"Сырғалым"

Қарулы Күштер қатарындағы қаракөз

Мемлекеттің сенімді әрі қуатты қалқаны – әскері. Сондықтан да, әскери қызметкер болу кез келген адамның қолынан келер шаруа емес. Десе де, еліміздің айбынды, рухымыздың асқақ болуы үшін қолына қару ұстаған арулар арамызда баршылық. Өз ісіне тиянақты, жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын нәзікжандылар қоғам мүшелеріне қашанда үлгі. Қызметкерден темірдей тәртіпті талап ететін нақ осы сала сапына именбей енген бұрымдының бірі – Айман Сметова.

Айман Сегізбайқызы Жуалы ауданындағы Қошқар ата ауылында дүниеге келіп, балдәурен балалық шағын осында өткізген. Ол өзгелер секілді әскери қызметкер болуды бала күнінде армандамаған. Әу баста бойына біткен әншілік қабілетіне сенім артып, 1989 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училишесіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолы аталған аудандағы мәдениет үйінің әншісі болып басталған оның өмір жолы көп уақыт өтпей мүлдем басқа арнаға бұрылады. Нақты айтқанда, 2001 жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының №28903 әскери бөліміне телеграфшы болып жұмысқа орналасып, әп-сәтте әскери қызметкер болып шыға келеді.

Осы әскери бөлімде еңбек еткен үш жыл ішінде ол Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай бөліміне құжат тапсырып, жоғары білімді музыкант мамандығын меңгереді. Сөйтіп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестріне қызмет ауыстырыпты. Сол жылдары республикалық «Жасұлан» әскери әншілер байқауына қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарды иеленіпті.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Самат Төлепбаевтың айтуынша, Айман бағындырған үлкен белестердің бірі – оның осыдан он жыл бұрын Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткен ТМД елдері арасындағы халықаралық Х әскери әншілер байқауында лауреат атануы.

– Айман Сметованың бірер жыл бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы аруы» атты республикалық байқауына да қатысып, жеңімпаз атанған жайы бар. Негізінен, сырт ел «Бұл тек ән салумен күнін өткізеді екен ғой» деп ойлап қалуы мүмкін. Десе де, аталған байқауға қатысушылардың әскери қызмет атқаруға лайық, лайықсыз екендігі осындайда сыналады. Оның шарттарын мүлтіксіз орындау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Мәселен, қатысушы қыздар белгілі бір қашықтыққа жүгіре отырып, межелі жерге жеткенде жауынгерлік тапсырманы орындауға кіріседі. Уақыт есептеулі. Оның ішінде АК-74 автоматы мен ПМ тапаншасын бөлшектеп, қайта жинау, нысананы дәлдікпен ату, гранатаны межелі жерден асыра лақтыру, сапта жүру секілді толып жатқан тапсырмалар бар. Аталмыш шарттардан сүрінбей өтсең ғана ару атанасың. Айман осындай сынақтан абыроймен өткен жан.

Жалпы, Қазақстанның Қарулы Күштері қалыптасу кезеңінен өтіп, жылдан жылға нығайып келеді. Қорғаныс қабілетіміз де артты. Оған барлық әскери бөлімдерді керек-жарақпен толыққанды қамтамасыз ету, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік оқытудан өткізу, әлемнің озық елдеріндегі жаңашылдықты, тәжірибелерді кеңінен енгізу, далалық-роталық және батальондық жаттығуларды өз деңгейінде жүргізу, әскери-әдіс тәсілдерді шеберлікпен меңгерту арқылы қол жеткізілгені белгілі. Дегенмен, мұның бәрі өздігінен жүзеге аспайтыны белгілі. Мұнда Айман Сегізбайқызы сынды арулардың да қызметі зор. Оның әскери өмірге тез бейімделуіне төзімділігі, сабырлылығы, өжеттілігі, намысқойлығы арқау болғаны анық, – дейді Самат Болатұлы.

Бүгінде Айман Сметова қатардағы жауынгерден капитан шеніне дейін өсіп, Тараз қаласы гарнизоны офицерлер үйінің басшысы қызметін мінсіз атқарып отыр. Мұндай дәрежеге ол тынымсыз еңбек пен қиындыққа төзе білуінің арқасында қол жеткізіпті.

– Бастапқыда әскери өмірге бейімделіп кете алмай қиналдым. Бір кездері әскери киімді дұрыс кию, сапқа тұру және жүру, қару қолдану секілді жайттар бойынша сөгіс те алғанмын. Бұл, сірә, қыз баласына бейтаныс тапсырмаларды орындауда кеткен ағаттықтар болса керек. Келе-келе қиындықтарды еңсердік. 2010 жылы осы жерде басшы орынбасары бола жүріп, бір жылдан кейін лейтенант шенін алдым. Ал, қазіргі жауапкершілік жүгі одан да жоғары.

Әскери өмірге араласпай тұрғанымда, яғни 1998 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облысымызға жұмыс сапарымен келгенде маған Президентіміздің қолын алу бақыты бұйырған еді. Одан кейінгі жылдары да Мемлекет басшысын сан мәрте жақын жерден көруім осы қызметімнің арқасы деп ойлаймын. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын әрі құрметтеймін. Қазіргі таңда отбасымда бір ұл, бір қыз тәрбиеленуде. Ұлым республикалық «Жасұлан» әскери мектебінің түлегі. Бүгінде Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің әскери институтының екінші курс курсанты. Жалпы, балаға патриоттық тәрбие отбасында берілуі тиіс. Ұлымның менің жолымды қууы соның жемісі деп ойлаймын, – дейді ол.

Қасиетті қонысын қасық қаны қалғанша қорғаған бабалар ерлігі алдында бүгінгі ұрпақ мәңгілік қарыздар. Ал, олар мұраға қалдырған байтақ мекенді көздің қарашығындай сақтау – әрбіріміздің парызымыз. Бізді осы парызды қорғаныс саласында адалдықпен атқарып жүрген Аймандай аруларымыздың қатары жыл санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Мұқағалиша айтсақ, «…Бола берсін көп, мейлі!». Өйткені, «сұлулық әлемді құтқарады».

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР