Қоғам

Қаржылық пирамида – қалта қағудың оңай жолы

Өмірден көргенін кейінгі ұрпағына өсиеттеп қалдырған бабаларымыздан қалған нақылдың бірі «Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді. Осыны біле тұра «ешбір жұмыс істемей-ақ байлыққа батырамын» деген құрғақ уәдемен елді арбаған жарнамалар көбейді. Ондайларға тіпті ақыл тоқтатқан жасы үлкендер де еріп жататыны қынжылтады. Оқыған, саналы азаматтардың өзі сондайға еріп, қомақты қаржысын салып, тіпті жарнамасын жаңғыртып жүр. Алайда оңай олжа табамын деп опық жегендердің қатары күн сайын артып келеді. Осындай бір топ азамат жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Хатта «Гарант 24» «Выгодный займ», «Эстет Ломбард» сынды компанияларға ақша салған салымшылар берген қаржыларын қайтара алмай жүргендерін айтқан.

Редакциямызға хабарласқан Тараз қаласының тұрғыны Темірхан Келдібек осындай арбаумен компанияға шақырғандардың әрекетін анықтау үшін жиындарына қатысып, жарнамаларын тыңдап көріпті.
– Негізі ондай жарнамаларға құлақ түрмей­тінмін. Бірақ жақын досым «QNET» деген компанияға кіріп, өзінің айлығын тұтас берумен қатар несие алып, сұраған соманы түгел өткізген. Ақыры сол ақшасына өзі қол жеткізе алмай, енді не істерін білмей, дал болып жүр. Сондықтан бұндайлар ақыл-есі дұрыс адамды қалай алдайтынын, айтқан сөздерінің қай тұсынан сенімсіздік байқауға болатынын білу үшін бардым. Сол жерден көргенімді айтып, жалпақ жұртқа баспасөз беттері арқылы айтқым келді, – дейді басқаларды қатерден сақтағысы келген тараздық тұрғын.
Оның айтуынша, ондай компаниялардың жиынын­да абыройлы, жақсы қызметін тастап келгендер сөйлейді екен.
– Мен қатысқан жиында бір кісі көңілінен шығатын сомадағы жалақысын уақтылы алып отырған әрі шені бар әскери қызметін тастап, осыған келгенін майын тамыза әңгімеледі. Енді бір келіншек мейірбикелік жұмысынан шығып, әжептәуір табысқа ие болыпты-мыс. Енді ол жердегілердің сөзіне сенсең, бір керемет өмір. Шетелге саяхат, қымбат көлік мініп, кең сарайдай үйлі болып, алтынға апталып, күміске күптелесің. Ойладым «бұл неғылған айдала жатқан батпан құйрық?» деп. Ол сұрағыма да жауап таптым. Ұялы телефондарына жүктеп алған бір бағдарламаларын көрсетіп «Сіз 400 немесе 800 мың теңге құйып, құнды қол сағат немесе косметикалық бұйым, шетелге саяхаттауға жолдама аласыз. Содан соң артыңыздан тағы адамдар кіргізіп, солардың құйған қаржысымен ай сайын қомақты жалақы алып отырасыз» дейді. Есі дұрыс адам сенетін нәрсе ме осы? Табыс табу үшін бір нәрсе өндіру керек қой. Ал олар керісінше саған құнды тауар береді екен де, ай сайын қомақты жалақы төлеп отырады, ол ақшалар қайдан келіп жатыр сонда? Ондай сұрақтарына да әйтеуір бір жауап тауып, небір әдемі сөздермен миыңды айналдырып жібереді. Мен өзім ешқандай қаржы құймай-ақ бақыладым. Ақша салғалы жүрген достарыма мұның дұрыс еместігін айттым. Сонда да болмай, салып еді. Ақыры миллиондаған несиесін төлей алмай не жалақысына жете алмай, енді банк қызметкерлерінен қашып жүр. Бір білгенім – оларда дос, туыс деген жоқ. Тек алдау, құрғақ уәдені беріп, саған сенетін жақын-жуығыңды да соған кіргізіп алу. Сенімді түрде айтқан сөздерімен адамдардың ішіне кіріп, оңай олжаға тарту. Кейін ол компаниялардың сенімсіздігіне көз жеткізгеннен соң, шығайын десең де шыға алмайсың. Себебі соншама ақшаңды беріп қойғаннан кейін соңына дейін жүріп, ақшаңды қайтаруды ойлайсың. Соның салдарынан өзіңнің жақын-жуықтарыңды алдайсың. Міне көрдіңіздер ме, алдаудың қандай әдіс-тәсілдерін пайдаланатынын. Басқа ел де менің досым секілді арбалып, барынан айырылып қалмау үшін заң қызметкерлері бар, қаржыгерлер болып, сақтандыру шараларын ел ішінде жүргізсе екен деймін. Жан қинамай қаржыға қарық болуға қызыққан аңқау жұртты көпшілік болып сақтандырсақ екен деген тілек менікі, – деді ашына сөйлеген Темірхан Келдібек.
Рас, бір-бірімізге жанашырлықпен қарап, қауіптің алдын алмасақ, қоғамды ірітеміз. Оның салдары болашағымызға балта шабуға дейін жеткізері анық. Сол себепті де заңгердің кеңесін бергенді жөн көрдік.
– Бүгінгі таңда өкінішке қарай әлемдік қаржы дағдарысы қос өкпеден қысқан сайын халықтың қаржы пирамидаларына ақша салып, тез баюға деген ынта-ықыласы арта түскендей. Бұл қылмыстық ұйымдар ақыр соңында ешкімге ақшасын қайтармайтынын көпшілік жақсы біледі. Бірақ барлығы «пирамиданың» ұшар басынан, алғашқылар қатарынан табылып, шамалы да болса «жеңіл» пайда тауып қалуға жанталасады. Елімізде қаржылық пирамидалар қызметіне қатаң тыйым салынған. Қылмыстық Кодекске 2014 жылы енгізілген түзету бойынша бұл тыйымды бұзғандарға, яғни әлгіндей ұйым құрғандарға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Прокуратура мамандары мен сарап­шы­лар­дың айтуынша, қаржылық пирамидалардың қызметіне халықтың қатысу себептерінің бірі қаржылық-кредиттік заңнама саласында білімінің жеткіліксіздігі, – дейді заңгер Сәбит Өтешов.
Яғни елді арбап, ашық түрде біреудің қалтасына қол сұғатындарға жаза бар. Бірақ қылмыскер жазаланғанмен алданғандар адал ақшасын қайтара ала ма?
– Қазіргі уақытта қаржылық пирамида басшыларына қатысты қылмыстық істер көптеп қозғалуда. Тергеп, тексеру амалдары жүргізіліп, жасалған келісімшарттар саналуда. Алданған салымшылардың қаржысы қашан және қалай қайтарылатыны тергеу жұмыстары аяқталған соң белгілі болады. Есепшотындағы ақша мен тәркіленген дүниенің жалпы құны анықталады. Бұл сомалар салымшылардың салған ақшаларының ширегін қайтаруға да жете ме, жетпей ме, онысы анықталады, – дейді Сәбит Пернебекұлы.
Маманның сөзіне сүйенсек, қаржылық пирамидалар құрылымы жөнінде құзырлы органдар бірігіп, жағдайды бақылауға алып, олардың қызметтерін бұлтартпау үшін шаралар қабылдап жатыр екен.
– Құзырлы органдар азаматтарды сақ болуға және өз қаражаттарын алаяқтарға сеніп тапсырмауға шақырады. Ешқандай лицензиясыз, бос жатқан қаржыны өздерінде орналастыруды ұсынатын ұйымдардың қаржы тартуға құқығы жоқ, олар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі тарапынан бақыланбайды да, реттелмейді де. Сәйкесінше Ұлттық Банк қадағалауынан тыс ұйымдарға қаржы салудың аяғы ақшадан айырылуға әкеп соғады. Осыны әрбір азамат жете түсінсе екен. Еліміздің Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті алаяқтардың арбауына түспеу үшін олардың негізгі белгілерін барша халық білсін деген мақсатпен мыналарды ескертеді. Яғни қаржы пирамидасының басты белгісі – өте үлкен табысты уәде ету. Жоғары табыс туралы уәде өзгелерді тарту үшін бір рет орындалуы мүмкін, бірақ үлкен қаражатты жоғалту тәуекелі тым жоғары. Қаржы пирамидасына әдетте ерікті түрде және ешқандай құқықтық негізсіз кіреді. Демек ешкім салынған қаражатты қайтаруға ешқандай кепіл бермейтінін есте сақтаңыз. Екінші белгі: компанияның нақты экономикалық немесе инвестициялық қызметі жоқ. Пирамидалар тауар, несие, туристік, құрылыс компаниялары атын жамылады. Бірақ шын мәнінде пирамиданың бұрынғы салымшыларына барлық төлем жаңа салымшылардың жарнасы есебінен жүргізіледі. Үшінші белгі: мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни бұл компания қайта құрылған, не қаржылық есептілігі жоқ, не келісімшарт жасамайды, жасалған күннің өзінде, тек ұйымдастырушылардың пайдасына жасалған және қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес келмейді. Төртінші белгісі – компанияның қызметі жан-жақты, тұтастай алғанда нақты бір бағыты жоқ. Бесінші белгі – әлеуметтік желідегі «жабысқақ» жарнама. Қаржы пирамидасы туралы жарнаманы БАҚ-та таратуға заңмен тыйым салынғандықтан, бұл заңсыз бизнес әлеуметтік желі мен мессенджерлерге көшкен. Алтыншы және ең маңызды белгі – қаржылық реттеуші берген лицензиясының болмауы. Егер шарты мен пайыздық мөлшерлемесі көрсетілсе, кез келген жарнаны салым деп атауға болады. Халықтан ақша қабылдау үшін ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясы қажет. Ал бұл лицензия екінші деңгейлі банктерге беріледі. «Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Заңына сәйкес банк халықпен жұмыс істейді және инвестицияның қайтарылуына кепілдік береді. Алайда қаржы пирамидасын құрушылар лицензияның қажеті жоқ деп сендіруге тырысады. Сондықтан Қаржы мониторингі комитеті жоғарыда айтылған белгілер айқын байқалатын, күмәнді ұйымдарға қаржы салмауға шақырады, – дейді заңгер.
Осындайда дана Абайдың «Адам болам десеңіз» деп өрілетін өлең жолдары еске еріксіз оралады.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, – деп Абай еңбексіз мал табуды көздеу өзіңе өзің дұшпандық етумен пара-пар екенін меңзейді. Ал,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме, – деп үлкен жасын, байлығын, мансабын бұлданып айтқандардың ақылға қонымсыз сөзіне ермеуге шақырады.
Күнделікті біз ғаламтор, әлеуметтік желі, адамдар арқылы неше түрлі ақпаратты аламыз. Соның бәрін ақылға салып екшемей, көрінгенге сене берсек, оңбай ұрынарымыз анық. Аңқаулықтың кесірінен өз әмиянын ұрылардың қолына өзі ашып бергендер өкініштен өзегі өртеніп, айла-амал таппай жүр.

Қамар Қарасаева

ПІКІР