Кәсіпкер бір сәт руханиятты ойласа

0 3

Ұлт тарихы тамырына байланған талайғы Тараз шаһары кейінгі жылдары сұңқардай сыланып, тотықұстай таранып, түлеп, түрленіп сала берді. Қаланың көздің жауын алатын тұмса табиғаты, қатпар-қатпар шежіресі мен тарихы, атқан таңдай ашылған ажары шетелдік туристердің көптеп келуіне үлкен ықпалын тигізуде. «Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі» Таразды көруге еліміздің өзге өңірлерінен де келетін қонақтар қанша ма?! …

Қателеспесек, өткен жылдың жазында Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында серуендеп жүрген бір топ батысқазақстандық азаматпен таныстық. «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» емес пе? Алғаш рет келіп тұрғандықтан жаңылыспайық деп жөн сұраған қонақтармен ә дегеннен әңгімеміз жарасым тапты. Аз уақытта-ақ тіл шешіліп, әңгіменің өрісі кеңейіп, бұрыннан таныс адамдарша шүйіркелесіп кеттік. Біз көбіне тек тыңдаушымыз. Сонда Тараздан алған әсерлерімен бөліскен қонақтар жасыл желек жамылған қаланың тазалығы мен сұлулығы, тарихи-мәдени ескерткіштерге бай екендігі және тойхана, мейрамханалардың, ойын-сауық орындарының, моншалардың көптігі таңғалдырғанын айтып еді.
Еліміздің өзге өңірлеріндегі жағдайды білмедік, білетініміз шынымен-ақ Таразда қазір тойхана салу табысты бизнес болып тұр. Тіпті монша салу бәсекеге айналды дерсіз. Кез келген қала көшесіне түссеңіз, сән-салтанаты жарасқан кемі бірнеше тойхана, кафе, монша, түрлі ойын-сауық орындарына кезігесіз. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, облыс бойынша 312 мейрамхана болса, бір ғана Тараз қаласының өзінде екі жүзге жуық мейрамхана, кафе бар көрінеді. Халыққа, әсіресе жастарға қызмет көрсететін түрлі ойын-сауық орындарының көбеюі қылмыс деңгейінің өсуіне әкеліп соқтыратынын дәлелдеп жатудың өзі артық шығар. Қызық қуып, кафе жағалап жүріп, қаншама жастың тағдыры талқандалғанын бір Құдай білсін!..
Байдың асын қызғанатын біз емес. Бірақ, мемлекеттің қолдауының арқасында табыс тайқазанын тасытып отырған кәсіпкерлер «пайда ойламай, арды ойлап», елдің болашағы үшін де игі іс жасаса деген ниет біздікі. Осы уақытқа дейін Жамбылда ғана емес, Қазақстанда бір кәсіпкердің театр, музей тіпті кітапхана немесе өзге де өнер ошағын салғанын естідіңіз бе?! Естіген де, көрген де емеспіз. Тойхана салып жарысқан қазақ руханиятқа, өнерге ақша салуда неге дәл солай жарыспайды. Халқын сөз жүзінде ғана емес, бар болмысымен жақсы көрген, елінінің болашағына ет жүрегі езіліп алаңдайтын жан қалтаның ғана қамын ойламай, келер ұрпаққа азық болар қайырлы іс жасаса керек-ті. Әрине кәсіпкерлер үшін өнер ошағын салғаннан тойхана салған әлдеқайда тиімді шығар. Сұраныс та жоғары. Бірақ, тойхана мейрамханаға емес, «Өнерге салған ақша өлмейді» емес пе?
Қандай еңбектен оқығанымыз, кім айтқаны есімізде жоқ, бірақ қойын дәптерге «Мәдениет, тіл мен дін жарлықпен биіктемейді, өшіп те кетпейді. Олардың өркендеуі адамдардың санасындағы өзгеріске байланысты» деген ойды түртіп қойған екенбіз. Рас сана жаңғырмай, қоғам мен адам түзелмейді. Өз алдымызға дербес мемлекет құрып, егемендік алғанымызға отыз жылға жуықтады. Неге өзгермейміз?! Масылдық психолиядан арылатын кез жетті емес пе? Әлде ұлттың рухын көтеріп, мәдениетін мәуелету тек мемлекеттің міндеті ме?! Санамыз өзгермесе де сөзіміз өзгерді. Ел алдында мүсіндей мінсіз көрініп, әдемі сөйлеуді жақсы меңгердік. Ал ісіміз басқа. Сөзіміз бен ісіміздің арасы Ащыкөл мен Тұщыкөлдің арасындай алшақ. Тек мінбеде ғана ұлттың патриоты, жанашыры болып көрініп кімді алдаймыз?..

Қайбір жылы жастармен өткен бір кездесуде елге белгілі жергілікті кәсіпкер көсіле сөйледі. Халықты, тілді, Отанды сүюге, елге қалтқысыз қызмет етуге үндеген кәсіпкер сөзінің соңында жиынға қатысып отырған жастардың намысын қамшылап, жігерін жанып, Мағжан Жұмабаевтың отты жырын оқыды. Әсерлі шықса керек, залда тебіренбеген, толқымаған жан қалмады. Жастардың үлкен қошеметінен орнына жайғасқан ағамызға біршама уақыттан кейін қарасақ қолын жағына сүйеген күйі қалғып кетіпті. Даңғаза музыка шыбын шаққан құрлы әсер етер емес.
Өкінішке қарай көбіміз өз ісімізге келгенде құстай сергекпіз, ал ұлттық, елдік мәселеге келгенде ұйқылы-ояумыз. Ояу болып көрінгіміз келгенімен, қалғып кете береміз. Қашан оянар екенбіз?!.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.