"Кәсіпкерлік"

Қаражат бар, қауқар жоқ…

Тоғызыншы сыныптан кейін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен «Құрылғыларды автоматтандыру» маман­дығы бойынша білім алып шыққан Бекдәулет Асқанбековтің әу бастан арманы асқақ. Автоматиканы мең­ге­ру­ге бекінген ол арман-қиялына қам­шы басып, Алматыны бетке алды. Көп ұзамай Бекдәулет бір компанияға мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, тәп-тәуір-ақ еңбекке араласты. Үш жыл бойы аталған компанияның тапсырмасымен еліміздің түкпір-түкпірінде болып, өндірістегі талай қондырғының, көптеген ғимараттардың қауіпсіздік жүйесінің автоматтандырылуына атсалысып, біраз тәжірибе де жинақтап алыпты. Дегенмен, түрлі себептерге байланысты ол компанияның тірлігі өнбей, амалсыз ол жерден кетуге мәжбүр болыпты. Сөйтіп, өткен жылы туып-өскен ауылы Асаға қайта жол тартқан…
Мамандығы бойынша үш-ақ жыл жұмыс істесе де нағыз бақыт еңбекте еке­нін ұғынып үлгерген жас маман елге келген соң да қол қусырып қарап жат­пады. «Әрекет түбі – берекет» екенін қаперіне түйген ол өз бағын жеке кәсіп­те сынап көргісі келді. Әрекет етті, қолы­нан келді. Нәтиже шығарды. Қазір ол – Асадағы алғашқы әрі жалғыз май ауыстыру орталығын ашқан жас кәсіпкер. Жасы небәрі жиырма төртте. Бұл кәсіпке келуі де кездейсоқ емес екен. Кезінде колледжде оқып жүріп, қолы қалт еткенде көтерме бағамен техника жөндеу орталықтарына мотор майын сатып, бизнестің әліппесін ертерек ашқан. Енді міне, Алматыға кеткенде қалып қойған бизнесі Жамбылға келгенде қайта жалғасын тапты. Анығы, Бекдәулет кәсіптің көзін тапты.
Аудан орталығына кіреберісте орын тепкен оның көлік майын ауыстыру орталығына келетіндердің қарасы да аз емес. Жеңіл көліктен бастап, ауыр техникаға дейін қызмет көрсетуге шамасы жетіп отыр. Одан бөлек, шағын сөреде көлікке керекті басқа да аксес­суарлар түр-түрімен толып тұр. Бекдәулеттің қызмет көрсету орталығы аядай ғана болса да, мұнда күніне 5-6 көлік кіріп-шығады екен. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыстар конкурсына қатысып, мекеме көліктеріне де қызмет көрсетіп келеді. Орынды жалға алғаны үшін ғимарат қожайынына айына 20 000 теңге төлейді.
Шағын да болса өз кәсі­бі­нің нәсібін көріп отырған Б.Асқанбековтің алдағы уақытта май ауыстыру орталығын кеңей­тіп, қызмет көрсету түрлерін көбейтсем деген арманы асқақ. Мұндай бастамаға қалтасында қаражаты болғанымен, қауқары жетпей тұр. Яғни, қолын байлап, қол созым жердегі игіліктен қағып отырған бір мәселе кесе-көлденең тұр.
– Еліміздегі кәсіпкерлік саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жайлы таныспын. Елбасымыздың отандық кәсіпкерліктің өркен жаюы үшін көптеген бастамалар көтеріп, тәй-тәй басқан бизнесті демеп жіберудің тиісті тетіктерін іске қостырып жатқаны қуантады. Дегенмен, менің жағдайымда ол мүмкін болмай тұр. Себебі, мен мына орынды өзге кәсіпкерден жалға алып отырмын. Несие алып, өзге де мемлекеттік қолдаулардың шапағатын көру үшін, алдымен өз ғимаратың болу керек. Ал, бөлек шығып, өз орталығымды ашайын десем ауыл ішінде де, жақын маңда да бос жатқан жер жоқ. Осы мәселе кәсібімді кеңейтсем деген мақсатыма жеткізбей отыр. Десек те, барға қанағат. Енді-енді кірісіп келе жатырмыз. Алда бір нәсібі болар, – деген Бекдәулеттің талпынысы қуантты бізді.
Егер діттеген мақсатына жетіп, жер учаскесін тауып жатса, ол автобөлшек сататын дүкен ашудың да жөн-жобасын жоспарлап қойыпты. Әзірге жалғыз өзі бар шаруаға үлгеріп отыр. Кәсібінің аясы кеңейсе, жұмысшы алуға да даяр. Ол кезде Бекдәулет антифриз сынды көлікке қажетті өзге де сұйықтықтарды өндіретін кішігірім цех ашқысы келетінін жасырмады.

Жасұлан Сейілханов
Жамбыл ауданы

ПІКІР