімізді тани алмаймыз деп әрең түсіндіргенім бар.
Не керек, аяғында ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді, Ұлы Жібек жолының Қазақстанға келуі, тарихи — мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау, насихаттау жұмысымен айналысуға бекем бел будым. Ел тәуелсіздігін жариялаған соң «Халықаралық ғылыми-зерттеу» орталығы деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігімді аштым. Оған себеп, сол кезде қазба жұмыстарында мемлекет тарапынан қаржы бөліне бермейтін. Бөлінген күнде оны тек тендер арқылы ғана ұтып алып, жұмыс істеуге тура келетін. Тәуекелге баруымның бірден-бір себебі осы. Үкімет тарапынан қазба жұмыстарына бөлінген қаражатты ұтып алып, жұмысымды бастап кеттім. Шүкір, мен серіктестігімді ашқанымда «Әй, мекемеңнің жұмысы жүре қояр ма екен?» деп күмәнданғандар да болды. Кейіннен олар қателескендерін мойындап, «дұрыс жасаған екенсің» дейді ғой. Өзіңіз білесіз, қандай бір мемлекет болмасын археология ғылымынсыз өткен тарихын зерттеп біле алмайды. Қырық жылдан астам уақыттың ішінде қазба жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде көзім жеткен бір ақиқат нәрсе– Ұлы дала – әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан ел екен!
– Алайда Кеңес тарихшылары «Қазақ жерінде өркениет деген болмаған. Батыс елдерінің даму үрдісінен 4,5 мың жыл кейін қалған» деген ғылыми баға берді емес пе? – дедім мен профессордың әңгімесін бөліп.
– Ол тұжырыммен мүлдем келісуге болмайды. Ғалымдар, оның ішінде тарихшылар біздің өткенімізді орыс тарихшыларының жетегіне ілесіп, Қазақ хандығы деп аталатын кезеңнен бері қарай әңгіме еткенді жақсы көреді. Тап Еуразияның қақ ортасында жатқан Ұлы даланы ешкім мекендемегендей сипаттайды. Сонда деймін-ау, осыдан екі-үш мың жыл бұрын Қаратау мен Алатаудың бөктеріндегі қалаларды кім салған? Бірден айта кетейін, қазақты көшпелілер еді деп біржақты бағалауды доғару керек. Менің ұғымымша, әлемді шарлап жүрген сығандарды көшпелі деуге болар. Ал біздің ата-бабаларымыз отырықшылықпен де, көшпелілікпен де бірдей айналысқан жұрт. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақтың қыстауы мен жаз жайлауы ғана болған. Беталды көшпеген. Рулық-тайпалық шекарадан бір қадам аспаған. Егіншілікпен, қолөнермен айналысқандар шаһарларда тұрған. Оған қала жұрттарының жұрнақтары айғақ.
– Қазақ даласында қала соғу деген мүлдем болмаған деушілер де бар емес пе?
– Өзіңіз білесіз, осыдан бірнеше жыл бұрын көне Тараз шаһарының 2000 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өттік. Бұл дегенің қазақтардың қалада тұрғанына соншама жыл өткенін дүниежүзі ғалымдарының мойындағаны. Осы қаланы қазып, зерттеген ғалымның бірі, көрнекті археолог, менің ұстазым Михаил Сергеевич Миршиев қаланың өмір жасын одан әрі 100-200 жылға ұзартады. Сол заманда қаланың маңайында бірнеше серіктес елді мекеннің болғаны тағы шындық. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан бастап қытайлықтар Ұлы Жібек жолымен қазақ даласы арқылы батысқа тауарларын тасыды емес пе?
Өткен ғасырдың 80-жылдары археоло­гиялық экспедиция құрамында Шу бойындағы қала жұрттары мен қорымдарға қазба жұмыстарын жүргізгенімізде, бұл өңірден де ертеде ел мекендеген жұрттарды таптық.
– Сөзіңізді тірілтейін, біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырда Парсы, Бактрия мен Орта Азияны бағындырған Александр Македонский Жетісудағы сақтарға шабуыл жасамақ болғанда маңдайы тасқа тиіп, әскерін оңтүстікке бұрып, үнді еліне аттаныпты деген дерек те бар. Оның меселін қайырған Шу қағаны екен.
– Ол туралы талай аңыз-әңгіме бар. Шу өңірінде жүргенімде қағанның қала жұртын іздедім. Қолымызда нақты дерек болмағандықтан оның ордасының орнын тап басып анықтай алмадық. Дегенмен де Македонский Сыр бойына келгенде Шу қаған жансыздарын жіберіп, жаудың әскери күш-қуатын біліп келуге жұмсапты. Жансыздар қырық күн ішінде Арал теңізіне жетіп, жаудың беталысын байқап, ол туралы қағанға баяндаған. Сонда Шу қаған әскерін кері шегіндіріп, жазық далада шайқасуға бел буған. Мезгіл күз болса керек. Шу өзені тасып, арнасынан асып, Сырдария мен Таластан әрең өткен Македонский Шу қағанмен бетпе-бет келуден тайсақтап, әскерін кері қайтарған көрінеді.
Әр аңызда бір шындық бар. Шу мен Баласағұн қалаларының орны да осы өңірде.

– Кешірерсіз, тарихи атауы біздің дәуірімізге дейін ІІ-І ғасырларда-ақ қытай жазбаларынан белгілі қырғыз ағайындар Баласағұнды еншілеп жүр ғой.
– Иә, ондай әңгіменің бары рас. Қырғыздар Ыстықкөл маңындағы Қойлық қаласын Баласағұн қаласының жұрты деп жүр. Атақты археолог, ғалым ағамыз Карл Байпақов та сондай пікірде болды.
ІХ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» шығармасын оқысаңыз, ондағы жер атаулары, Жетісу өңіріндегі біз қазба жұмыстарын жүргізген қала жұртына сәйкестенетінін аңғару қиын емес. Болашақта екі ел ғалымдары бір байламға келеді деп үміттенемін.
– Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінен Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі Оразақ Смағұлов ағаның «Қазақ халқының қырық ғасырлық тарихы бар» деген мақаласын оқыдым. Ол кісі де ұзақ жылдар бойы қазақтың шығу тегін зерттеп, осы күнгі ұлтымыздың түп-тамырының осыдан 4 мың жыл бұрынғы Ұлы даланы мекендеген адамдардың ерекше ұрпағы екенін дәлелдепті. Сөйтіп «Қазақ халқы және оның шығу тегі» деген көлемді кітап жазған. Ғалым ағамыз қазақ этносына қатысты оның бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектерін ғылыми негізде зерттеп, ешкімге ұқсамайтын жеке-дара халық ретінде осыдан 40 ғасыр бұрын пайда болғандығын дәлелдеген. Мысалы, дейді ғалым, бұдан 5-7 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекендеген аталарымыз көне европеоид типтес болған. Бірақ олар осы күнгі орыс және славян тектес халықтарға еш ұқсамайды. Оған дәлел, қазақтарымыздың қан құрамында, бет-әлпетінде, алақан тері бедерлері, тіс морфологиясы сияқты пропорцияларында және биологиялық, физиологиялық, морфологиялық гендерінің үштен бірінде сол европеоидтердің ерекшеліктері сақталынып отыр. Және ғалым ағамыз қан жүйелеріне талдау жасап, адам баласының қанының отыз түрлі жүйеден тұратынын айтып, бүгінгі кезде соның медицинада төрт жүйесінің ғана кәдеге жаратылып жүргенін айғақтайды. Өзі 40 мыңнан астам адамның қан жүйесін зерттеп, қазақтың қанында өлкелік немесе ру, жүздік айырмашылықтың жоқ екендігін баса айтады.

– Ендеше, «У ішсең – руыңмен» деген сөзде жан бар екен ғой. Түбіміздің бір екендігін Оразақ ағамыз ғылыми тұрғыда дәлелдеп отыр. Біздің дәуірімізден бұрын-ақ Ұлы даланы бір тектес тайпалардың мекен еткенін «Тарихшылардың атасы» Геродоттан бастап көптеген жиһанкездер жазып кеткен. Мысалы, ежелгі Рим ғалымы үлкен Плиний: «Ежелгі Яксарттың (ежелгі заманда Сырдария осылай аталған) арғы жағында Скиф тайпалары өмір сүреді. Оларды парсылар «Сақтар» деп атайды. Скиф халықтарының саны шексіз, олардың ішіндегі атақтылары сақтар, массагеттер, дайлар, иссадондар, асийлер, аримаспылар» деп жазып кетіпті. Сақтар өздерін үшке бөледі. Тиграхауда сақтары (үшкір қалпақ киетіндер), хаомаварга сақтары (сусын дайындайтындар), парадарайя сақтары (өзеннің арғы жағындағылар) деп аталады. Мен өзім оларды Жетісу, Сыр бойы және Дала сақтары деп үшке бөлер едім. Осылардың үшке бөлінуі олардың тек шекаралық бөлінісіне ғана тән. Әйтпесе бәрінің түбі – бір. Себебі олар парсы патшасы Кир соғысуға келгенде де және Македонскиймен соғысарда да бір-біріне жаушы жіберіп, одақтасып отырған. Сондай шайқастың бірінде массагеттердің патшайымы Тұмар ханым жан-жаққа жаушылар жіберіп, «Көсегенің көк жонында жолығып, ақылдасайық, кеңесейік» деп сәлем айтқан.
– «Көсегенің көк жоны» деген атау сол кезден-ақ бар болып шыққаны ма? Жалпы «көсеге» деген сөз нені білдіреді?
– Оның екі мағынасы бар, бірі игі ниетті танытатын сөз, құт, береке. Жалпы алғанда теңіздің, айдын көлдің табанын жал-жал етіп көтеріп тұратын су түбінің шөгіндісі– дөңес аралды да көсеге деген. Сол дәуірде күнгейінен Сыр өзені, теріскейінде Аси тайпасы мекендеген Аси және Талас өзендері теңіздей шалқып жатқанда қарт Қаратау түйенің өркешіндей дөңестеніп жатқан-ау, сірә. Әлемде талай тау жоталары барын білесіз. Соның дерлігі жалаңаштанып жатады. Ғалымдардың дәлелдеуінше, құрлықтың айқындалуының үшінші кезеңінде ірі жер сілкінісінен Қаратау тауы пайда болған деседі. Былайша айтқанда бұл тау еліміздегі ғана емес, әлемдегі ең қарт таудың бірі деп саналады. Содан ба, жер бетін жапқан топан су тартылғанда таудың үсті көкорай шалғынға бөленіп жатса керек. Әлгі «Көсегенің көк жоны» деген сөзді сол кезде сақтардың ізашарлары түркілердің қолданғаны дау туғызбайды. Бастауын Тянь-Шань тауының солтүстік батысындағы ірі сілемі Шақпақ-Қарасу асуынан алатын тау ғылым тілімен айтқанда – 30 градус азимут бойынша солтүстік-батысқа қарай, оңтүстік Қазақстанның жерімен жонданып, Қызылорда облысындағы Дәуітқожа тауына дейін созылып жатыр. Екі таудың ортасында менің туған ауылым бар. Міне, сол тұстан Ұлы Жібек жолымен көктем, жаз, күз керуеншілердің батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қатынайтынын енді біліп отырмыз. Себебі көкорай шалғынға бөленген, ұзындығы 420 шақырымды құрайтын жон үстімен жүрсеңіз, жолай ешқандай ірі өзен, не көл кезікпейді. Сондықтан да ата-бабаларымыз табиғаттың осы ғажайыбына таңғалып, «көсегеңіз көгерсін!» деп ақ батасын берген. Осы тау жотасынан асып түсетін мен білетін жеті ірі асу бар. Айталық, Созақ және Сарысу аудандарының аумағынан Сүйіндік және Текейдің асуы мен жолын өзім талай кесіп өткенмін.
Тұмар ханымның одақтастарын жонға неге шақырып, ақылдасқанын енді аңғарған шығарсыз. Себебі Кир патшаның жер қайысқан қолымен Сыр бойында шайқасудың тиімсіз екеніне көзі жеткен. Өйткені сақ жауынгерлері шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктерімен иен далада шайқасқанды қолайлы санаған. Ол туралы Геродот: «Массагеттер Скифтер сияқты киінеді. Олар салт атпен де, жаяу да соғыса береді. Әдеттегісіндей, олар садақпен, найзамен және айбалтамен қаруланады. Найзаның, жебенің, айбалтаның ұшы мен жүзін жезден жасайды да, бас киімін – дулығасын, белбеуі мен шығыршығын алтынмен аптайды. Олар аттарына жезден өмілдірік қап кигізеді. Жүгенін, ауыздығын және ноқталығын алтынмен жалатып, өрнектеп қояды. Олар темір мен күмісті тұрмыс-тіршілігі үшін пайдаланбайды, өйткені оларды бұл елден кездестіре алмайсың. Оның есесіне алтын мен жездің көптігінде есеп жоқ» деп жазған екен «Тарих» деген кітабында. Сақтардың көсемдері Көсегенің көк жонында үш күн ақылдасып, жауды Талас жерінде қарсы алайық деп пәтуа жасасқан.
Біздің дәуірімізге дейінгі 530-529ж.ж. болған шайқас туралы Струве деген тарихшы: «Кир патша Талас даласында («в долине Даас») өз ажалын құшты» деп жазып қалдырған. Демек, бұл соғысты осы күнгі Талас, Сарысу, Созақ аудандарының аумағында өткен деп болжамдауға қақымыз бар. Себебі сақтар Сыр өзенінен үш күншілік жерге шегінгенін ескерсек, соғыс даласының шамасын білуге болады. Оның үстіне Мойын қағанның әскері де оларға көмекке келген болуы әбден мүмкін.
– Сонда Мойынқұм Мойын қағанның есімімен аталған ба?
– Әлбетте, тарихшылар солай дейді.
– Айтқаныңыздың жаны бар. Белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» деген кітабынан оқығаным бар-ды. Онымен замандас Мәдидің шөбересі Сыпыра патшаның Мойын қағанмен тұстас өмір сүргенін есепке алсақ, олардың туыстас екендігінде дау жоқ.
– Ұлы дала ұрпақтары сан шайқасты бастарынан кешірді. Кейде бірімен-бірі жер-су үшін шайқасты. Ежелгі атамекені– Алтайдың арғы жағын мекен еткен ғұн, сақ, үйсін, қаңлы тайпалары бірін-бірі ығыстырып, осы күнгі Ирак, Ауғанстан, Үнді, Парсы жерлеріне дейін жетіп, сол елдердің жұртымен араласты. Оларға өз салт-дәстүрлерін сіңіруімен қатар, өздері де керектісін үйренді. Әлбетте, содан шығар, Ұлы далада бірнеше елдің салт-дәстүрі мен мәдениетінің іздері қалды.
Біздің дәуірімізге дейін-ақ жауынгер­лігімен жуңгоны (қытай) қалтыратып, Ұлы Қытай қорғанын салдырған ғұндар мен сақтарды, үйсіндерді бір-біріне айдап салып отырған қытай императорлары ақыры діттегендеріне жетті. Көк Тәңіріне және жер-суға табынған ата-бабаларымызды сол дәуірде мажусийлер деп атаған. Ақыры жауласудан кейін ғұн қағаны Аттила (аттылы Еділ батыр) қалың қолын бастап Еуропаға жорық жасап, Рим империясының шаңырағын шайқалтты. Сақтар үйсіндерді ығыстырып, Орталық Азия мен Үндіге дейін жетті. Тарих сахнасына Түркі қағанаты шықты. Сайып келгенде бұлардың барлығы түркі жұрты еді. Ат үстінде жүрсе де түркі қағанаты екі ғасырлық тарихында Қытай, Рим (Византия), Араб елдерімен бәсекеге түсіп, майдан даласында бақ сынасса, өздерінің алтын үздікті Ақ Ордасында мәмілеге келіп отырған.
Біздің дәуірімізге дейін де, одан кейін де ата-бабаларымыз Ұлы Жібек жолының бойында бекініс қалалар соқты. Жазбаша деректерде Қазақстанның оңтүстігінде
6 қала ғана болған деп көрсетіледі. Шын мәнісінде қала мәдениеті VІ-VIII ғасырларда пайда болған. Бұған дәлел, Шыңғыс ханның шапқыншылығы қарсаңында (1218 жылы) Х ғасырда өмір сүрген араб ғалымы әл-Макдиси «Китаб әл-бәд ва-т-тарих» («Дүниенің басталуы мен аяқталуы») деген кітабында Қазақ елінің өзі аралаған қалаларының тізімін келтіреді. Олардың ішінде біз қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Берукет (Тамды) қаласының атауын кездестіреміз. Оның жазуына қарағанда, біздің өлкемізде сол тұста 200-ге жуық қала мен елді мекеннің аты аталады. Араб ғалымынан кейін Көсегенің көк жонымен Моңғолияның астанасы – Қарақорымға сапар шеккен Арменияның кіші патшасы бірінші Гетум Берукетті Паркент қаласы деп жазып кетіпті. Сөздің реті келгенде айта кетейін, мына Сарысу ауданындағы Саудакент қаласы Гетумның жазуына қарағанда, Сулхан деп аталса керек. Созақ ауданына қарасты Құмкентті Қойхан қаласы деп көрсеткен. Бір қызығы, оның жазуында Баласағұн және Шу қалаларының атаулары да ұшырасады.

Сұхбаттасқан Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының
үздік өлкетанушысы,
тарихшы

(Жалғасы бар)

ПІКІР