Мәдениет РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Қарты бар ел – қазыналы ел

Written by Aray2005

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты маңызды мақалаларының аясында облыстық «Ғибрат» орталығында мазмұнды іс-шара өтті. Салтанатты басқосу барысында облыстың және Қордай, Т.Рысқұлов аудандарының «Құрметті азаматы», облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Саттар Жанәбілұлының «Тағдырыма ризамын» атты ғұмырнамалық кітабының тұсауы кесілді.

Облыстық ардагерлер кеңесі мен «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өңірімізбен замандас, 80 жастағы қариялардың қоғамдық өмірдегі белсенді тіршілігін, елдің руханиятына, мәдениеті мен әдебиетіне күні бүгінге дейін үлес қосып жүргендігін тілге тиек етіп, солардың ішіндегі жұмыр ойлы жинақтың авторы Саттар Жанәбілұлына ерекше лебізін жеткізіп, иығына шапан жапты. Бұдан кейін текті сөзді тізгіндеген белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бас жеңімпазы Несіпбек Дәутайұлы «Біздің елден басқа ешкіміміз жоқ, елден басқа ешкімге де керек емеспіз. Сондықтан қашанда елдің, өскелең ұрпақтың, өсіп келе жатқан жастардың тілеуін тілеп, бір бірімізге қарайласып жүргеніміз абзал» деп автордың шығармашылығын, азаматтық қырын кеңінен қаузады. Осыдан кейін салтанатты түрде жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Ал кездесудің бас кейіпкері Саттар Жанәбілұлы өз кітабының мазмұн-мағынасын тарқатып айтып, жиналған көпшілікке, тілеулес замандастарына алғысын жеткізді. Айта кетсек, бұл жинақта жеке адамның тағдыры мен ескірген естеліктер емес, туып-өскен ауылы, өмірлік сабақтары туралы жазған. Сонымен қатар автор фольклор жанрына қалам тарта отырып, кітаптардан кезіге бермейтін «Жолдас жайлы», «Мақалбай мен Саудаешен», «Шәкір-Шәкірат» қиссаларын зерттеп, жинағына енгізген. Тұсаукесер барысында ардагерлерге арнап ақ дастархан жайылып, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР