Сұхбат

«Қашықтықтан оқыту – білім саласына үлкен сынақ болды»

Written by Aray2005

Жер бетіндегі барлық елді елеңдетіп, адамзат атаулыға қауіп төндірген коронавирус індетінен қорғану мақсатында өткен оқу жылының соңғы үш айы қашықтықтан оқытумен жүргізілген болатын. Еліміздегі барша оқушы, студент атаулы үйінде отырып, мұғаліммен онлайн байланысқа шығып, білім алды. Әрине, түсінбестіктер де туындады, алайда, ізденімпаз ұстаздар тиімді жолын тапты. Бұл жағдай кәсіби білім алған болашақ мамандарға қалай әсер етті? Әсіресе, бітіруші жас мамандар қорытынды емтиханды, дипломдық жұмысты қашықтықтан қалай тапсырды? Көкейтесті сауалдардың жауабын білмек ниетпен өңіріміздегі кәсіби білім беріп, орта буын мамандарын даярлайтын іргелі оқу орыны – Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаевамен сұхбаттастық. Әңгімелесу барысында оқыту процесіндегі мәселелермен қатар, бүгінгі жастардың тәрбиесі төңірегінде де тұшымды пікірлерін тыңдадық.

– Жанар Рымбекқызы, өткен оқу жылы елімізде «айрықша» жыл болып есте қалады десек, артық болмас. Өзіңіз басқаратын колледжде қашықтықтан оқыту қалай жүрді, нендей нәтиже берді?
– Иә, қашықтықтан оқыту еліміздің Білім және ғылым министрінің «Пандемия кезінде білім беру ұйымдарында COVID-19 короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» бұйрығына сәйкес, колледжімізде 127 топта жүргізілді. Негізі колледжде 128 топ болатын, 1 топ, яғни ондағы 22 студентіміз ақпан айында оқуын тәмамдап, «техник құрылысшы» мамандығын алып кеткен болатын.
Бұл процесс ZHAMBYLTIPO облыстық білім беру платформасы арқылы жүзеге асырылды. Қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша білім алушылар, ата-аналар, колледж қызметкерлері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Білім беру платформасы білім беруді сапалы жүргізу үшін теориялық және практикалық сабақтар, қажетті цифрлық контененттермен толық қамтамасыз етілді. Мысалы, бала сабақ барысында түсінбей қалса, сол дәрісті қайта қарауы үшін бейнесабақтар түсіріліп, колледждің YouTube каналына орналастырылды. Студенттеріміз қалаған уақытында өткен сабақтарды сол жерден қайта көріп, түсінбеген тұстарын меңгерулеріне бұл да үлкен мүмкіндік болды.
Сондай-ақ, білім алушылардың сабаққа қатысу мониторингі де қамтылды. Министрліктің 125-бұйрығының негізінде қашықтықтан білім беру технологиясы бойынша білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау және аралық аттестаттау автоматтандырылған тестілеу жүйелері, жазбаша жеке тапсырмаларды тексеру арқылы жүргізілді. Осы тұста айта кеткім келеді, біздің колледжде тест орталығы бар. Ол бастапқыда білімді тәуелсіз бақылау орталығы болып ашылған болатын. Негізінде өзім педагогика ғылымдарының кандидаты ретінде 2000 жылдан бастап «Ақпараттық технологияларды оқу үрдісінде мамандықтар бойынша қалай қолдану керек?» деген тақырыпта ізденіп, 2005 жылы диссертация қорғағанмын. Ғылыми жұмысымның нысанына осындай орталықты алып, өзім қызмет ететін колледжде ашқызған едім. Бастапқыда Тараз қаласының Төле би көшесіндегі корпусымыздан аштық. Тест бағдарламаларын орнатып, кейін оны екі зал етіп кеңейттік. Оған студенттеріміз жылына 30-40 рет кіріп, өз білімдерін компьютер арқылы өздері бақылайды. Әрине, мұғалімдер арасында «Мен сабақты сұрап, тиісті бағасын қойып жүрмін. Неге оны тест орталығында қайта тексертеді?» деген қарсы пікірлер де болды. Бірақ, балалар арасында сауалнама жүргізгенде, жартысынан көбі тест орталығында білімін бақылағанды қалайтындарын жеткізді. Себебі де түсінікті ғой, кей мұғалім бағаны әділ қоймауы мүмкін, ал электронды бақылауда бала ешкімге өкпе арта алмайды, техника барды көрсетеді. Білім алушылардың сұранысына ие болғандықтан да, оң нәтиже көрсеткендіктен ол орталықтың жұмысын жандандырдық, сапалы заманауи компьютерлермен жабдықтап, білікті мамандарды жауапты етіп бекіттік.
Бұған қоса, біздің оқу орнында IT саласының бірқатар мамандарын дайындайтындықтан, материалдық базамыз да жеткілікті. Яғни, бұл бізге төтеннен келген жағдайда жаңаша үрдісті игеріп әкетуге үлкен көмегін тигізді. Алайда, балалардың үйдегі жағдайлары, яғни компьютердің бар-жоғы, ғаламтор желісіне қосылу мүмкіндіктері кедергі туындатты. Біз балалар арасында зерттеу жүргізіп, колледждің 500-дей компьютерінің біразын студенттеріміздің үйіне таратып бердік. Әрине, басты көздегеніміз – студенттеріміздің білім алуына ешбір жағдайдың кедергі тудырмауы, сапалы білім беру.
Негізі қашықтықтан оқыту жөнінде 2015 жылы министрдің шыққан бұйрығы бар еді. Бірақ, оны оқу орындары бәрі бірдей тыңғылықты орындады ма, мәселе сонда. Біз сол кезде-ақ балаларға қашықтықтан сапалы білім берудің тетіктерін қарастырып, бар мүмкіндікті пайдаланып, сол жолды игеруге күш салдық. Бұл төтенше жағдай білім берушілер үшін де төтеннен келген сынақ болды. Кім қаншалықты өзін заманға сай дамытып отырғаны көрінді.
– Ал, бітіруші түлектер соңғы сынақты, дипломдық жұмысты қалай тапсырды?
– Биыл колледжімізді 637 студент бітірді. Оның 22- сі әлгінде айтқанымдай, ақпанда бітіріп кеткен болатын. Ал маусымда 28 топтың 615 білім алушылары қорытынды аттестаттаудан өтті. Оның ішінде 8 топ дипломдық жобаны ZOOM қосымшасы арқылы қорғаса, 20 топ кешенді емтиханды ZHAMBYLTIPO платформасы және ZOOM қосымшасы арқылы автоматты тестілеу жүйесімен тапсырды. «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 5 студент WSK стандарттары негізіндегі демонстрациялық емтихан тапсырды, оларға арнайы Skills паспорты беріледі. Емтихан тапсыру, дипломдық жоба қорғау барысында комиссия мүшелері де онлайн түрінде жүйеге қосылып, бақылап отырды. Олардың ішінде жұмыс берушілер де бар, ол кісілерге айтар алғысым шексіз. Ешқандай кедергі де, жағдайға қарай сынақтарда жеңілдіктер қарастыру да болған жоқ. Бәрі талапқа сай орындалды.
– Ұстаз тек балаға білім берумен ғана шектелмей, тәрбие жұмыстарын да жүргізіп отыратыны белгілі. Мұндай іс-шараларды қалай ұйымдастырып жүрсіздер?
– Рас, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай-ақ, мұғалім тәрбиелік сағаттарды, мәдени іс-шараларды да балалармен бірге өткізіп отыруы тиіс. Қашықтыққа көшкенімен біз балаларымызбен тәрбиелік мәні бар мәдени шараларды тоқтатқан жоқпыз. Биыл артындағы ұрпағына өнегелі өсиеттерін қалдырған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың биылғы 1150, Абай атамызға 175 жылдығы. Осыған орай арнайы жоспар жасалған еді. Біз әл-Фараби бабамыздың өнегесін өскелең ұрпаққа тарату тақырыбын алған болатынбыз. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен, облыстық білім басқармасымен бірлесіп «Әлем өркениетіндегі Фараби феномені» тақырыбында ғылыми практикалық конференция өткіздік. Әрине, онлайн форматында өтті. Оған Шымкент, Алматы, Атырау қалаларының, Ресей, Өзбекстан, Эфиопия елдерінің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, түрлі тақырыпта баяндамалар жасалды. Онда ұрпаққа ұлағатты тәлім беретін ұлы ойшыл бабамыздың мол мұрасы кеңінен сөз болды. Оны бала тәрбиесіне қалай қолдануға болатын тәсілдері айтылды.
Бұдан басқа да жоспарға сай түрлі тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастырдық. Соған белсене қатысқан балаларымыздың еңбегін ерекше атап айтқым келеді. Үйде отырып білім алудың бір пайдасы – студенттердің жан-жақты ізденулеріне уақыттың жеткілікті болғаны дер едім. Уақытында сабақтарына қатысып, тапсырмаларын орындағаннан соң тәрбиелік тақырыптарда челлендждерді жүргізіп, түрлі бейнетүсірілімдер түсіріп, жолдап отырды. Атап айтсам, студенттеріміз Тараз қалалық жастар ресурстық орталығымен бірге «Ізгілік елшісі» еріктілер клубының белсенділерімен Ұлы Отан Соғысының 75 жылдығына орай, «Ардагерлерді ардактайық» акциясына қатысты. ҰОС ардагерлері А.Беляеваның, М.Бесімбаевтың үйіне барып сенбілік жасап, көмек көрсетті. Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай колледж оқытушылары «Соғыс жылдарындағы әндер» флешмобына атсалысты.
Челлендждер 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне, 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Колледж оқытушылары мен студенттері бір мезетте Гимнді орындады. Оқу орнымыздың «Жыр жазамын жүрегімнен» поэзия клубының белсенді студенттері Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін оқып, өзге достарына челлендж жолдады.
Колледжіміздің «Ізгілік елшісі» волонтерлер клубы Жамбыл облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе «Сөзден іске» жобасы аясында, «Біздің аула» акциясына белсене қатысып, Мыңбұлақ мөлтек ауданындағы балалар алаңшаларын ретке келтіру жұмыстарын іске асырды.
Сонымен қатар, осындай қиын сәтте елге жігер беріп, қанаттандыратын, үмітін оятатын «Біз біргеміз» әнін колледж оқытушылары мен студенттері әрқайсысы өз үйлерінен қосылып, орындап, әдемі дүние шықты. Өзіме ерекше әсер етті. Осындай айрықша әсерлі бейнетүсірілімдеріміздің бірқатарын Білім және ғылым министрлігі де өз сайттарына салғанын көріп, еңбегіміздің еш кетпегенін сезіндік.
Біз балаларымызды жазғы демалысқа жібергенде де олардан қол үзбейміз. Жиі байланысып, түрлі тәрбиелік шараларға онлайн түрінде тартып отырамыз. Олардың үйде отырса да спортпен шұғылданып, өнерлерін дамытып, білімдерін жетілдіре берулеріне барынша ұйымдастырушылық көрсетеміз.
–Тәрбие туралы сөз болғанда, қазіргі балалардың өз араларындағы тым қатыгездікке баратын әрекеттері еске түседі. Тіпті, топқа бөлініп төбелесудің соңы қазамен аяқталған оқиғаны да жасыра алмаймыз. Осы тәрбие жұмыстарында неден қателік жіберіп жүрміз?
– Мен алдымен бала үшін ана жауапты дер едім. Ел аузында айтылатын мысал бар ғой, сәбиіне дұрыс тәрбие беру үшін ғұламадан кеңес сұрап барған анаға тәрбие нәресте жатырда жатқан сәттен басталатынын айтатын. Адамның бойына қасиет қалпы да ананың сүтімен дариды. Бала алғаш рет жарық дүниеге көзін ашқанда көретіні – анасы. Сәби ес жиғанша күндіз-түні анасының қасында болады. Анадан жақсы тәлім алған бала ешқашан да жамандыққа бармайды. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Үйдің ұйытқысы да ана емес пе?! Аналар адаспасын! Сондықтан да бізге аналар мектебі керек.
Қазіргі кейбір аналардың жаныңды түңілтетін қылықтарына қынжылам. Дүниеге бала әкеліп, ана атанғандарын міндетсінетіндерді де көріп жүрміз. Өмірге сәби әкеліп, ана атану, өз төсімен емізіп, мейірлену сондай әдемі сезімге, мейірімге бөлейді емес пе? Бала өзіміздің жалғасымыз ғой. Оның нағыз адам болып өсуі алдымен өзіңе қуаныш емес пе?!
Бәлкім, өмірдің қым-қуыт қиындықтары басты адами парызымызды есімізден көлеңкелеген шығар. Дегенмен, балаңызды бір сәтке де назардан тыс қалдыра көрмеңіз. Бала өте аңғал. Әлі толық танымы қалыптаспаған және өте әсершіл болуы да мүмкін. Әлдебір жағдайдан қатты әсерленіп, өз ойынша дұрыс деп тапқанын жасауға құлшына түседі. Себебі, ол оң-солын әлі білмейді ғой. Осыны ұмытпайықшы.
Айтуға ауыз бармайтын қатыгездіктерге барған балалардың аналары қайда болды екен деп ойлаймын. Тіпті, балаңыз достарымен әңгімелесіп отырса да, беймезгіл уақта сыртқа шығып бара жатса да еркелете отырып, жай-жағдайын сұраңыз. Мүмкін, баланың айта алмай жүрген әлдебір сыры бар шығар, тілін тауып, сөйлестіңіз, біліңіз. Адамзат үшін өмірдегі ең асылы да, жақыны да анасы емес пе? Бар мейіріміңізді төксеңіз, баланың жүрегіне сөзсіз жол табасыз. Содан соң ғана әкенің қамқорлығы, балабақша, мектеп, колледж, университеттің берер тәрбиесі, қоршаған ортасының, қоғамының әсері балаға ықпал етеді. Анасынан мейірім-махаббат, дұрыс тәрбие алған балаға қоғамның, көшенің ешбір ықпалы дегенін жүргізе алмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР