Сараптама

Қаратаудағы бассейн, қаңырап тұр, қайтейін?!

Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында үлкен бір спорттық кешен бар. Кезінде жеке адамның меншігіне берілген бұл нысан бүгінде қаңырап бос тұр. Оны қаратаулықтар мемлекет меншігіне қайтару арқылы қажетке жаратқысы келеді. Ол үшін аудан әкімдігі спорт кешенін мемлекет меншігіне сатып алуды тиімді деп табуы қажет. Сонда ғана халық қазынасынан қаржы бөлінуі мүмкін.

Аталмыш нысанды облыстық мәслихаттың депутаты Бақтияр Алдашов тұрғындардың пайдалануына беру мақсатында облыс басшысы Асқар Мырзахметовке депутаттық сауал жолдаған болатын. Біз осы орайда Бақтияр Әбілхайырұлына хабарласып, кешен туралы кеңірек түсіндіріп беруін өтінген едік.
– Қаратау қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін орындар саусақпен санарлық. Әсіресе, халықтың спортпен айналысуына жарайтын нысандар өте аз. Десе де, қаладағы Саңырық батыр көшесіндегі №13 мекенжайда орналасқан бұрынғы спорттық кешенді де тұрғындар пайдасына жаратуға болады. Ол жөнінде қаратаулықтар бірнеше мәрте мәселе көтерген болатын. Бірақ, аталған нысанды мемлекет өз меншігіне қайта сатып алуы қажет. Ол бүгінде 60 миллион теңгеге бағаланып отыр. Одан бөлек, ғимаратты қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 90 миллион теңгедей қаржы қажет екен. Алдын ала есептеулер бойынша мұндай орынды жаңадан салу үшін бас-аяғы 700-800 миллион теңге қаражат жұмсалатыны белгілі болып отыр. Сондықтан да сайлаушылардың өтінішін орындау үшін, яғни, облыс әкіміне қаржы көзін қарастыруға ықпал етуін сұрап, депутаттық сауал жолдаған едім. Нысан, қалпына келтіріліп, есігін айқара ашса, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындар санын 30 пайызға жеткізу туралы межелі міндетін орындауға оң септігін тигізетін еді, – деді халық қалаулысы.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде көптеген әлеуметтік нысандар аукционға шығарылып, жекеменшікке сатылды. Қаржылық қиындықтарды еңсеріп, экономиканың еңсесін тіктеу үшін де мемлекеттің осындай қадамға баруына тура келді. Дегенмен, еліміз дамудың даңғыл жолына түскен соң кітапхана, клуб, балабақша, спорт мектептері сынды нысандар қайта ашылып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсете бастады. Алайда, тақырыпқа арқау болған спорттық кешеннің осы күнге дейін қаңырап бос тұрғаны алаңдатпай қоймайды. Осы орайда, біз ғимараттың қазіргі иесі Ғани Көшеновпен тілдестік. Оның айтуынша, ғимарат 1989 жылы жекеменшікке сатып алынған. Орналасқан жалпы аумағы 14 сотыққа жуық. 3-4 блоктан тұратын кешен ғимараттарының кейбірі екі қабаттан тұрады. Нысандағы бір ғана бассейннің аумағы 630 шаршы метрді құрайды. Мұнда бассейннен бөлек, жуыну, киіну бөлмелері, зертхана, асхана, тынығу орны, демалыс, жаттығу, теннис залдары бар екен.

– Бұл ғимарат бұрын ағам Арын Көшеновтің иелігінде болатын. Жасымыздан спортқұмар болып өскен біз кезінде бокспен айналысып, облыс аумағында да жақсы нәтиже көрсетіп жүрдік. Ағамның бар мақсаты бұл кешенді ел игілігіне жарату болатын. Спортқа бейім аудан жастары осы кешенде жаттығып, талаптарын шыңдап, ел намысын қорғаса деп ойлайтын. Бірақ, кезінде ел спортпен айналысып, жүзу бассейніне бармақ тұрмақ, нан табу қиындап кеткен заманда оны жүзеге асыру мүмкін болмады. Қысқасы, қаржы қолбайлау болды. Десе де, ағам 2007 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 5 миллион теңге несие алып, оған шынығу залын жеңіл-желпі жөндеуден өткізіп, жаттығуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Тағы бір залға бильярд үстелдерін қойып, аз қаражатпен ойға алған ісін қалыпқа түсіре бастағанда, кенеттен денсаулығы сыр берді. Ақыры науқасынан айыға алмай, өмірден озды. Бауырымның ісін жалғастырмақшы болып, әрекет етіп көріп едім, әжептеуір қаражат жұмсалатынын біліп, қоя қойдым. Оған менде мүмкіндік жоқ, – дейді ол.
Жалпы, бұл нысан қаланың көрікті жерінде, әрі орталықта орналасқандықтан, жергілікті қалталы азаматтардың көзіне де түсіпті.
– Осыдан 3-4 жыл бұрын жергілікті жұртшылық спорттық кешен босқа тұрғанша ел игілігіне жарасын деген оймен мемлекетке қайтаруымызды сұрады. Талай келелі жиындарда да қозғалып, мен келісімімді бергенмін. Нысанды мемлекет сатып алатын болса, беретінімді айтып, аудан әкіміне, спорт бөліміне хат та жаздық. Бірақ, оны аудан бюджеті көтермеді ме, әлі күнге мәселе сол күйде жатыр. Бір айта кетерлігі, бірен-саран қаражаты бар кәсіпкерлер кешенді сататынымызды естіп, саудаласуға келді. Олардың кейбірі аз сома ұсынса, кейбірі төбесі жабық дап-дайын дүниені «сауда базарына» айналдырмақшы болды. Енді бірі тойхана, би алаңы секілді ойын-сауық орны үшін пайдалануды көздеді. Бұл кешен болашақта спорттық бағытқа пайдаланылмайтын болса, мен оны қазіргі құнынан екі есе артық қаражатқа да сатпаймын. Біреулер таңқалуы мүмкін. Ал, мен дайын спорттық кешеннің бұзылғанын немесе мүлде басқа бағытта жұмыс істегенін қаламаймын, – деді Ғани Сәуірұлы.
Бұқараның спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстануына өз үлесін қосқысы келіп жүрген Ғани Сәуірұлының азаматтығы сүйсінтті. Дейтұрғанмен, біз осы қаладағы спортқа құмар жастардың да ойын білмек болып, паратаэквондодан әлемнің екі дүркін чемпионы Нышан Өмірәлінің пікіріне құлақ түріп көрдік.
– Менің жасым 25-те. Мен секілді 18-25 жас аралығындағы жерлестерім физикалық тұрғыдан шыңдала түсу үшін кейбір спорт мектептерінің жаттықтырушыларымен келісіп, сағат кешкі 19.00 мен 21.00 аралығында жаттығып тұрамыз. Қалада 20 мыңнан астам тұрғын барын ескерсек, бізге бір спорттық кешеннің керек екені анық, – деді ол.
Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрсұлтан Манатбеков Қаратау қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған 3 спорт мектебі, бір аудандық спорттық кешен мен жеке иелікте фитнес клубтың бар екенін, аталған нысан мемлекет меншігіне алынса, нұр ұстіне нұр болатынын тілге тиек етті.
Осы орайда, біз облыс әкімдігі спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұхановпен де тілдестік. Олар бұл мәселеден хабардар екенін, егер ауданда құрылған комиссия аталған спорттық кешенді мемлекет меншігіне алу тиімді деп тапса, қолдау көрсетілетінін айтты.
Облыстық бюджеттің әлеуеті жетсе, халық сұранып отырған спорттық кешенді мемлекет меншігіне қайтарып, пайдаға асырғанға не жетсін. Бұл тұрғындардың саламатты өмір сүру салтын ұстануына оң ықпал етері сөзсіз. Жалындаған жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, әсіресе, ондағы бассейнді іске қосу арқылы суда жүзу спортын дамытуға да болар еді. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Талас ауданы

1 Comment

  • Талас ауданы, Қаратау қаласы, Саңырақ батыр көшесі №13 мекен-жайы орналасқан жеке меншіктегі жүзу бассейннің жылжымайтын мүлікті бағасы 81 062 000 мың теңгені құрады. (ЦНО «Время Качество» ЖШС-ның 14.02.2017 жылғы бағалау құжаты)
    Сонымен қатар, 2018 жылдың 25 сәуір күні аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің №01-05-37 ұсыныс хаты Жамбыл облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына жеке меншіктегі пайдаланусыз тұрған жүзу бассейнді коммуналдық меншікке сатып алуды қарастыру туралы хат жолданған болатын.
    Қазіргі таңда, жүзу бассейнінің мемлекеттік меншікке алу бойынша блім тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

ПІКІР