Қаржы пирамидасының құрбандары қақпанға қалай түседі?

0 2

Әлемнің әр түкпіріндегі алаяқтар ақша табудың жолында алдап-арбаудың небір қитұрқы әдістерін ойлап тауып жатыр.

Оның «жаңғырығы» біздің елге де жеткен. Кезінде жұртты алдап-арбайтын әрекеттер қаржылық сипатымен ерекшеленсе, қазір олардың бағыты сан алуан. Сарапшылар қазіргі маркетингтік желілерді де қаржы пирамидаларының жаңарған нұсқасы деп атап жүр.

Соңғы бес жылда Қазақстанда қаржы пирамидаларын құруға байланысты 600-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Бұл көр­сеткіштің үштен бірі 2020 жылдың ен­шісінде екен. Бас прокуратураның мәлі­метіне сүйенсек, осы уақыт ішінде қаржы пирамидаларына ақша салған отан­­дастарымыз барлығы 14 млрд теңге­ден астам шығынға ұшыраған. Ал 1990 жылдардан бергі жалпы шығын – 21,6 млн долларды құрайды әрі шығын көлемі жыл сайын 1%-дан 6%-ға дейін өсіп отырды.

2020 жылдағы ең шулы іс – «L-Capital» АҚ-на байланысты тіркеліпті. Оның салымшылары 2 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Бас прокуратура таратқан деректерде компанияның бұ­рынғы инвесторларынан әлі де өтініш­тер түсіп жатқаны айтылады, демек, шығын­ның соңғы мөлшері туралы айту әлі ерте.

2020 жылдың соңында Қоғамдық сая­сат институты осы тақырыпта арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізген. Сауал­дамаға қатысқан 6,8 мың қазақстан­дықтың 39,9%-ы ғана қаржы ұйымдары­ның веб-сайттарын оңтайлы қаржылық өнім немесе қызметті таңдау үшін зерт­тейді. Қарағанды, Атырау, Түркістан және Қызылорда облыстарының респон­дент­тері олардың сайттарына зерттеу жүргізу үшін жиі кіретінін айтқан. Аза­­мат­тардың едәуір бөлігі қаржылық қыз­мет­тер саласында құқығы бұзылған жағ­дай­да қайда жүгінетіндерін білмейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы нарығындағы асыра пайдалануға қарсы іс-қимыл бас­қармасының басшысы Мақсат Шағ­даровтың айтуынша, желілік маркетинг те, қаржы пирамидасы да иерархиялық құрылымға негізделген. Оның айтуынша, бұл екеуі де қазақстандықтарға круиз, жолдама, саяхат ұсынады, бизнес құру және ілгерілету бойынша тренинг өткізеді. Сондай-ақ қаржы пи­ра­ми­­дасында бинарлық опциондар плат­­фор­масы кеңінен қолданылады. Мы­са­лы, ұйымдастырушы әлеуметтік желі ар­қылы жеке тұлғаларды бағалы қағаздар нарығындағы операциялар бойынша оқуға тартып, клиентке бағалы қағаз­дарды сатып алу және сату операция­лары мен бинарлық опциондармен опе­ра­ция жасау мүмкіндігі болатын арна­йы платформа ұсынады. Арада біраз уақыт өткенде клиент демо-шотты және адам­ның ақша табуына жағдай жасайтын плат­форманы қолдана отырып, операция­ларды дербес жүзеге асыруға кіріседі. «Клиентте қаражат жеткіліксіз болса, онда ол шақырылған әрбір қатысушы үшін бонус алады. Бұл платформалардың көпшілігі шетелдік компанияларға тие­сілі. Ел аумағында тіркелген компания­лар тек консультациялық қызмет көр­се­теді. Жергілікті жердегі платформа пайдаланушылар үшін әдейі тиімсіз етіп жасалған», деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі.

М.Шағдаровтың түсіндіруінше, алаяқ­тарға алданып қалмау үшін компанияның беделін және ұсынылып отырған ақпа­рат­тың дәйектілігін зерделеу қажет. Себебі депозит тартуға құқығы бар қаржы инс­ти­туттарында Ұлттық банктің лицензия­сы болуы тиіс. «Мынаны есте сақтау керек: қаржы пирамидалары қаржы ұйы­мына жатпайды. Олардың депозит қа­был­дау, жеке тұлғаларға банктен шот ашу және шот жүргізу құқығы болмайды. Сон­дықтан оларды қаржы реттеушісі бақы­ламайды. Реттелмейтін ұйымға ақша сал­ған кезде қаржының жоғалып кету қаупі жоғары болады. Ақшаңызды сеніп тап­сырған ұйымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болса, құқыңыз бұзылған кезде осы агент­тікке шағымдана аласыз. Ал қаржы пир­амидасына ұрынсаңыз, ақшаңыздың сақталуына ешкім кепілдік бермейді. Қаржы ұйымында лицензия бар-жоғын finreg.kz сайтынан тексеруге болады», деді М.Шағдаров.

Көптеген мемлекетте осындай қи­тұр­қы алаяқтық іспен шұғылданатын ком­панияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңды тұрғыда тыйым бар. Қазақстанда да Қылмыстық кодекс­ке 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы әрекет еткендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. «Жарнама туралы» қолданыстағы заңның 13-бабында «қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған.

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қаржы пирамидаларының бас кеңсесі АҚШ, Батыс елдерінде орналасқандықтан, оларды біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес.

Сарапшылар біздегі Қылмыстық кодекс­тің бабымен олардың бәрін қамту қиын, сондықтан дәрменсізбіз дейді. Сон­дықтан қазақстандықтар қаржы сауат­тылығын арттыру арқылы өзін-өзі қорғай білуі қажет. Ең бірінші адам сенгісіз қар­жылық ұсыныстан бірден бас тарту қажет. Бүгінде Қазақстан заңнамасына да тиіс­ті өзгеріс енгізу мәселесі пісіп-жетіл­ген секілді. Өйткені «желілік мар­кетинг принципі» бар компаниялар жұ­мыстарын ашықтан-ашық жарнамалайды.

Қаржы пирамидасын құрушылар өзіне инвестиция тартқан кезде банк секторы­ның қызметіне жүгінбейді. Олар әдетте инвестицияны әртүрлі ақша аударымдарын жасайтын қосымша қызметтердің көмегімен (Мысалы, Advanced Cash) өз­дерінің оффшорлық есепшоттарына жібереді. Ол жақтан капиталдың қалай және қайда жұмсалатыны туралы мәлімет алу мүмкін емес. Оффшорлық есепшотты ашуға рұқсат еткен елдер мәліметтердің бәрін құпия ұстайды.

«Exante» инвестициялық компания­сы­ның Орталық Азия мен Кавказ бо­йынша өкілі Дмитрий Сочин адамның ашкөздігі мен тез баюға деген ұмтылысы «пирамидалар» үшін басты олжа деп санайды. Барлық қазақстандықты бір мезгілде әлемнің ең жақсы оқу орындарында қаржылық сауаттылық курсынан өткізсек те қаржы пирамидалары жойылып кетпейді. Адамдардың «пи­рамидаларға» деген сенімі туралы мәселе тек қаржылық сауаттылық деңгейінде ғана емес, психологиясына да байланысты болатын көрінеді. Қаржы салып, «байып кеткендердің» өмірі туралы бейнероликтер халықтың көзін байлап, тереңдеп ойлануына мүмкіндік бермейді.

Жеңіл жолмен байып кетсем деген әзәзіл арман – адамның жаратылысымен бірге келе жатқан әлсіздігі. Бұған қар­сы тұратын күшті адам өз бойынан таба білуі керек. Сарапшы Д.Сочиннің пікі­рінше, «пирамиданың» бірінші және бас­ты белгісі – үлкен пайдаға кенелесің деген уәде. Алаяқтықтың екінші белгісі – мә­міле объектісінің болмауы. Қағаз жүзін­дегі келісімдер де шала-жансар. «Кей­бір құжаттарда барлық шарт жазыла бер­мейді, сондықтан оларды әрқашан мұқият оқып шығу керек», дейді сарапшы.

Қаржыгер Ілияс Исаев қаржы пирами­дасының «гүлденуіне» халықтың эконо­микалық сауатының тым төмендігі себеп болғанын айтады. Қаржылық пирамида деген түсініктің өзі күн сайын қырық құбылып жатыр. Тіпті цифрланған электронды әмияндарға қаржы салынғаны туралы құжаттық дәлел де жоқ. Құқықтық салада мұндай іс-шараларды жүргізетін интернет алаяқтарын қадағалау өте қиын.

Ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы жиі жазылғанымен, олардың әрекетін кәсіби талдау жағы кемшін. Себебі ақпарат құралдары ғана емес, қаржы сарапшыларының өзі бұл тақырыпты талдап беруге маманданбаған. Қаржы компанияларының ішкі нарыққа әсері туралы экономикалық және мате­ма­тика­лық талдау жасалған жоқ. БАҚ бетіндегі жарияланымдар «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегенге көбірек ұқсап барады. «Бұрын шетелдік қаржы пирамидаларына алданып келген салымшы енді әлеуметтік желілердегі желілік маркетингтік ұйымдардың қақпа­нына түсіп жатыр», дейді І.Исаев.

Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапы­нан нақты шешім шығарылуы тиіс. Дұрысы, қаржы пирамидалары көзбояу­шылыққа жол бермес үшін өзіне қатысты барлық тәуекелді, жасырын пайыздарды ашып беретін «сыйақы мөлшерлемесінің таза көлемін нақты көрсетуі керек» деген бапты қосу керек. «Өзбекстан, Ресей осындай баптарды заңдастырған. Бұл қадамға біз де баруымыз керек. Мұндай жағдайда қаржы пирамидалары заңды тіркелген елдерге сұрау салып, өтемақы талап етуге, қазақстандықтардың мүдде­сін ха­лықаралық деңгейде қорғауға мүм­кін­дік туады. Осыған қол жеткізсек, қар­жы пи­­ра­­мидаларының жұмысын тоқта­туға бір қадам жақындаймыз», дейді сарапшы.

Әлеуметтанушы-ғалым Айсұлу Мол­да­бекова әлеуметтік желі адамның бо­йын­да демонстративті мінез-құлықтың пайда болуына әкелетінін, ал виртуалды өмір – көбіне адамның қиялындағы кейіпкерді айшықтайтынын, яғни оның шынайы бейнесі емес екенін айтады. Тіпті суреттерді өзгертетін эффектілердің өзі адамдарды «кемшіліксіз», «мінсіз» көрсетеді. Жастар жазбаларында көбіне сырт­қы пішінге, сәнге көбірек көңіл бөлін­се, орта жастағылар мазмұнға ек­пін қояды. «Адамдардың профилін зерт­теу арқылы ол туралы әлеуметтік мәлімет­терге қол жеткізуге болады. Мұны жарнама жасаушылар жақсы қолданады. Жеке қауіпсіздік мәселесін де басты назарда ұстау керек. Мысалы, туған жыл, күн, ай, діні, мекен-жайы сияқты мәлі­мет­тер құпия деректерге жатады», дейді А.Молдабекова.

Сарапшы айтқан дәйектерді сарала­сақ, құпия болуы тиіс жеке деректерді адамның өзі әлеуметтік желі арқылы таратып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздік тетіктері жоқ қоғамда бұл өте қауіпті. Сондықтан, адамдар әлеуметтік желіге сақтықпен қарауы тиіс. «Әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі салалық, кәсіби кон­тент жетіспейді. Осы бағытты көбі­рек қолға алу керек. Қазір онлайн-формат болғандықтан әлеуметтік желі мүм­кіндіктерін халықтың интеллектуалдық, шеберлік, кәсіби машықтары мен дағ­ды­ларын дамытатын контенттер жасау­ға қолдану қажет. Себебі желі қолдану­шылары (өз қаражатын жұмсап) тәулігіне кемінде 2-3 сағат уақытын әлеуметтік желіге бөледі. Бұл аудиторияны түрлі дін уағызшылары, кәсіпкерлік, жетістік кілтін «үйретушілер» өз пайдаларына игеріп кетіп жатыр. Әлеуметтік желі әлемдік тренд десек те, шет елдерде дәл біз­дегі­дей халық жаппай әлеуметтік желінің тұтқынына айналмаған. Сондықтан әлеу­­меттік желідегі контентті жақсарту бағы­тында түрлі жобалар қолға алынғаны жөн, дейді А.Молдабекова.

Ресейлік «Depot WPF» қаржылық-сарап­тамалық агенттіктің өкілі Алек­сей Андреев қаржылық пирамида ұйым­дарының басым көпшілігі өте қысқа мер­зімде жұмыс істейтінін, қаржы, ин­вес­­тиция нарығында қандай трендтер пайда болса, олар соның қасынан табылатынын атап өтті. Сырт көзге олардың қайсысының пирамида екенін бірден ажырату қиын. Мысалы, 2018 жылы Мәс­кеу метроларында криптовалюта деп темір жетондар сатылғаны есімізде. Бұл да алаяқтардың ісі. А.Андреевтің ойынша, қаржы ұйымдарының интеграциялануы қазір де жалғасып жатыр. Олардың ізін кесіп, жұмысына тыйым салуға кедергі келтіретін, заңды ұйым ретінде қай елде тіркелгендігін анықтауды қиын­дататын факторлардың бірі де осы.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.