Астанаға 20 жыл

Қаратаулықтардың көптен күткен қуанышы

Астананың 20 жылдығы қарсаңында тұрғын үй кезегінде тұрған қаратаулықтар қуанышқа кенелді. «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын шаһардың 5-ықшамауданындағы №51 тұрғын үй пайдалануға берілді. Үйді қайта жөндеуден өткізуге өткен жылы облыстық бюджеттен 51 миллион 111 мың теңге қарастырылса, биыл аталған нысандағы жұмысты аяқтауға 169 миллион 606 мың теңге бөлінген болатын. Белгіленген мерзім ішінде «Тараз Монтаж Электро Свар Строй» жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Қоныстой қуанышына жиылған көпшілік алдында сөз алған аудан әкімі Досмаханбет Алиев:
– Міне, бүгін 70 жанұя қоныстойын тойлағалы отыр. Бұл орта есеппен 280-300 адамға шаттық сыйлайды деген сөз. Биыл 6 көпқабатты үй ел игілігіне беріледі. 27 мың 752 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйге 440 отбасы қоныстанбақ. Біз үйлерді қалпына келтіру арқылы жергілікті тұрғындарды әрі жұмыспен, әрі баспанамен қамтитын боламыз, – деп ізгі тілегін білдірді.

Сондай-ақ, салтанатты сәтте аудандық арда­гер­лер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмабек Әсемов баспаналы болғандарға жылы лебізін жеткізді.

Мұнан соң азаматтарға пәтердің кілті салтанатты түрде тапсырылып, жаңа қонысқа шашу шашылды.

Талас ауданы

ПІКІР