Қоғам

Қарт Қаратау қойнауы қазыналы

Written by Aray2005
«Қазфосфат» ЖШС жыл басынан бері 15 миллиард 143 миллион теңгенің өнімін өндірді
Жыл сайын мамыр айының соңғы жексенбісінде химия өнеркәсібінің мамандары өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Жасыратыны жоқ, бүгінде бұл саланың игілігінсіз адамзат ҚАЗІРГІ даму деңгейіне жете алмайтын еді. Жалпы, химия кен өндіру, металлургия, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс және тамақ өнімдерінің түрлі салаларында сұранысқа ие. Ал біздің өңірде жұмысын жандандырып жатқан «Қазфосфат» ЖШС еліміздегі бірегей өндірістік құрылым.
Осынау атаулы күн қарсаңында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы айтпай кету мүмкін емес. Химия өнеркәсібі саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны тек біздің облысымызды ғана емес еліміздің атын әлемге танытып келе жатыр. Негізінен сонау 1946 жылы Шолақтау кенішінде фосфор кенінің мол қорын барлаудан басталған өңірдегі бұл химиялық элемент өндірісінің қазіргі қарқыны қарышты. Бүгінде Қаратау қойнауынан өндірілген сары фосфор мен оның өнімдері Жамбылдан экспортқа жол тартатын бағалы тауардың бірі саналады. Қазіргі таңда серіктестік өндіретін өнімнің 20 түрі әлемнің 27 елінде үлкен сұранысқа ие. Еуразия құрлығын былай қойғанда сонау мұхиттың арғы жағындағы Латын Америкасы елдерінде «Қазфосфат» өнімІнің тұтынылуы компанияның әлемдік аренада беделін айшықтап тұр.
Жалпы 1999 жылдың 27 қазанында негізі қаланған серіктестік Жамбыл мен Түркістан облыстары аумағындағы Қаратау тауы баурайындағы ең ірі фосфор кенін игерумен айналысады. Сол уақыттан бері өндіріс ошағы толықтай нарық заманына бейімделе білді. Өнімнің алуан түрлілігіне қол жеткізді. Жұмысшылардың әлеуметтік мәселесі ерекше назарға алынды. Нақтырақ айтқанда, 2018 жылы жұмысшылардың жалақысы 2017 жылға қарағанда 13,4 пайызға артқан. Ал өткен жылдан бастап бұл көрсеткіш орта есеппен тағы 10 пайызға көбейіпті. Бастысы, соңғы 12 жыл ішінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс бюджетіне 38 миллиард 300 миллион теңге көлемінде салықтық түсім жасалды. Тағы бір тілге тиек ете кететін жайт, серіктестіктегі ірі зауыттардың бірі Жаңа фосфор зауыты өткен жылдың 4 айында жалпы көлемі 37 миллиард 400 миллион теңгенің өнімін өндірсе, биылғы жылдың есепті кезеңінде 31 миллиард 120 миллион теңгенің өнімін өндірген. Сол секілді компанияға қарасты Минералды тыңайтқыштар зауытының да өнім көлемі көңіл қуантады. Өткен жылдың есепті кезеңінде 13 миллиард 958 миллион теңгенің өнімін шығарса, жыл басынан бері 15 миллиард 143 миллион теңгенің өнімін өндірген. Осылайша өндіріс ошағы жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып келеді.
Бүгінде Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров басқаратын үлкен ұжым қашанда өндірісті кеңейтуге және қайта жаңғыртуға күш жұмсайды. Бұл мақсатта инвестиция тартып, өнім көлемін арттыруды басты орынға қойған.
Қазіргі таңда серіктестік «Қаратау» кен өңдеу кешені, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Минералдық тыңайтқыштар зауыты, Темір жол көлігі кешені, Шымкент қаласындағы синтетикалық жуу заттарын шығаратын зауыттарының тірлігін тіктеп, табыс көлемін арттыруда. Жалпы, бұл өндіріс ошақтары минералдық шикізат өндіру, байыту және өңдеу, олардың негізінде өнеркәсіптік өнім мен халық тұтынатын тауарлар шығарумен айналысу үстінде. Сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарын да жүргізіп, минералдық тыңайтқыштар, сары фосфор және оның қосылыстарын да өндіруде. Соңғы жылдары кәсіпорын химия саласының тек шикізат өндіруге бағытталған біржақтылығын өзгерту, сыртқы және ішкі рыноктарға сапалы, бәсекеге түсе алатын өнім шығару бойынша іргелі жұмыстар жүргізуде.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ең басты қағидасы – халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететін экономиканың түрлі салаларын дамыту. Осы мақсатта компанияда жұмысшылардың әлеуметтік жауапкершілігі әрқашан дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Сондықтан компания басшылығы үшін жұмыспен қамту, жалақының өсуі, жұмысшылар мен олардың отбасыларының денсаулығы мен әл-ауқаты басты назарда. Қызметкерлер заң талаптарына сәйкес медициналық және профилактикалық тамақтану, сүт, киім, жеке қорғаныс құралдары түріндегі барлық жеңілдіктерді алады екен. Бұдан басқа, компанияның барлық салаларда өндіріске жұмыскерлерді көлікпен тасымалдау бойынша шығынды өз мойындарына алғандығы қуантады.
Сондай-ақ компания жұмыс жасаймын деген жастарға мол мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Бүгінде онда алты мыңға жуық қызметкер жұмыс істейтін болса, олардың қатарында жастардың алатын үлес салмағы айтарлықтай. Нақтырақ айтқанда, кәсіпорындағы жұмысшылардың 34 пайызы жасы 35- ке дейінгі жастарды құрайды. Яғни, 2174 жас серіктестікте тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақ жастардың қолында екенін жете түсінетін серіктестік басшылығы 2011 жылы компания басшылығы белсенді жастар қозғалысын қалыптастырып, жас мамандардың басын қосып біріктіру мақсатында Жастар Одағын құрған. «Артқа қарай шегінбе, орныңда калма, тек қана алға!!!» атты ұраны бар ол ұйым жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен химия саласы бойынша білімдерін жетілдіру бағытында ілкімді істерді атқаруда.
Қарт Қаратаудың қойнауындағы қазынаны, баурайындағы байлықты ел игілігіне жаратып отырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің толайым табыстарына көңіл толады. Кен игеру мен оны өңдеу ісінде көшбасшылар сапынан көрініп, әлемдік нарықты сапалы өніммен қамтып келе жатқан серіктестіктің болашаққа құрған жоспары да жұмыр.
Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР