Қоғам

Каршеринг қызметіне жүгініп көрдіңіз бе?

Қазір діттеген жеріңізге көзді ашып-жұмғанша жеткізетін автокөліктің қадірі артқан заман. Тақымға басқан «темір тұлпарыңыз» сыр бермесе аз уақытта талай шаруаны тындыруға болады. Сол себептен де, бүгінгі қоғамда мүмкіндік болса көлік мінуге құштар азаматтардың саны артқан.

Десе де, соңғы уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерінде көлікті сатып алудан гөрі жалға алу үрдісі қалыптасуда. Осы орайда елімізде де көлікті жалға беруден табыс табатын компаниялар пайда болып жатыр. Сәйкесінше, біздің облыста да авто нарықтағы әлемдік үрдісті кәдесіне жаратып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер жетерлік.
«Каршеринг» деп аталатын көлікті жалға беру қызметі Швейцарияның Цюрих қаласында өткен ғасырдың орта шенінде пайда болған. Содан бергі жарты ғасырда әлем елдерінде көлікті жалға беру арқылы табыс табатын ірі коммерциялық құрылымдар өмірге келді.
Облыс орталығындағы қызметтің дәл осы түрін ұсынатын коммерциялық ұйымның бірі – «Ронат» компаниясы. 2015 жылдан көлікті жалға берумен айналысатын компания өз тұтынушыларынан эконом санаттан бизнес санатқа дейінгі «темір тұлпарлардың» кең таңдауын ұсынады.
– Қаладағы өзге ком­па­ния­лардан басты ерекшелік, бізде жүргізушісіз көліктер жалға беріледі. Ал, Тараздағы бұл қызметті ұсынатындардың дені көлікті жүргізушісімен қоса жалға береді. Бұл каршерингтің талаптарына сай келмейді.
Сол себептен біз ең алдымен тұтыну­шы­ларымыздың көлік жүргізудегі тәжірибесінің 3 жылдан кем болмауын талап етеміз. Бізде ұсынылатын қызметтің бағасы қолжетімді. Көлікті бір тәулікке жалға алу құны оның санатына қарай 7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін жетеді. Жалға алынған «темір тұлпар» қозғалысы компания мамандарымен ұдайы бақылауда болады. Бұл бақылау жүйесі GPS арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде компания өз меншігіндегі көлік құралы мен тұтынушының да қауіпсіздігін назарда ұстайды. Көлікті басқару кезіндегі заңдылықтары, оқыс оқиға орын алған жағдайда туындайтын мәселелер келісім-шартта нақты көрсетілген, –дейді компания директоры Наталья Деда.
Жұмыс бабымен көлікті қысқа мерзімге жалға беру қызметін жиі пайдаланатын Тараз қаласының тұрғыны Ерболат Жарқынбек те бұл жүйенің тиімділігін алға тартады.
–Тараздағы каршеринг қызметі туралы жарнаманы әуелі «Instagram» әлеуметтік желісінен көрдім. Сол сәтте жұмыс бабымен Алматы қаласына жол жүру керек болған соң жалға көлік алуға бел будым. Бір қызығы, компания көліктің қозғалысын қалт жібермей бақылауда ұстайды. Жылдамдықты асырған жағдайда ұялы телефоныма хабарласып ескертіп отырды. Одан кейін де өз көлігім істен шығып, шұғыл шаруаларды реттеу кезінде каршерингтік компаниялардың қызметіне бірнеше рет жүгініп көрдім, – дейді ол.
Әзірге, біздегі каршерингтік компаниялар көлікті бір ғана автотұрақтан жалға берумен айналысып келеді. Ал, шетелдің тәжірибесінде жалға алушы «темір тұлпарды» кез-келген уақытта өзіне жақын автотұрақтардың бірінде қалдырып кетуге мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, тұтынушы компания сайттарына онлайн-өтініш қалдыруға да болады. Өтінішіңіздің қабылданғандығы туралы ақпарат ұялы телефоныңызға немесе электронды поштаңызға жалға берілетін көліктің мекенжайымен қоса келіп түседі. Ал, ірі каршерингтік компаниялар электронды поштаға көлікті ашуға арналған смарт-картаны қоса жолдайды.
Қалай десек те, әлемдік автокөлік нарығындағы осы бір үрдіс біздің өңірге де келіп жетті. Ендігі кезекте жалға көлік беріп табыс табуды мақсат еткен коммерциялық ұйымдар мен олардың қызметін тұтынушылар қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстауды ұмыт қалдырмағаны жөн.

Ш.Атыханұлы

ПІКІР