Мәдениет

Қасиетті өнердің қос қанаты

Өмір мен өнер айдынында қатар жүзген белгілі театр және кино актерлері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жұмахан Әбдіқадіров 65, ал оның жұбайы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлшат Қыпшақова 60 жасқа толды. Айтулы мерейтойға орай облыстық қазақ драма театрында «Өмір – өнер дастаны» атты шығармашылық кеш өтті.

Бірі – театр, бірі кино саласында салмақты із қалдырған өнердің қос тарланы киелі сахнаға қырық жылдан астам уақытын арнаған екен. Жұмахан Әбдіқадіров 1976 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын, ал, Гүлшат Қыпшақова 1979 жылы Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының драма және кино актрисасы бөлімін бітіріп, еңбек жолдарын қара шаңырақ – облыстық қазақ драма театрынан бастаған. Халықтың құрметіне бөленген мәдениет майталмандарының тағдырын тоғыстырған – театр болды.
Шараның шымылдығын сахнадағы LED-экран арқылы көрсетілген «Айша бибі мен Қарахан» көрінісі түрді. Бейнебаян аяқталған сәтте «Ақкербез» би тобы «Шашу» биін орындады. Артынша, жұрт бірін Батыр Баян, бірін Айша бибі бейнесінде танитын Жұмахан Әбдіқадыров пен Гүлшат Қыпшақованы қазақы батырлардың болмысындағы жас актерлер ерекше құрметпен сахнаға алып шықты.
Айтулы кеште алдымен жазушы-драматург Елен Әлімжан мерейтой иелеріне құттықтау лебізін білдірді. Одан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз алып, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің Құрмет грамотасын табыс етті. Одан кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина басқарма басшысының, ал облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Нүркен Қасымова кеңес төрағасының құттықтау хаттарын жеткізді. Шығармашылық кешті елімізге танымал театр жұлдыздары Кенен Ақүрпеков және Анар Сағымбекова жүргізді.
Жүргізушілер мерейтой иелерін құттықтауға алыстан ат арытып келген елімізге белгілі өнер тарландарын сахна төріне шақырды. Олардың арасында «Батыр Баян», «Махамбет», «Жерұйық» секілді белгілі кинофильмдердің қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тәуекел Сламбек, «Партизан Қасым Қайсенов», «Аралды жоқтау», «Высокое небо Талғат Бигелдинов» фильмдерінің режиссері әрі операторы Сағатбек Салықұлы және бірнеше кинофильмдерде бірге ойнаған ізбасар інілерінің атынан танымал актер Алдаберген Шалбаев, сонымен қатар, қуаныш иелерінің курстас достары мен ауылдастары да жүрекжарды лебіздерін арнап, сый-сияпаттарын тарту етті. Шығармашылық кеште Гүлшат Қыпшақоваға арналып жазылған ақын Серік Томановтың «Аузынан айдың түскен қызы» шырқалып, «Домалақ ана» спектакьлінен үзіндіні кеш иесінің өзі сомдады.
Шырайлы шараны облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов түйіндеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері өз сөзінде мерейтой иелерінің театрға сіңірген орасан еңбектерін ерекше толғаныспен жеткізіп, өздерінен тәлім алған сан шәкірттері оларды үлгі тұтатынын тілге тиек етті.
Қазақ кино әлемінде Жұмахан Әбдіқадыров жасаған Батыр Баянның бейнесі актер есімін шартарапқа мәлім еткені даусыз. Ол «Көшпенділер», «Кек», «Сұрапыл Сұржекей», «Жамбылдың жастық шағы» сияқты фильмдерде шыққан сәтті образдары мен еткен еңбегі үшін «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты атанды. Ал, Гүлшат Нүсіпжанқызы «Ең үздік әйел бейнесі», жылдың «Ең үздік актриссасы» сынды атақтардан бөлек Қазақстан театр қайраткерлері Одағының «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының лауреаты болды. Шығармашылық кештің соңында өнер иелері келген қонақтар мен Жамбыл жұртшылығына алғысын білдірді.

Елдар БОРАНБЕК

ПІКІР