Қаржының игерілуі 99,9 пайыз болу керек

0 1

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджет қаражатының игерілуі және ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасында жасалған меморандумдағы көрсеткіштердің орындалуы қаралды.

Өңір басшысы алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Биыл әлемді шарпыған пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс енгізгені анық. Дегенмен дер кезінде қабылданған шешімдер арқасында негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілген жоқ.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 11 айдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім қалыптасып келеді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 102,1 пайызды, ауыл шаруашылығында 103,4, құрылыс жұмыстары 149,1, пайдалануға берілген тұрғын үй 104,3 пайызды құрап, бөлшек сауда 98,5, көлік 92,1 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Негізгі капиталға салынған инвестиция 111,1 пайызды құраған. Сондай-ақ басқарма басшысы Мойынқұм, Сарысу, Шу, Тараз қаласында бірқатар көрсеткіштердің орындалмау қаупі бар екенін айтып өтті.
Келесі кезекте облыс бюджетінің 2020 жылдың қаңтар-қараша айларындағы орындалуы туралы облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваның баяндамасы тыңдалды. 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында облыс бюджетінің кірістері 370 миллиард 111,5 миллион теңгеге немесе 102 пайызға орындалған. Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 423 миллиард 461,5 миллион теңгеге немесе 99,4 пайызға игерілген. Дегенмен 2 миллиард 493,3 миллион теңге сомасында қаражат игерілмей қалған. Мәселен Шу ауданында игерілмеген қаражат 2 есеге өсіп, 329,7 миллион теңге игерілмей қалған, денсаулық сақтау басқармасы да 364,4 миллион теңгенің игерілмеуіне жол берген, жұмыстардың уақытылы атқарылмауына байланысты Байзақ ауданында 164,5 миллион теңге және Жамбыл ауданында 114,0 миллион теңге игерілмеген. Сол секілді Тараз қаласында 729,8 миллион теңге игерілмей қалған. Баяндамасын қорытындылаған Роза Исаева қаражатты игеру көрсеткіштері 99,9 пайыздан кем болмайтыны болжанып отырғанын жеткізді.
Мұнан кейін өңір басшысы бюджет қаражатын игермеген аудан әкімдерін, басқарма басшыларын тыңдады.
–Экспорт бойынша облысымыз республика бойынша көш соңында. Міне облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасының жұмысы. Несие ала алмай жүрген кәсіпкерлер қаншама?. Ал басқармада миллиондаған қаржы игерілмеген. Мұны қалай түсінуге болады,–деді Б.Машбекұлы.
Ал аталған басқарма басшысы Аспандияр Сейсебаев жыл соңына дейін тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
–Сарысу ауданы ай сайын төмен көрсеткіш көрсетеді. Тапсырма беріледі. Өкінішке қарай нәтиже жоқ. Тараз қаласында да көрсеткіштер орындалмаған. Ал Мойынқұм ауданында өнеркәсіп саласы мүлдем ұмыт қалған. Байзақ, Жуалы, Меркі аудандарындағы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Жауап бергенде алдарыңызға жан салмайсыздар. Маған сөздеріңіз емес, істеріңіз керек. Негізгі міндет–көрсеткіштеріміз төмен болмауы тиіс. Сол үшін жұмыс жасауымыз керек. Қаржы игерілуі тиіс. Роза Әбдірқызы жылдың аяғына дейін облыс бойынша қаржының игерілуі 99,9 пайыз болу керек,–деді Б. Сапарбаев.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.