Жамбыл жаңалықтары

Қариялар қалыс қалмайды

Кеше «Достық» үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің Елбасының биылғы Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жүзеге асыру аясында ардагерлердің кәсіпкерлікті дамытуға қосып жатқан үлестерін кеңінен талқылаған кезекті пленумы болып өтті. Жиынға барлық саладағы ардагерлермен қатар, ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп отырған қариялар да қатысты.

Пленумды алғы сөзбен ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Мемлекет басшысының Жолдауы мен Үндеуінде айтылған басым бағыттарға тоқтала келе, өңірде өз кәсібін дөңгелетіп, аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына өлшеусіз үлесін қосып отырған ардагерлерді көпшілікке таныстырды.

– Елбасы ұсынған бес бастаманың бірі – шағын несие беру арқылы өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың санын арттырып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Облыс ардагерлері бұл бағытта талай жылдан бері талмай еңбек етіп, өз үлестерін қосуда. Мәселен, Жамбыл ауданындағы 4 648 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының оннан бірінің жұмысын ардагерлер жүргізіп отыр. Олардың 247-сі егін шаруашылығымен, 21-і мал өсірумен, 4-еуі азық-түлік және шаруашылық тауарларының көтерме және бөлшек саудасымен, тағы 4-еуі халыққа тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысып келеді. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен өзге аудандарда да жеке шаруашылығын шалқытып отырғандар аз емес. Олардың қатарында Тараз қаласындағы сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «Галеника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрайымы Қатира Аққұлиеваны, «Бином» ЖШС-нің директоры Серік Олжабаевты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, меценат-кәсіпкер Сембек Сейдәзімовті, қоғамдық көлік саласының жұмысын жолға қоюға атсалысып жүрген Мәмбет Күшікбаев пен Дмитрий Ильичевті, қымыз шаруашылығын қолға алған Дүйсенбек Ибінәлиевті, егін және мал шаруашылығын дамытуда мойынқұмдықтарға өнеге көрсетіп жүрген «Мерей» қожалығының иесі Несіпбай Еселбаевты және «Совет» шаруа қожалығының негізін қалаған Совет Қалманбетовті ерекше атап өтуге болады, — деді Еркінбек Бейсенбекұлы.

Бұдан кейін, ардагерлер кеңесінің төрағасы заман ағымына қарай кейінгі кездері облыс аумағында кәсіпкерліктің әлеуметтік және құқықтық мәні бар жаңа түрлеріне бет бұрған қариялардың қатары көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.

– Бұл ретте, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанған жандардың дертіне дауа тауып, алғысына бөленіп жүрген белгілі кардиохирург Сейтхан Жошыбаевтың, мейрамхана бизнесін дамытып отырған Марите Абілпаттаның, би өнеріне жас жеткіншектерді баулып жүрген хореограф Светлана Төребекованың және адвокаттар Тоқтаған Ахметов пен Асқар Қуандықовтың еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ, ұлтымызға тән құсбегілік және атбегілік өнерін өрге сүйреген Жапар Сатылғанов, Бауыржан Ешметов, Әлімхан Мақұлбеков, Әзімхан Жарылқапов, Бақыт Байтөле, Ердос Айтбаев, Батырхан Рысбеков сынды ардагерлеріміз бар.

Санамалай берсек, кәсібін нәсіп етіп, кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетіп отырған мұндай қарияларымыз аз емес. Бүгінгі пленумның мақсаты – осы ардагерлеріміздің бастамалары мен тірлігін көпге үлгі ету. Өзге де аға буын замандастарымызды Елбасы Жолдауы мен Үндеуіне үн қосып, кәсіпкерлікпен айналысуға шақыру, — деді Е.Солтыбаев.
Келесі кезекте сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев партия ұйымдары мен ардагерлердің әрдайым тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отырғанын жеткізді.

– Бүгінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мүшелігінде 6 000 зейнеткер бар. Осы қариялар қоғам өмірінен қалыс қалмай, партиямен берік байланыста жұмыс жасауда. Мәселен, екі жақты ұйымдастырумен былтыр 3 000-ға жуық шара өтіп, оған 17 мыңнан аса адам тартылды. Қазыналы қариялардың баянды бастамалардың басы-қасынан табылуы қуантады. Сол үшін ардагерлерге айтарымыз тек алғыс, — деген Мұратхан Жүнісәліұлы бірқатар ардагерлерді партия облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапаттады.

Пленум барысында мінберге ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры Сейтхан Жошыбаев, «Совет» шаруа қожалығының төрағасы Совет Қалманбетов, «Айвенго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрайымы Любовь Попова және табиғат жанашыры, құсбегі Жапар Сатылғанов көтеріліп, ардагерлердің бүгінгі қоғамда алатын орны жайлы ой қозғап, жиылғандарды өз кәсібін ашып, Елбасы бастамаларын жұмыла іске асыруға шақырды. Ал, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек болса, кәсіп ашудың жас талғамайтынын, сондықтан іске көшудің ешқашан кеш болмайтындығын жеткізді.

Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бірқатар ардагерлерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғам өміріне белсене атсалысқаны үшін облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етсе, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұл күні Жуалы аудандық ардагерлер кеңесін 15 жылға жуық басқарған Жарас Мұратайға да сый-құрмет көрсетіліп, «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі табыс етілді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР