"Шамшырақ"

Қашықтықтан оқыту қиындық тудырмайды

Written by Aray2005

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 16 наурыздан басталған төтенше жағдайға байланысты техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен ЖОО-лар қашықтықтан оқыту түріне көшірілді. Бізге бұл ешқандай да қиындық туғызған жоқ. Қашықтықтан оқыту формасын ХХІ ғасырдың білім беру жүйесі деп білемін.

Қашықтықтан оқытудың бір артықшылығы бұл үздіксіз білім алу, компьютерлік сауаттылықтың артуы, ақпараттық мәдениеттің қалыптасуы. Сондай-ақ білім алушының танымдық қызметі дамиды. Одан басқа қашықтықтан оқыту жүйесі әлеуметтік жағдайға (оқушыға, студентке, азаматтар мен әскерилерге, жұмыссыздарға, т.б.) қарамастан және еліміздің кез-келген өңірінде тұрса да адамның білім және ақпарат алу құқығын қамтамасыз етеді. Қазір барлық сабақтар ZOOM, WhatsApp қосымшаларымен, Telegram платформасы және YouTube каналында жүктелген бейнедәрістер арқылы түсінікті әрі қолайлы жүріп жатыр.
Бұл – еліміздің мазасын қашырған коронавирус індетінің алдын-алу және одан сақтану үшін қолға алынған шара. Бүгінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде екі мыңнан астам студент білім алады. Барлық білім алушылармен ғаламтор арқылы байланыс орнатылған. Білім ошағында онлайн түрде сабақ беруден өзге, барлық пәндер бойынша дәрістер WhatsApp мессенджеріне жүктелген. Бұдан бөлек электронды нұсқадағы оқу материалдары да бар, онлайн және оффлайн режимдерін, өзге де барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып нәтижелі білім берілуде. Сонымен қатар топпен WhatsApp арқылы чаттар ашылып, бөлім меңгерушілері мен топ жетекшілері, пән оқытушылары бізбен және ата-аналарымызбен де үздіксіз байланыста отыр. Осындай қиын жағдайда біздің сапалы білім алуымызға барлық жағдайларды жасап отырған колледж әкімшілігіне дән ризамын. Алайда, колледжімізге барып оқып жүретін күндеріміздің маңыздылығын да енді түсінгендейміз. Бірақ, бұл қиын жағдай уақытша деп ойлаймын. Біз қиыншылықтарды бірге еңсереміз! Бәрі де өз қолымызда.

Талшын БАЙТҰРАҚОВА,
Жамбыл политехникалық
жоғары колледжінің студенті

ПІКІР