Қаржылық тығырыққа тап болғандар назардан тыс қалмайды

0 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде халықтың барлық займдары бойынша негізгі қарыз сомасын төлеуді тоқтата тұру туралы тапсырма бергені белгілі. Президенттің бұл мәлімдемесі тығырыққа тірелген бизнес өкілдерінен бөлек, қара халықтың да құлағын елең еткізгені даусыз. Алайда, көпшілік кімдердің нақты кредиті кешірілетінін білмей, болжаммен күнелтуде. Осыған орай құзырлы мекеме мамандарына хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық.

Негізі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біріншіден, төтенше жағдай кезінде айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге қабылданған тыйымнан басқа, халықтың барлық займдары бойынша негізгі қарыз бен сыйақы сомасын төлеуін тоқтата тұру қажет. Банктерден мен толық түсіністік пен азаматтық ынтымақтастықты күтемін», деді. Және Мемлекет басшысы көптеген азамат жеке қаржылық жағдайының қиындауына байланысты банктік емес ұйымдарға, ломбардтарға, интернет-несие берушілерге, микроқаржы ұйымдарына жүгінуге мәжбүр болып жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Артынша еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар назардан тыс қалмайтындығын айтты. «Жұмысты, кредитті, бизнесті уайымдамаңыздар. Мемлекет ешкімді тастамайды, көмектеседі», деп көпшіліктің көкейіне үміт отын жақты.
Алайда министрлік нақты кімдердің кредиті кешіріліп, уақытша тоқтатылатындығын ашып айтпады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасына хабарласып, мән-жайды білдік. Басқарма басшысы Дәурен Төлепбергенов бұған дейін айтылған ақпараттардың барлығында да нақтылық болмағанын айтып, апта басында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың №167 бұйрығы шығып, енді сол арқылы жұмыстар қолға алынатындығын хабардар етті. Бұл бұйрық талаптарын екінші деңгейлі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, ломбардтар, онлайн-кредиттеу компаниялары, кредиттік серіктестіктер, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заңды тұлғаларды қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар орындауы тиіс.
Тәртіп кредиттік ұйымдар 2020 жылғы 16 наурызға дейін берген барлық банктік қарыздар мен микрокредиттерге қатысты қолданылады. Кредиттік ұйымдар 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде, өтінішті және растайтын құжаттарды талап етпей және банктік қарыз және микрокредит шарттарына қосымша келісімдерге қол қоймай, қарыз алушының келісімімен банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеке тұлғалардың мынадай санаттарына төлемдерді тоқтата тұруды жүзеге асырады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, І және ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары мен толық емес отбасыларына кредитін тоқтата тұру туралы мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыздарға да жеңілдік қаралған. Кредиттік бюролар көрсетілген жеке тұлғалардың тізімдерін кредиттік ұйымдарға жібереді. Кредиттік ұйым қарыз алушыға төлемдерді тоқтата тұру туралы қолжетімді тәсілдерді хабарлайды. Кредиттік ұйымдар мынадай себептер бойынша қаржылық жағдайы нашарлаған жеке тұлғаларға 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұруды жүзеге асырады. Карантиннің енгізілуіне байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз, ақы төленбей еңбек демалысында жүрген, жұмыстан шыққан, еңбек шартын бұзған және өзге еңбек шартын тоқтатқан, жалақысы немесе өзге кірістері төмендетілген немесе төлеу тоқтатылған, егер қызметкер аумағында төтенше жағдай және карантин қолданылатын жерге баруына шектеу қойылуына байланысты жұмыс орнында бола алмаған жағдайда немесе қаржылық жағдайының нашарлауын куәландыратын өзге де себептерде. Кредиттік ұйым көрсетілген жеке тұлғалар бойынша қарыз алушының еркін үлгіде жасалған, төлемдерді тоқтата тұру себебі қамтылған және кредиттік ұйымға кез келген сәтте 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде берілген өтінішінің негізінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін 10 жұмыс күні ішінде қарап, борышкерге қолжетімді тәсілдерді хабарлауы тиіс. Ерекше ескере кетерлігі, қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді. Алайда, кредиттік ұйымда жеке тұлғаның қаржылық жағдайының нашарламағаны туралы ақпарат болған жағдайда, кредиттік ұйым төлемдерді тоқтата тұрудан бас тартуға құқылы.
Кредиттік ұйымдар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді тоқтата тұруды мынадай талаптардың бірі сақталған кезде жүзеге асырады. Тәртіпке қосымшаға сәйкес экономиканың салаларында қызметін жүзеге асыру, қаржылық жағдайы нашарлаған, өткізілген тауарларының қызметтерінің көлемінің төмендегенін, сатып алушылардың ақы төлеу мерзімін кешіктірілуін, тоқтата тұруын, ауыстыруын, қызметкерлердің штат санының қысқаруын растаған кезде немесе төтенше жағдай режимі қолданылған кезеңде басқа объективті себептер болғанда. Көрсетілген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша кредиттік ұйым кез келген сәтте 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде берілген қарыз алушының өтініші және қаржылық жағдайының нашарлауын растайтын құжаттар негізінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Төлемдерді тәртіпте көрсетілген талаптармен тоқтата тұру қарыз алушының кредиттік тарихының нашарлауына және қарыз алушы туралы жағымсыз ақпаратты кредиттік бюроға беруге негіз болып табылмайды. Төлемдерді тоқтата тұру банктік қарыз және микрокредит шарттарына, кепіл шарттарына қосымша келісімдерге қол қоймай негізгі борыш пен сыйақы төлеуді кейінге шегеру арқылы жүзеге асырылады. Қарыз алушы банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдерді тоқтата тұру туралы өтінішті кредиттік ұйымға электрондық поштаның, «банк-клиент» онлайн жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильдік қосымшаның немесе басқа да байланыс құралдарының көмегімен бере алады. Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде кредиттік ұйым осы қарыз алушы бойынша шағым-талап жұмысын және мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы қарыз алушыны хабардар етуді тоқтатады. Банк қарыздары бойынша тәртіпте көрсетілген шарттармен банк төлемдерді тоқтата тұрған жеке тұлғалардың шоттары бойынша төлемдік талапты орындаудан бас тартуға құқылы. Кредиттік ұйымдарға қарыз алушылардан төлемдерді тоқтата тұру және кепіл шарттарын және өзге де байланысты шарттарды тиісінше өзгерту туралы өтініштерді қарағаны үшін комиссиялар және өзге де төлемдер алуға тыйым салынады.
Жалпы жаңа бұйрықтың мәтіні осы. Алайда жеке және заңды тұлғалардың кредитін тоқтата тұруда қайшы тұстар аз емес. Мәселен бұйрықтың бір жерінде борышкер қаржылық жағдайының қиындағанын растайтын банкке құжат көрсетуге міндетті емес деп көрсетілсе, екінші тұсында кредиттік ұйымдар қолдарында тұтынушының қаржылық жағдайы нашарламағаны туралы құжат болса, кредитті тоқтатудан бас тартуға құқылы делінген. Осыған қарағанда бұл бұрықтың да әлі де болса бір қайнауы кем секілді. Десе де, жоғарыда аталған ақпараттан тұрғындардың қай санатына жеңілдіктер қаралатынын нақты білуге болады. Ал қалған мәселемен борышкерлер өз банктеріне жүгініп, толыққанды ақпарат алған жөн секілді. Олай дейтініміз бұған дейін Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен «Kaspi» банкі өз клиенттеріне хабарландыру жариялап қойған болса, енді агенттік төрағасының жаңа бұйрығынан кейін оған толықтырулар мен өзгертулер енгізетіні анық. Және түсінікті тілмен айтатын болсақ, банк алдында берешегі бар адамдарды Үкімет заңды және жеке тұлға ретінде қарауда. Әр санатқа белгіленген талап пен жеңілдік те әрқилы. Алайда, бір анығы бұған дейін айтылған 90 күн емес, нақты 16 наурыз бен 15 маусым аралығында жоғарыда аталған санаттағы азаматтар кредитін тоқтатуға құқылы. Бірақ, ол үшін банктерге онлайн немесе телефон арқылы хабарласып, мән-жайды анықтап алған абзал. Себебі әр кредиттік ұйымға ортақ талап қойылғанымен әрқайсысының ұстанымы әрқалай болып тұр.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.