Қашықтықтан оқытуға ТарМПУ қалай бейімделді?

0 0

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Брифинг барысында Ержан Әмірбекұлы елдегі төтенше жағдай кезінде өзі жетекшілік ететін оқу орнының қашықтықтан оқыту жүйесіне бейімделуі және аз уақытта атқарылған жұмыстар жайында әңгімеледі.

– Наурыздың 16-сынан бастап COVID-19 пандемиясына байланысты Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті толықтай қашықтықтан оқытуға көшті. Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқытуды ұйымдастыру ережелеріне, сондай-ақ академиялық саясат талаптарына сәйкес төтенше жағдай кезінде оқу процесіне бірнеше ұсыныстар енгізілді. Қашықтықтан білім беру технологиялары арқылы студенттер пәндерді fdo.moodle электрондық жүйесі арқылы оқып жатыр. Сонымен қатар Moodle жүйесі аясында Cisco Webex, Google Classroom, Zoom, Microsoft teams, Hangouts секілді бағдарламалардың көмегімен онлайн режимінде оқыту мүмкіндігі жүзеге асырылады. Профессорлық-оқытушылық құрамы қашықтықтан оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты техникалық және әдістемелік жолдарды үнемі қарастыруда.

Жалпы оқу орнында бүгінгі таңда барлығы 7 497 студент білім алады. Төлем бойынша жеңілдіктер алатын, сонымен қатар оқуға ақы төлеуі кейінге қалдырылған студенттер де бар. Техникалық және әдістемелік қолдау үшін университетте сall- орталығы жұмыс істейді. Әр түрлі жағдайларға байланысты үйлеріне бармайтын студенттерге жатақханада тұру үшін талаптарға сай барлық жағдайлар қарастырылған.

« Цифрлы Қазақстан-Цифрлы ТарМПУ» жобасы аясында университетте білім беру үдерісінің студент, жұмыс беруші, түлек, оқушы, мектеп санаты үшін 40-тан астам үдерісті қарастыратын электрондық портфолио әзірленді.

Қиын жағдайда көпке көмек көрсету мақсатында университет Тараз қаласындағы мұқтаж оқушыларға компьютер беру туралы бастама көтерді. Қазіргі уақытқа дейін онлайн оқыту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін оқушыларға 300 компьютер берілді. Бұдан бұрын қала тұрғындарын бетпердемен тегін қамтамасыз ету де қолға алынған болатын. Қашықтықтан оқыту технологиялары жағдайында жоғары оқу орны сабақтарға дайындық шеңберінде оқушыларға, сондай-ақ мектеп мұғалімдеріне әдістемелік қолдау және компьютерлік сауаттылықты арттыру ретінде тегін оқыту жүргізеді, – деді Е.Әмірбекұлы.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.