Қасиетті Меркі – ел мен жердің көркі!

0 17

Қастерлі, қазыналы қазақ даласының қай түкпірін алсақ та әрқайсысы өз алдына жұмақтың төріндей. Аңызының ақиқатқа, тарихының тамыры тағылымға толы осындай әулиелі мекеннің бірі – Меркі жері.

Шу аңғарында жатқан өңірдің кішкентай көшірмесі іспетті аудан аумағында айбынды Алатаудың Мүйіздіқара, Қараауыз, Құмбел, Қасқасу, Үңгірлі, Сандықтас, Шайсандық, Молалы таулары мен сол заңғарлардың қол жетпес қарлы шыңдарында ғасырлар бойы жатқан мұзарттардан бастау алған асау өзендер аймақтың барлық табиғатын қалыптастырып тұрғандай. Иісі мұрынды жаратын сарымсағы, жуасы, жерсабыны, рауғашы мен доланасы, қарақатына адам түгіл, аң мен құс та жерік. Көкмайсасы көңіл тойдырып, көз суаратын ғажайып мекеннің сұлулығын сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Оны тек көзбен көру керек. Мұндағы теңіз деңгейінен үш мың метр биіктіктегі Қарақыстақ жазығындағы ел арасында «Көккөл» аталып кеткен Әулиекөлдің сыры жергілікті жұртқа күні бүгінге дейін жұмбақ, ал туристерге тылсым әрі таңсық. Аспан мен жер астасып кеткен бұл сұлулық мекені жайында аңыздар да аз емес. Түбі жоқ түпсіз құпиялы көл талай ғалымның зерттеу нысанына айналғанымен, алайда еш нәтиже шықпаған. Сыртқа сұлулығын төксе, сырын ішке бүккен Әулиекөлде кейбіреулер әлі күнге айдаһар мекендейді десе, енді бірі осы маңнан ақырған бураны көргендерін айтады. Айдынға ешқандай ағын су немесе өзен келіп құймайды және ағып шықпайды. Десе де судың деңгейі қысы-жазы бір қалыпта. Алыс-жақын шетелдіктердің де мұнда жиі аңсары ауатыны сондықтан болса керек. Осы ретте күні кеше аудандағы туризм саласын ілгерілету мақсатында ел аумағы бойынша туристік бағытта тұрақты түрде джип сафари ұйымдастырып жүрген «Naiza.travel» компаниясы алыстан менмұндалаған Меркі тауларына арнайы ат басын бұрды. Жиырмадан астам турист пен 7 жол талғамайтын темір тұлпар ауданның табиғи таңғажайыптарын аралап, қайталанбас сұлу көріністерге қанықты. «Naiza.travel» компаниясының иесі Ринат Абдыкадыров алдағы уақытта туристердің сұранысы бойынша ауданға арнайы маршрут жасалатынын жеткізіп отыр. Ал алдағы маусымда тау басындағы балбал тастарға экспедиция ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Табиғат аясындағы танымдық сапарға әріптесіміз, белгілі фотограф Алтынбек Қартабай қатысып, сөз жетпес сұлулықты өз шеберлігімен суреттеп қайтты. Ендеше, мархабат!

Н.ҚАДІРӘЛІ,
Меркі ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.