Қашықтан оқыту қиындығы

0 34

Сейсенбі күні облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен алқалы басқосуда қашықтықтан оқытуға дайындық мәселесі қаралды. Жалпы қашықтықтан оқыту елімізде алғаш рет енгізіліп отырғандықтан білім беру саласы мамандарының алдында үлкен міндеттер тұр. Қазіргі таңда облысымызда жаңа форматтағы оқыту технологиясына байланысты жан-жақты әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Селекторлық режимде өткен жиында осы мақсаттағы атқарылған шаруалар, туындаған мәселелерді шешу жолдары көтерілді.
Басқосуда алғашқы болып баяндама жасаған облыстағы білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева білім беру ұйымдарында жүргізілген мониторинг қорытындыларына тоқталды. Баяндамадан ұққанымыз, облысымызда қашықтықтан кедергісіз оқуға кедергі келтіретін жайттар баршылық.
Жалпы облыстағы үш жоғары оқу орнында бүгінде 19 210 студент қашықтықтан білім алуда екен. Интернеттің сапасы мен жылдамдығы жоғары деңгейде. Оқу орындарындағы интернеттің секундына 160 мегабит жылдамдығы қашықтан оқытуға толық мүмкіндік береді. Ал, департамент тарапынан ағымдағы жылдың 14-15 наурызында 43 колледжге жүргізілген мониторинг нәтижесін естігенде ондағы ахуалдың бас бармақпен бағалауға мүлдем келмейтініне көз жеткіздік. Колледждердің 75 пайызында пәндер бойынша контенттер жүктелмеген және 84 пайызының интернет жылдамдығы 30 мегабитке жетпейтіндігі анықталған.

Сонымен қатар колледждердегі педагогтар да қашықтықтан оқыту технологиясын толық меңгермеген. Бүгінге дейін 15 колледжде платформада өткізілетін 54 сабаққа бірде-бір студент қатыспаған. Сондай-ақ 28 колледжде платформада өткізілген 133 сабақтың ешқайсысына қажетті контент енгізілмеген. Тақырыпқа сәйкес материалдар және үй тапсырмалары толтырылмаған. Ал, 6 колледжде сабақ кестесіне сәйкес 78 сабақ өткізілмеген екен. Және де 4 колледжде платформадағы 9 сабақ оқу кестесінде көрсетілмесе, 3 колледж платформаның паролін ауыстырып, департамент мамандарының мониторинг жүргізуіне кедергі келтірген. Осы ретте Дәмеш Шайхықызы колледж директорларының жұмысының салғырттығын атап өтіп, міндеттемелердің дұрыс орындалуы керек екенін жеткізді.
– Сәуір айының алтыншы жұлдызынан бастап барлық мектеп қашықтықтан оқыту форматына көшеді. Жалпы облыс бойынша 230 мың 860 оқушы (оның ішінде мектеп жанындағы он бір интернатта 498, кешкі мектептерде 924 оқушы) білім алуда. Қашықтықтан оқытуға байланысты өңіріміздегі ең өзекті мәселе – оқушылардың интернетпен және компьютермен толық қамтамасыз етілмеуі. Білім бөлімдерінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта 1-4 сынып аралығында 65 643, 5-9 сынып аралығында 63 825, 10-11 сыныптар аралығында 9 717, барлығы 139 385 оқушы (60 пайыз) компьютермен қамтамасыз етілмеген. Облыс бойынша 123 мың 540 оқушының (53 пайыз) интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда қашықтықтан оқыту және мемлекеттік білім беру стандартының орындалуы неғайбыл. Сонымен қатар 26 610 педагогтың 7 555-нің (28 пайызы) интернетке қосылу мүмкіндігі болмаса, 3 989 (14 пайызы) педагогта компьютер жоқ. Шыны керек аудандық білім бөлімдерінің өзі қажетті компьютердің санын білмейді. Мәселен Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімі компьютерге қажеттілік бойынша облыс әкімдігінің білім басқармасы мен департаментке екі түрлі мәлімет берген. Өкінішке қарай мұндай жалған ақпараттар Тараз қаласы мен өзге де аудандар берген мәліметтерде кездесіп отыр. Компьютерге қажеттілігі бар мұғалімдердің де саны әртүрлі. Төртінші тоқсанның басталуына санаулы күндер қалуына байланысты аталған мәселені жауапты мекемелер тез арада шешуі қажет, – деген Дәмеш Шайхықызы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға екі ай мерзімге интернетке тегін қосылу мүмкіндігін қарастыру керектігін тілге тиек етті.
Мұнан кейін баяндама жасаған облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова да білім алушылардың бәрінің бірдей қашықтықтан білім алуға мүмкіндігі жоқ екенін жасырмады. Баяндамашы тіпті шалғай аудандар мен ауылдарда интернет жылдамдығы ұсыныстан төмен, кейбір отбасыларда компьютер де, гаджеттер де жоқ екенін, көптеген отбасыларда бірнеше білім алушыға тек бір компьютерден ғана келетінін айтып өтті. Алайда, аталған мәселе де оң шешімін тапқан. Интернет желісі жоқ ауылдың балаларын қашықтықтан оқыту үшін «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы бейнесабақтар өткізілмек. Қазір облыста мемлекеттік стандарт талаптары мен оқу бағдарламасына сай телесабақтардың арнайы түсірілімі жүргізілуде.
– Қашықтықтан оқытуды республика бойынша 3 бағытта ұйымдастыру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Біріншіден, интернет қолжетімсіз ауылдарда «Балапан» арнасында қазақ тілінде және «Еларна» арнасында орыс тілінде онлайн сабақтар арқылы оқытылады. Сабақтарды тарату үшін қажетті эфир уақыты белгіленген. Жалпы шамамен республика бойынша 2 000 бейне сабақ дайындалуда. Екіншіден, «Қазақ радиосы» арналарының радиобайланысы арқылы және «Қазпочта» арқылы байланыс орнату. Үшіншіден, мамандандырылған «kundelik.kz», «Daryn.online», «BilimLand», «eduschool.kz», «opiq» интернет-платформаларын пайдалана отырып қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру. Аталмыш платформаларда онлайн-сабақтар мен бейнесабақтарды көру арқылы оқытуға болады.
Бүгінде облыс мектептерінде жалпы 27 984 компьютер бар. Осы компьютерлерді аз қамтамасыз етілген 16 112 отбасыға қабылдау-беру, сақтау актілері арқылы уақытша пайдалануға беру қажет. Бұл жұмыстар 1 сәуірге дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар қазіргі уақытта 159 145 (69 пайыз) оқушыда компьютер, моноблок, ноутбук жоқ. 92 955 (40,3 пайыз) оқушыда планшет, смартфон жоқ. 71 234 оқушыда компьютер, моноблок, ноутбуктері бар болғанымен, 11 213-нің интернетке қосылу мүмкіндіктері жоқ. Сол секілді 137 424 оқушының планшет, смартфондары бар болғанымен, 10 123-нің интернетке қосылу мүмкіндіктері жоқ. Аз қамтамасыз етілген 21 606 отбасының 16 112-сі (74,5 пайыз) компьютер, моноблокпен қамтамасыз етілмеген. Аз қамтамасыз етілген отбасының 5 494-де компьютер, моноблок, ноутбуктері бар болғанымен, 1 584-нің интернетке қосылу мүмкіндіктері жоқ. Облыс бойынша 125 елді мекенде интернет жоқ. Онда 18 644 оқушы бар.
Облыс бойынша 646,9 миллион теңгеге 3463 компьютер алу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс берілді, – деп қорытындылады Ж. Елеуқызы.
Жиын барысында бейнебайланысқа шыққан аудан әкімдерінің орынбасарлары, колледж директорлары алғашқы кездерде кемшіліктер болғанын, алайда қазіргі уақытта олқылықтардың ретке келтіріліп жатқанын айтып, ақталып бақты.
Ал, жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев артылған жауапты міндетті абыроймен атқару керектігін, бұл тұрғыда босаңсуға болмайтынын ескертті.
– Елімізде қашықтықтан оқыту алғаш рет енгізіліп отырғандықтан түрлі қиындықтар болатыны белгілі. Бірақ, соған қарамастан жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Оқушылар мен студенттер қандай жағдай болмасын білімнен қағылмауы керек. Бұл біздің сыналатын кезіміз. Ұйықтап отыратын уақыт емес.
Көп көрсеткішке көңіл толмайды. Облыс орталығы Тараз қаласындағы білім ошағының өзінде интернет жылдамдығы секундына 1 мегабит екен. Осыдан-ақ аудандардағы ахуалды көз алдымызға елестете берейік. Жалған ақпарат беріп, алдаудың қажеті жоқ. Жұмыс жасау керек. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалы аяқ жетпейтін қиырда отырған жоқ. Неге бармайсыздар? Келісімшарт жасалған. Сол келісімшарт негізінде жұмыс жасалуы керек. Талап етіңіздер. Арқаны кеңге салып, жан-жақтан ақпарат жинап отыра беруге болмайды.
Түсіндіру жұмыстары да өте нашар. Сондықтан да түсінбеушіліктер орын алып жатады. Аудан әкімдері, білім бөлімдері, мектеп директорлары ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жасамаса болмайды. Аудан әкімдері тарапынан бақылау жоқ. Қатаң ескертейін, кемшілік жіберсеңіздер, ешқандай кеңшілік болмайды,– деген Ержан Жұматұлы қаралған мәселе бойынша жиынға қатысып отырған жауапты тұлғалардың әрбіріне нақты тапсырма жүктеп, күн сайын атқарылған жұмыстар бойынша есеп алып отыратынын айтып өтті.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.