Қоғам

Қараусыз қалған су қоймалары қалыпқа келтірілсе, суармалы жердің көлемі артар еді

Агроөнеркәсіптік кешеннің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, импортқа тәуелділіктен арылту. Оның әуелгі жолы – өңірлерде суармалы егістік алқаптарын қалпына келтіру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке алдағы бес жылдың ішінде суармалы жерлердің көлемін 40 пайызға ұлғайтып, 2 миллион гектарға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл міндеттің іске асырылуы барысында облыстың да қосатын үлесі орасан. Өйткені, өңірдегі негізгі асыраушы саланың бірі осы – егіншілік.

Осы мақсатта аймақта суармалы егістіктің көлемін арттыру жобасы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы және жергілікті трансшекаралық өзендер пайдаланылып, қалпына келтірілетін суармалы алқаптар бақылауға алынғалы отыр. Бұл жерлерден суарылмайтын егіс алқабымен салыстырғанда, 8-10 есе артық өнім алынатындығын атап өткен жөн. Және суармалы жерлердің көлемін арттыру арқылы ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі еселене түседі.
Расында, суармалы жерлер көлемін арттырудың бірден-бір жолы– су тоғандарын қалыпқа келтіру. Алайда, аймақта Кеңестік кезеңде салынған мұндай су тоғандарының бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Оларды қайта ретке келтіріп, пайдалануға беру шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, көл-көсір өнім алуға сеп болмақ. Бір ғана мысал, облысымызда 1994 жылы суармалы жерлердің көлемін небәрі 4 пайызға кеңейтіп, одан 40 пайыз артық өнім алынған екен. Демек, суармалы егіннің пайдасы молынан.
Биылғы жылы аймақта 778170 гек­тар жерге егін егілсе, оның 668500 гектары суармалы болса, қалған 184400 гек­тары тәлімі жер екен. Облыс әкімдігі ауыл шаруа­шы­лығы басқарма басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, суармалы жердің 80 пайызын көршілес Қырғыз Республикасынан келетін су қоры қамтып отырса, өзіміздегі су тек
20 пайызын ғана қамтамасыз етуде.
– Бүгінде Теріс-Ащыбұлақ, Тасөткел су қоймасы мен Билікөл көлі арқылы егістік жерлерді суғарып отырмыз. Суармалы егістіктерімізді негізінен Қырғыз Республикасынан келетін су қоры арқылы қамтамасыз етудеміз. Жасыратыны жоқ, осыған дейінгі жылдарда көрші елмен аталған мәселе бойынша түйткілдер болған. Бірақ, биыл еш қиындық тумауда. Себебі, мамыр айында екі ел басшылары өзара келісімге келді. Нәтижесінде өңір диқандары осы жылғы науқанда су тапшылығын сезінбеді, – дейді Ерлан Елібайұлы.
Көрші елге тәуелді болмас үшін облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен аймақта суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары қолға алынып отыр. Аталған бағытта өңірде жаңадан су қоймалары салынатын болса, кеңестік кезеңнен қалып кеткен су қорларын жинайтын орындар қайта жаңғыртылмақ. Жалпы, «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мекемесінің директоры Айдар Асамбековтің сөзінше, өңірде бас-аяғы 105 су қоймасы бар екен. Сондай-ақ, аталмыш мекеме қазіргі таңда жаңадан салынатын және қалпына келтірілетін жерлерге техникалық зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде мекеме облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе жұмыс атқара отырып, 5 жаңадан салынатын су қоймасының орнын анықтаған. Қордай және Меркі аудандарында негізі қаланатын ол су қоймалары іске қосылатын болса, облыстағы мыңдаған гектарды өзіміз-ақ сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ. Әрі қоймаларға қалай су жеткізілетіні және артылған суды қайда жұмсауға болатындығы да ойластырылып қойыпты. Сонымен қатар, қайта іске қосылатын тағы 5 су қоймасы анықталған. Оның біреуі Жамбыл ауданында орналасса, қалған төртеуі аграрлы өңір – Жуалы ауданында. Бұл қоймаларға да бұлақ, қар, жауын сулары арқылы қор жинауға мүмкіндік зор әрі олардың сағасында мыңдаған гектар суармалы егістік алқаптары орналасқан. Сондықтан, нәсібін жерден теріп, кәсібін егіншілікпен байланыстырған шаруалардың дақылдан шашау шығармай, мол өнім алуына осындай игі істер себеп болмақ.
– Қазіргі таңда ғылыми зерделеу жұмыстарына бюджет есебінен қаражат қарастырылып отыр. Алдағы уақытта мердігер компания анықталатын болса, олар бізге ғылыми зерттеу жүргізіп береді. Ал, қайта қалпына келтірілетін қоймаларға жобалық-сметалық құжаттары дайындалмақ. Осылайша келер жылы ол қоймалар жөнделетін болады, – дейді Айдар Дәулетқұлұлы.
Бүгінде ризығын жерден теріп отырған шаруалар егістікті жаңбырлатып немесе тамшылатып суғару арқылы амалдап күнелтуде. Оның да шығыны шаш-етектен екені белгілі. Осы орайда, баянды бастама бағдарын тауып, қараусыз қалған су қоймалары қалыпқа келтірілсе, ел үшін жасалған игі дүние болар еді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР