Қоғам

Кәсіби жауапкершілікті сезіну – ең қастерлі міндет

Мен журналистерді жақсы көремін. Себебі, мен өз мамандығымды сүйемін. Бұл сөзді айту маған аз жауапкершілік жүктемейді. Кейде қорқамын, көп жыл бойы республикалық басы­лым­дарда күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айы­ры­лып, газет тапсырмасын ойдағыдай орындау үшін шап­қы­лаған күндердің босқа кеткен-кетпегеніне мән берген кезде, ақпарат құралдарында өткен жылдарым босқа өтпеді ме екен деп ойланған сәтте.

Азды-көпті абыройым болса, бұл өмірде оны мен «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Жетісу» газет­те­рін­де, сол киелі қара шаңырақтың есігінен абайлап кіріп, аялап шыққан, аға-апалардан үйреніп, өзіңді қам­шылай жүріп, шығармашылық ізденіске аянбай уақыт жұмсаған кезең-кезеңдердің нәтижесі әрі жемісі шығар деп қоямын. Бес жылдан астам уақыт облыстық теле­ар­нада ат­қарған қызметіме де іштей есеп беремін. Мұның бәрі шыңдалу мектебінің өзіндік жолы деп санаймын. Адам бұл өмірде үнемі үйрену үстінде болуы керек. Журналистер қауымы үшін бұл өзгермейтін шарт.

Біздің ұрпақ, біздің журналистика уақыты шынымды айтсам, нағыз бақытты, риза болатын өмірмен ұштас­қан екен.
Оның көп себебін айтпай-ақ қояйын. Біреуін ғана айтсам, ол – жазған дүниеңді, авторлық мақалаңды үңіле оқып, әділетті бағасын беретін оқырмандардың, тұрақты жанашырларының болуы. Жазған дүниең бекерге кетпейді. Бағасын да береді, орынды сын да айтылуы мүмкін.

Қоғамдық пікір туғызатын мақалаларды жүйелі тал­дап, үн қатысу, пікір-ұсыныс айту деген әдемі дәс­түр болатын.
Біз қазіргі журналистика дәл осы ықпалды тәсіл – стильді аздап болса да жоғалтып алған сияқтымыз. Де­ген­мен, қоғамдық пікірді қалыптастыру қозғаушы күш.
Газетте жарияланған мақаланың тақырыбын тауып қою, мазмұндық сипатына көрік-қуат беретін сөзді ойнатып, құбылтып беру ерекше бір ізденіс ретінде қарастырылатын болса, «тақырыпты қатырыпты» деген сөзді жиі ести де алмайсың, себебі, оқырмандармен кері байланыс аңғарыла бермейді. Көтерген мәселені назардан тыс қалдырмай, белгілі бір нәтижеге қол жеткізгенше жүйелі қозғап отыру өте қажет.

Біздің кейбір жас журналистер баспасөз мәслиха­тын өт­кіз­ген, не жиын жасаған мекемелердің өздері дайын­даған бас­пасөз парағында не жазылса, сонда жіберіл­ген қате­лерімен көшіріп алып, жаза салуға да бейім­ділі­гін көрсетті.

Мен әріптестерімді «ARAI» газеті арқылы ой салуға шақырып отырмын. Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып жүріп екі жылдан бері облыстық мәслихат сессиясында көтерілген өзекті мәселелер жөнінде оңды, талдап жазған, өз көзқарасын білдірген татымды мақаланы басылымдардың ешбірінен кездестіре алмадым. Сонда қалай болғаны, мемлекеттік тапсырыс алып отырған жергілікті ақпарат құралдары өз оқырмандарына, депутат сайлаушыларына жарытып ақпарат бере алмаса, тартымды мақала жазбаса, не деуге болады?

Жамбыл – талантты журналистердің мектебі. Сол әдемі тарихи-дәстүрлі мектебінің түлектері арасында шығармашылық бәсекемен бірге әріптестік ынтымақ-бірлік болуы керек.
Қазақ журналистикасының атасы Шераға – Шерхан Мұртаза бастаған аға толқынның үздік өкілдерін біле жүргеніміз жөн. Әулиеата өңірінде сөз қадірін білген серкелер аз болмаған. Біз оларды мақтан еткен кезде үйренетін тұстарын алға қоямыз.

Өз заманында қазақ журналистикасына айшықты қолтаңбасын қалдырған Серік Әбдірайымов, Сейітқазы Досымов, Болат Бодаубай, Арғынбай Бекбосын, Елен Әлімжан, Ерғали Сағатов, қазіргі Талғат Өтегенов, Талғат Сүйінбаев, Мақұлбек Рысдаулет, Көсемәлі Сәттібайұлы сияқты публицист – журналистердің жазған дүниелерімен танысу ізбасарларының жақсыдан үйре­ну жолы болмақ. Бұл мәселеде меніңше, жергілікті уни­вер­си­тет­терде журналист мамандығын оқытатын факультет оқыту­шыларының сабақ жоспарында қам­ты­луы тиіс деп білемін.

Өкінішке қарай, бұл мамандыққа тосын келген кейбір адамдардың арасында не өзі қатырмайды, не өзгенің өнегесінен сабақ алмайтындар төбе көрсете бастады.
Өңірдің ақпарат айнасы – «Аq jol» мен «Знамя труда» газеттерінде, «ARAI» басылымында жас журналистердің жазған әрбір мақаласын оқып отырып, риза болатын кездерім көп. Қоғам үшін орынды мәселе көтеру, жұртты алаңдатқан тақырыптарды иінін қандырып жазу, шұғыл ақпаратты дәлме-дәл беру, өткір сөз айту, әділет пен шындықты қорғау сияқты әрдайым мамандық жауап­кер­шілігінде тұрған биік міндет бар.

Менің әріптестерім ренжімесін, бір-екі жайт бар, өздеріңіз қарасаңыздар, бәрін де аңғарасыздар.
Бұқаралық ақпарат құралдарында ойлы мақа­ла­ларымен көзге түсіп жүрген қандай авторларды біле­міз? Оқырманы көп газет – беделді газет, мықты авторлары көп басылым – беделді басылым.

Қоғамдық құндылықтар мен кісілік парыз жөнінде жиі қалам тербеп жүрген кім? Жамбыл облысының мысалында айтар болсақ, ол – белгілі хирург – ғалым, профессор Сағындық Ордабеков. Адам жанына араша болып жүрген профессор қолы қалт еткенде толғақты мәселені республикалық, облыстық газеттерге жариялап жатады. Оның жалған атаққұмарлық сияқты жарамсыз нәрсенің бетін ашып, жазған дүниелерін – мен жылдың ең үздік мақалаларының бірі деп айтар едім.

Әулиеатаның кешегі тарихын архивтерден жалық­пай, ерінбей зерттеп, ол еңбегіне көк тиын қаламақы алмайтын, аса бейнетқор, бір өзі бірнеше ғылым кан­ди­даты игере алмайтын тақырыптарды тереңдетіп, үздіксіз ізденіспен жазып жүрген Мақұлбек Рысдаулет – ел ағасы жасындағы әріптес ағамыз. Шын мәнінде мінезді әрі нағыз журналистің тап өзі.

Біздің өңірде ақмылтық журналист болуға қабілетті, талапты жастар жетерлік, жас журналистердің сілкініс жасап, қалам қуатын көрсететін кезі осы жаңа, жаң­ғыр­ған заман емес пе?

Ана бір жылдары Шерағаң «Қазіргі журналистикада қыздар көбейіп бара жатқан сияқты» деп әріптестердің көкейінде жүрген бір жайтты ескерген еді. Бұл бүгін­гі уақыт ағымы соншалықты алаңдатпаса да оны мойын­дау­ға тура келеді. Ілгеріде «журналистика қыз­дар­ға соншалықты қолайы кәсіп емес» деген пікір басым болатын. Алайда, қазір журналист қыздар телевизияда, газет-журналдарда да аз емес. Әсіресе, телеарналар да диктор, редактор, продюсер қызметінде ерекше танымал. Телевизияға көркем көрік, әдемі ажар өте-мөте қажет. Ал, негізгі өлшем – біліктілік пен сауат­ты­­лық, биік мәдениет. Сондай-ақ, азаматтық көзқарас пен өзіндік дауыс, өзіндік стиль-әдебі, журналистердің ақыл-ойы басты талап деңгейі болып қала береді. Қолы­на микрофон ұстауға жараса, журналист бола береді деген ой болмауы керек.

Уақыт бұл құбылысқа өзгеріс әкелмей тұрмайды. Жұрт арасында телеэкранда әнші-әртістің бәрі жур­налист болып кеткен сияқты көрінуі мүмкін. Олар­дың арасында қабілеттілері жоқ емес, бар. Алайда, өздерін көрсетуге тырысқан «жылтырақ дүние» иелерін кәсіби журналистер деуге болмайды. Сәнге арналған киім де уағы келгенде сауда сөрелерінен алынып тасталынады…

Білмегеніңді мойындағаның, білуге құмартқаның – бұның өзі нақты қадам.
Әр журналист, әсіресе, жас толқын өкілдері «Осы мен не істедім? Алға қойған жоспарымды орындадым ба? Не тындырдым?» деген сауалға жауапты өзі іздеп жүрсе, жақсы нәтижеге жетпей тұрмайды.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР